• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қаңтар, 2021

Қызылордада жеңіл өнеркәсіп бағытындағы шағын индустриалды аймақ құру жоспарланып отыр

419 рет
көрсетілді

Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов хабарлады, деп хабарлайды Egemen.kz

Палата басшысы шағын және орта бизнес қызметіне жасалған талдау, сондай-ақ кәсіпкерлермен өткізілген кездесулер барысында аймақта шағын индустриялық аймақтарға деген сұраныстың жоғары екендігі анықталғанын айтады.

Мұндай индустриалды аймақтар «Атамекеннің» бастамасымен Түркістан, Алматы, Ақмола, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласында құрылып, жұмыстарын бастап кеткен.

«Жүргізілген зерттеулер жергілікті тауарөндірушілердің арасында шағын индустриалды аймақ құруға болатын 3 әлеуетті саланы анықтады. Бұл ішкі нарықта сұранысқа ие тоқыма, тамақ өнімдері мен жиһаз өндірісі. Өнімнің осы түрлерін өндіруге қатысатын біздің өңіріміздегі кәсіпкерлер жеткілікті тәжірибе жинақтады. Алғашқы уақытта шағын индустриалды аймақты тігін өндірісі бойынша құруға болады. Қазір облыста 56 тігін цехы жұмыс жасауда», дейді палата директоры.

Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, шағын индустриалды аймақ құру арқылы жаңадан жұмыс орындарын көптеп ашуға болады.

«Бұл ұсынысымызды қала әкімдігі қолдап отыр. Қала басшылығымен бірге облыс орталығындағы бос ғимараттарды аралап көрдік. Қазір әкімдік өкілдері аталмыш нысандарды индустриалды аймаққа айналдыру үшін қажетті қаржы көлемін есептеуде. Жақын күндері облыстық бюджеттік комиссияға ұсыныс беретін болады», деді кәсіпкерлер палатасының басшысы.