Кең-байтақ еліміздің кез келген өңіріндегі сияқты, табиғаты тамылжыған Бурабайда да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты әлеуметтік нысандар жеткілікті. Солардың қатарында «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығын риза көңілмен айтуға болады. Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бастамасымен бой көтерген шаттық мекені тәуелсіз мемлекетіміздің бүлдіршіндерге жасаған баға жетпес базарлығы десек жарасады.
Кең-байтақ еліміздің кез келген өңіріндегі сияқты, табиғаты тамылжыған Бурабайда да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты әлеуметтік нысандар жеткілікті. Солардың қатарында «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығын риза көңілмен айтуға болады. Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бастамасымен бой көтерген шаттық мекені тәуелсіз мемлекетіміздің бүлдіршіндерге жасаған баға жетпес базарлығы десек жарасады.
Бүгінгі күні «Балдәурен» ТМД елдері мен Орталық Азия аймағындағы балалардың демалысын ұйымдастыру, сауықтыру және жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамытуға қажетті барлық жағдайды қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме саналады. Жыл бойы үздіксіз қызмет атқаратын орталық әр ауысымда 300 баланы қабылдайды. Жалпы, он алты тақырыптық ауысымда еліміздің 4608 жасөспірімі мемлекеттік тапсырыс шеңберіндегі кластерлік тәрбие жүйесінен өтеді екен. Балалар арманы алаулаған орталықта оқу озаттарын, олимпиада жеңімпаздарын, спорт пен шығармашылық байқаулардың үздіктерін кездестіресіз. Таңдаулылар қатарында балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер де көптеп саналады. Мұнда балалардың толыққанды демалысын қамтамасыз ету, олардың бойында білім мен креативті ойлау қабілеттерімен қоса әлеуметтік жауапкершілік, патриоттық сезім, азаматтық және адамгершілік принциптерін қалыптастыруға бағытталған жағдайлардың барлығы қарастырылған.
Оқу-тәрбие ісімен 82 педагог айналысады. Соңғы жылдары орталықта 14 оқу-әдістемелік құрал дайындалғаны мұғалімдер біліктілігінің жоғары екендігін айғақтайды. «Балдәурен» мектебіндегі мұғалім – ақпараттық-коммуникативтік, пәндік-модульдік оқыту технологияларын жетік меңгерген, уақытпен санаспайтын тәрбиеші, әмбебап ұйымдастырушы-ұстаз. Сондықтан, мұндағы оқу сабақтары дәстүрлі мектептердегіден өзгеше. Ал, кітапхананың 20 мыңнан астам қоры білім көкжиегін кеңіте түсетіні белгілі. «Балдәуренді» заманауи ғылыми орда қатарына қосатын шаралар тізбегі де сан алуан. Мәселен, осы жылдар аралығында ұйымдастырылған 150 тақырыптық ауысымда 80 мыңнан астам бала, оның ішінде 46 ұлт пен ұлыстың өкілдері білім алып, еліміздің таңдаулы оқу орындарының студенттері атанды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылғы 25 шілдеде «Балдәуренге» арнайы келіп, «Достықтың алтын көпірі» атты тақырыптық ауысымға қатысушы балалармен кездесуі айтулы оқиға саналады. Мемлекет басшысының сапары ертеңгі болашағымызға, орталықтың қызметіне ерекше көңіл бөлетінінің айғағы және бұл жұмыстың айрықша маңыздылығын көрсетеді. Нұрсұлтан Әбішұлы «Балдәуренге» ізгі тілекті қолтаңба жазып, «Еуразия кіндігінде» атты кітабы мен электронды оқулықтарды тапсырса, балалар символикалық «Тілек ағашын» сыйға тартты.
Болашаққа қызмет ететін орталықтың ұжымы Елбасы Жолдауындағы мына бір толғанысты сөздерді басты мұрат санайды: «...Біздің жас мемлекетіміз өсіп-жетіліп, кемелденеді, біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ержетеді. Олар өз ұрпағының жауапты да жігерлі, білім өресі биік, денсаулығы мықты өкілдері болады. Олар бабаларының игі дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, гүлденген, жылдам өркендеу үстіндегі, күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады». Былтыр өзінің 10 жылдығын атап өткен «Балдәурен» Елбасы талаптарына сай еңбек етіп, абырой жинап отыр деуімізге әбден болатындай.
