Аумағы артқан сайын құрылысы да қарқын алған Алматының бүгінгі сәулеті қандай? Қарт шаһардың өткенінен сыр шертетін тарихи нысандар замана сыпатына сай сән түзеген зәулім ғимараттардың тасасында қалып бара жатқан жоқ па? Былтыр Алматыны дамыту бағытында келелі кеңес өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала билігіне шаһардың тарихи келбетін сақтау «бармақ басты, көз қысты» қарайтын мәселе емес екенін шегелеп тапсырған болатын.
Әсте, қаланың тарихи келбетін сақтау ескіге жабысып, жаңаны жолатпау деген ұғым емес. Жылдар жылжып, уақыт сырғыған сайын заманға сай жаңа ғимараттардың бой көтеруі заңды. Мәселе, сол нысандарға ортақ бірізділік қалыптастыру, әрі қаланың өзіне тән ерекшелігін жоғалтпау. Алматы жасыл желек құшағында, әсем таулардың баурайында орналасуымен ерек. Яғни біз айтып отырған қос игілік қаланың басты артықшылығы болып қала беруге тиіс еді... Тиіс еді дегенді тегін айтып отырғанымыз жоқ. Өйткені бұл қағида бүгінгі күні қаншалықты сақталып отыр деген сауал туындайды. Қоғам белсендісі Асхат Асылбековтің пікірінше, миллиондар тоғысқан мегаполис дәл осы тұрғыдан келгенде ақсап тұр. Ендеше, тақырыпты маман сөзімен тарқатып көрейік.
– Соңғы 20 жылда тау баурайындағы аңызға айналған алма ағаштары түп-тамырымен жойылып, төбелердің басына дейін үйлер салынды. Мұның екі себебі бар. Біріншісі, халық санының өсуі, екіншісі – тау алқаптарындағы көрікті жерлердің жаппай сатылуы. Бір қателік бірнеше қиындықтың қақпасын ашып берді. Бұл өз кезегінде қала экологиясын есеңгіретті, аймақтың сейсмикалық қауіпті аумақта орналасуы мүлдем ескерілмейтін болды. Бұл жеңіл қарайтын жағдай емес. Қазір қала ішінде кішкентай бос орын пайда бола қалса бірден алып тұрғын үй бой көтереді. Мұның салдары қаланың тығыздығын арттырып, тұрғындардың жайлы өміріне қолайсыздық тудырып отыр. Дегенмен бұл жайтты жан-жақты қарастырған жөн. Басты қынжылтатын жайт, жаппай салынып жатқан құрылыс нысандарында жалпы қалаға ортақ эстетикалық талғам қалыптаспауы. Мәселен, Анкара мен Ыстанбұлға барсаңыз әуежайдан бастап сол елдің рухы сезіледі. Яғни құрылыс нысандары ұлттық ерекшеліктерге бейімделіп жасалған. Айталық, үй шатырларының түсі біркелкі. Көлік жолдарының өзі табиғи ерекшеліктер ескеріле отырып жасалған, ұқсата білу, табиғаттың өз әдемілігін бүгінгі күнмен тиімді үйлестіру деген дүниені байқайсыз. Бізге осы нәрсе жетпейді, қала ішінде биік төбе болса соны күреп тастап, әйнек ғимарат салғанды жақсы көреміз. Сонда табиғи ерекшелік, ұлттық бренд қайда қалады, – дейді А.Асылбеков.
Маман мұны реттеудің бір ғана жолы қала билігі құрылыс жүйесін қатаң қадағалап, кеткен кемшіліктердің орнын толтыруы керек дегенді айтады. Бұл үшін ортақ стандарт қалыптастырып, құрылысшылар мен кәсіпкерлерге жоғары талап қою қажет. Есте болса, Алматыны бірыңғай дизайн код бойынша көріктендіріп, сәулетін біркелкілендіру жұмысы бірер жыл бұрын басталған болатын. Қаланың сәулетін айқындайтын дизайн кодта тұрғын үйлердің қасбеті қандай түспен боялуы керектігі, балкондардың біркелкі жабдықталуы, тіпті жарнама сөрелерінің орналасуына дейін құжатқа енгізілген. Ал нәтиже қандай? Осы сауалға жауап іздеген тағы бір сарапшының ойы төмендегідей.
