Алматы облысы бұған дейін жұқпалы індеттің таралу қаупі жөнінен «сары аймақ» санатына кірген еді. Ал бүгіннен бастап өңірдегі эпидемиялық ахуал оңалып, ел ішіндегі тыныс-тіршілік «жасыл аймақ» деңгейіне қайта оралды, деп хабарлайды Egemen.kz
Жалпы, пандемия басталған кезеңнен бері облыста коронавирус жұқтырған тұрғын саны 8 861 науқасқа дейін жеткен. Кейінгі кезеңде індеттің таралу қарқыны екпіндеп, жұғу көрсеткіші 1,0 пайызды құрады. Індеттің таралу соңғы тәулікте Текелі мен Талдықорған қалаларында жиі байқалған екен. Яғни, өткен бір аптаның есебі бойынша Жетісудағы жұқпалы індетке шалдыққан науқас саны 1430 адамға дейін жетіп, тәулігіне 71 науқас анықталған болатын. Алайда, өңірдің эпидемиологтары жағдай қалыпты деңгейге түсті деген пікірде.
– Инфекциялық сырқатқа шалдығушылар әлі де азайған жоқ. Бірақ, індеттің таралуы бәсеңдеді. Сондықтан облыстағы ахуал «сары аймақтан» өтіп, «жасыл аймаққа» тұрақтады. Яғни, аймақтағы алдын алу мен күрес шарасы өз нәтижесін берді деуге болады. Әрі облыс дәрігерлері вирусты инфекцияны емдеу бойынша жоғары деңгейде кәсібилік көрсетіп отыр. Оның дәлелі ретінде бір тәулікте 104 науқастың дертінен айыққанын айта аламыз, – дейді Алматы облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Шарапиев.
Ал облыстың медицина мекемелері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр екен. Барлық ауруханалардағы төсек саны 1138 орыннан 1300 орынға дейін көбейтілген. Оның ішінде жедел көмекті қажет ететін науқастарға арналған жансақтау бөлімдерінедегі орын саны 124 төсектен 135 төсекке дейін артқан. Қазір дәргерлердің жалпы жұмыс жүктемесі 40 пайыз шамасында көрінеді.
Әрине, аймақта індетпен күреске қмақты қаржы бөлініп отыр. Коронавирустің алғашқы кезеңіндегі іс-шаралар үшін облыс бюджетінен 13,8 млрд теңге қаржы бөлінген болатын. Бұл қаржының бір бөлігі, анығында 8,8 млрд теңгесі індеттің екінші толқынына жұмсалуда. Өңір бойынша жұқпалы ифекциямен күрес жұмысына жіті көңіл бөлінгендіктен, қазір емханалар мен ауруханалардың дайынды жоғары деңгейге жетті. Дерек бойынша қазір медициналық ұйымдарда 17 компьютерлік томограф, 53 рентген аппараты, 534 өкпені жасанды желдету қондырғысы жұмыс істейді. Оның ішінде балалардың денсаулығына қажетті 70 аппарт және ересектер адамдар қолдануға арналған 464 қондырғы орнатылған.
– Облыстағы 17 аудандық аурухана оттегі станцияларымен қамтамасыз етілді.. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 818,2 млнтеңге бөлінді. Сондай-ақ, оттегі концентраттарының саны 1350 данаға жетті. Тапсырмаға сәйкес ашылған 26 реанимациялық бөлімше де қажетті құралдармен жабдықталды. Жалпы, облыс бойынша медициналық жабдықпен қамтамасыз ету 79 пайыздан 89 пайызға дейін артты. Денсаулық күзеті үшін 180 «жедел жәрдем» көлігі, сондай-ақ, 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Бүгінде жедел көмек көрсеттін бригадалар саны 205 топқа дейін көбейді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансеңгіров.
Айтпақшы, облыста індет белгісін анықтайтын 10 зертхана жұмыс істейді, онда тәулігіне 6,3 мыңға дейін зертханалық зерттеу жүргізіледі екен. Сондай-ақ, тұрғындардың денсаулығын қорғау күзетінде 3 455 медицина қызметкері, оның ішінде 851 дәрігер жұмылдырыып отыр. Сондай-ақ, облыс ауруханаларында жеке қорғану құралдары мен дәрілік заттардың екі айлық қоры бар. Мұнан бөлек, әлеуметтік жағынан қорғалмаған адамдар үшін жергілікті бюджет есебінен 92,1 млн теңгеге вирусқа қарсы препараттар сатып алыныпты.