Қазыналы өңірде қауіпті вирусқа қарсы вакцина салуға әзірлік жүріп жатыр. Осыған орай қаңтардың соңында «Спутник V» вакцинасының 1 мың дозасы әкелінеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазір 2 500 дозаны сақтауға арналған 180 литрлік мұздатқыш бар.
– Енді «Теңізшевройл» ЖШС-ның демеушілігімен облыстың медицина мекемелеріне вакцинаны сақтайтын 700 литрлік мұздатқыш жеткізілгелі күтіліп отыр. Бұған қоса вакцинаны аудандарға тарату үшін тағы 60 литрік 2 мұздатқыш, 15 мемлекеттік емханаға 110 литрлік 15 мұздатқыш алынады, – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі. – Ал жекеменшік медициналық мекемелер мұздатқышты өз қаражаты есебінен алатын болады. Вакцинаны сақтау жауапкершілігі аталған мекемелердің өздеріне жүктеліп отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен алгоритмге сәйкес, тұрғындарға ерікті түрде екпе салу үшін вакцинаға жауапты медицина мамандарын кәсіби оқудан өткізу көзделіпті. Содан соң ақпан айында вакцина салу басталады. Осы мақсатта бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 22 ұйымда арнайы орындар дайындалды. Оның ішінде 15 мемлекеттік мекеме бар. Қалғаны – жекеменшік медициналық мекемелер.
Емханалар вакцина салуды тұрғындардың санына қарай ерікті түрде қолға алады. Алгоритмге сәйкес, екпені бірінші кезекте коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарға көмек көрсететін медицина мамандарына салу жоспарлануда.
Атырау облысы