– Мені алаңдататын ахуал – Алматының эстетикалық келбеті. Өйткені ғимараттардың бірі қызыл болса, енді біреуі жасыл. Мекемелердің түр-түсі де әркелкі. Қарасаңыз, ортақ үйлесім таба алмайсыз. Осы орайда қаланың архитектурасына, құрылысына ортақ стандарт қажет-ақ. Нысандарда өзара үйлесім мен байланыс болса дейсің. Себебі бұл – үлкен мәдениеттің белгісі. Мәселен, Еуропаның кез келген мемлекетіне бара қалсаңыз, ғимараттардың эстетикалық талғамы есіңізді алады. Бәрі біркелкі. Ортақ стандарт бірден көзге ұрады. Бізге де осы қажет, – дейді академик Ораз Баймұратов.
Соңғы жылдардың шеңберінде қаладағы саябақтар мен жол жиектерінде ұлттық нақышта көмкерілген түрлі муралдар пайда бола бастады. Сапа мен талғам біріне-бірі сай болса, ғимараттардың сырт келбеттері этностық нақыштармен өрнектелсе деген пікірлер ауық-ауық айтылып жүр. Жер сілкіну қаупі жоғары өңірдегі тұрғын үйлер мен ғимараттардың тиісті нормаға сай салынуы өз алдына бөлек әңгіме.
Қалай дегенде де сең қозғалды. Алматы билігі былтырдан бері құрылыс сапасына тереңірек көңіл бөле бастағандай. Әсіресе шаһардың тарихи орталығын қалпында сақтап қалуға мән беріліп отыр. Жүйелі шешім қабылдау, жұртшылықты аумақтарда құрылыс салуды талқылауға тарту, сондай-ақ бизнесті қолдау үшін теңдестірілген шешімдер қабылдау мақсатында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жауапты басқармаға туындаған мәселелерді оңтайлы шешу үшін қала құрылысын реттейтін жаңа ережелер әзірлеуді тапсырған болатын.
Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджановтың айтуынша, бұдан былай әрбір алматылық қаланың қоғамдық кеңістігін өзгерту бойынша өз идеясын ұсына алады. Қала тұрғындарының барлық ұсыныстары эскиздерді әзірлеу кезінде қаралып, ескерілмек.
Жуырда қала әкімінің төрағалығымен құрылыс компанияларының және кәсіби қауымдастықтың өкілдері бас қосқан кеңесте тұрғын үй құрылысы саласында құрылыс мерзімін сақтау және жұмыс сапасын арттыру мәселелері жан-жақты талқыланып, аталған мәселенің тамырына қан жүгірді.
Бүгінгі таңда Алматыда 779 құрылыс нысаны болса, оның 533-і коммерциялық объект. Аталған құрылыс жұмыстарын барлығы 323 құрылыс компаниясы мен 135 техникалық қадағалау ұйымы жүзеге асырып отыр. Арнайы жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша 2020 жылы құрылыс компанияларының 80%-ы өз ісіне салғырт қарағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Атап айтқанда 154 компания әртүрлі санаттағы құрылыс лицензияларынан айырылса, 69 мекеменің лицензиясы алты ай мерзімге тоқтатылды. Құрылыс нормаларын бұзғаны үшін жыл ішінде салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 220,3 млн теңгені құраған. Оның ішінде жеке тұлғаларға – 124 млн теңге, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне 272 млн теңге айыппұл салыныпты.
Негізгі олқылықтар – жобалық шешімдерден ауытқу және құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында тиісті талаптарды сақтамау. Бұл ретте құрылыс өндірісін жеткіліксіз ұйымдастыру, бетон жұмыстары технологиясын және қайта толтыру технологиясын бұзу, көлік жолын қалпына келтірмеу, қауіпсіздік шараларын сақтамау, кіру және операциялық бақылаудың болмауы, жұмыс кестесінен кеш қалу сияқты фактілерді алға тартуға болады.
«Тарихи құрылыс аумақтарын сақтау мақсатында қала құрылысын реттеу аймақтарын белгілей отырып, қаланы дамытуға қойылатын құрылыс талаптарын бекітуді жүзеге асырамыз. Кез келген тарихи маңызы бар деп танылған нысан аумағындағы құрылыс қоғамдық талқылаудан кейін ғана жүзеге асады. Тұрғындарды, қоғам өкілдерін, сарапшыларды тарта отырып, жария қоғамдық талқылаулар өткізу жөніндегі тетіктер әзірленді. Сонымен бірге қала құрылысын реттеу аймақтарында құрылыс салу тығыздығын және ғимараттардың биіктігін айқындауға, аэрациялық режімді, жасыл екпелерді, қалалық ортаның жайлылығын жақсартуға қойылатын талаптарды күшейту, тарихи келбетті сақтау үшін ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттеріне қойылатын шарттар қала билігінің жіті назарында. Сонымен бірге құрылыс жүргізушілердің сенімді рейтингін құру, тұрғын үй құрылысы саласында тәжірибесі жоқ компаниялардың қызметіне шектеу қою көзделіп отыр. Бұдан өзге, тапсырыс берушіге тыйым салу және бекітілген жұмыс жобасына құрылыс материалына қатысты авторлық қадағалаудың өзгерістер енгізуі үшін тиісті тетіктерді қолдану мүмкіндігі қарастырылуда. Техникалық қадағалау есебінің түрін өзгерту де маңызды шара. Мұнда орындалған жұмыстардың кестесі және оған қанша адамның тартылғаны көрініс табуы тиіс. Қазіргі уақытта тарихи орталық шегінде жүргізілген талдау және тұрғындардың өтініштері бойынша жекеменшікте болған 36 жер учаскесі анықталды. Өткен жылдың 28 желтоқсанынан бастап басқарма және «Алматы бас жоспары» ҒЗИ» ЖШС мамандары қаланың Бас жоспарын түзету бойынша жұмыс топтарымен тұрақты офлайн және онлайн консультациялар өткізуде», дейді А.Ахмеджанов.
Туризм арқылы тынысын кеңейтіп, экономикасын еселеген елдер саяхат сүйер қауымды өзінің тарихи нысандарымен-ақ баурап отыр. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі сәулет халқына ұшан-теңіз дәулет әкеліп жатыр. Бұл тұрғыда бір ғана бауырлас түрік елін алға тартсақ жеткілікті. Алматыны дамытуға бағытталған кеңесте Президент бұрынғы қала құрылысын жоспарлау кезінде біраз қателік кеткенін, бұдан былай орталық аудандарда тығыз құрылысқа тыйым салып, саябақтарды көбейту қажеттігін баса айтқан еді.
Жауаптылардың сөзіне сенсек, алдағы уақытта салынатын нысандардың «дизайн код» талаптарына сай болуы қатаң қадағаланады. Ал қаладағы жүзге тарта тарихи ғимараттың бастапқы келбеті өзгертуге ұшырамайды, олар заңмен қорғалатындықтан тек жаңартылып отырмақ. Жаңа ереже бойынша қала қашан толықтай өзгеретіні әзірге белгісіз. Қалай болғанда да, туристер үшін еліміздің әуе қақпасы саналатын көне шаһардың келбеті көп ұзамай көркейіп, біртұтас бейнесі қалыптасады деген үмітті сөндіргіміз келмейді.
АЛМАТЫ