– «Балдәурен» осынау қысқа мерзімде Қазақстан Республикасының білім кеңістігінде лайықты орынға көтерілді, – дейді бізбен әңгімесінде орталықтың бас директоры Мұхитдин Төлепбай. – Орталықтың әлеуметтік маңызы зор. Біздегі әрбір күн жеңіске жету, жігерді жану, кездесіп қалатын үлкенді-кішілі қиыншылықтарды еңсеру. Себебі, әрбір жеңіс, не кезекті жеңіліс көп нәрсеге үйретеді. Үнемі алға жылжуымыздың сыры да осында деп білемін. Құрылған алғашқы жылдың өзінде балалардың республикалық экологиялық форумы, өнер майталмандары Бибігүл Төлегенованың, Болат Аюхановтың қатысуымен республикалық балалар шығармашылық ұжымдарының «Бозторғай» байқауының өткізілуі мақсатқа жетудегі табандылықты айқындайды. Мұндай шаралар дәстүрлі сипат алып, жетілдіріле түсуде. Яғни, біздің балаларымыз осында өткізген әрбір сағаты мен күнін өзін үнемі іс үстінде көрсетуге, бойындағы қарым-қуатын аша білуге, игілік атаулыға дайын екендігін дәлелдеуге тырысады. Біздің бүкіл табыстарымыздың өзегі осында.
«Балдәуреннің» жұлдызды шақтары үлгі аларлық өнегелерге толы. Біздің журналистік архивімізде әлемнің 7 мемлекетінен дарынды балалар қатысқан «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» тақырыбындағы халықаралық олимпиададан, «Жылдың ең үздік ұйымдастырушы-ұстазы» байқауынан, «2030 жылғы құрдастарға жолдау» естелік белгісінің орнатылуынан, Халықаралық әлеуметтік-педагогикалық жәрмеңкесінен, «Жеңіс жалауының» көшірмесін тапсыру салтанатынан, VІІ қысқы Азиада ойындары алауы эстафетасынан, 98 мемлекеттен 526 оқушы қатысқан 51-ші халықаралық олимпиададан, ғылыми-практикалық конференциялардан, слеттерден, симпозиумдардан жазған мақала, хабарлар кездеседі. Әрине, хронологиялық тізбе мұнымен шектелмейтіні белгілі.
Бурабайдағы орталық «Балалар демалысын ұйымдастырушылар қауымдастығы» халықаралық ұйымының құрылтайшысы, «European Quality» (Оксфорд қаласы, Ұлыбритания) Еуропалық сапа халықаралық белгісінің иегері, Халықаралық педагогикалық ойын бағдарламалары байқауының («Зубренок» лагері, Беларусь) үш дүркін бас жүлдегері болып табылады. Ұжым мүшелері ТМД мұғалімдері мен білім қызметкерлерінің І съезіне, Болгариядағы халықаралық форумға делегат болып қатысты.
«Балдәуреннің» халықаралық байланыстары да нығайып келеді. Бурабайдағы орталықта Ресейдің, Қытайдың, Қырғызстанның, Моңғолияның, Ұлыбританияның, Германияның, Өзбекстан мен Венгрияның балалары қызықты демалыстарын өткізді. Биылғы 11 наурызда «Балдәурен» Белоруссиядағы «Зубренок» ұлттық балаларды сауықтыру орталығымен тұңғыш онлайн-байланыс мәжілісін өткізді. Онда «Үздік болу оңай ма?» тақырыбында пікір алысу өрбіді. Ал, 14 маусымдағы тікелей телекөпір байланысында Омбы және Бішкек қалаларындағы қазақ диаспорасымен «Сөйле, тілім!» атауындағы сұхбат жүргізілді. Сондай-ақ, республикалық орталық базасында еліміздің педагогикалық ЖОО студенттері тәжірибе жинақтаса, Польша, Ресей, Финляндия, Чехия студенттері мамандыққа машықтану курстарынан өтті. «Балдәуреннің» қонақжай шаңырағында ғарышкер Талғат Мұсабаев, Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынова, шахматтан әлем чемпионы Дәрмен Сәдуақасов, бокстан Олимпиада жеңімпазы Бақыт Сәрсекбаев, интернационалист-жауынгер, қоғам қайраткері Бақытбек Смағұлов, әнші Нұрғали Нүсіпжанов, сазгер Марат Омаров, Ресей Мемлекеттік Думасының әлеуметтік саясат жөніндегі комиссия төрайымы З.Драгункина, Ресей Ұлттық музыка академиясының президенті В.Круглов шеберлік-сыныптарын ұйымдастырды. Мұның өзі балалардың танымал тұлғалармен еркін сұхбаттасуына, олардың баға жетпес тәжірибелерін қабылдауға, өздерінің интеллектуалдық және мәдени деңгейін көтеруіне жасалған құнды мүмкіндік болып табылады.
Осы жағдайлардың өзі «Балдәуреннің» республикадағы балалар демалысын ұйымдастырудағы көшбасшы әрі ел мақтанышына айналғандығын, еңбекқор ұжымның Қырымдағы «Артек», Краснодар өлкесіндегі «Орленок», Белоруссиядағы «Зубренок» халықаралық лагерлерімен терезесі тең екендігін дәлелдейді. Өзге мемлекеттердегі балалардың оқу-сауықтыру орталығының бірде-бірі Мемлекет басшысының тікелей бастамашылдығымен құрылған емес. Ендеше, оның қызметіне ерекше көңіл бөлу қажет деп санаймыз. Мәселен, «Балдәуренге» халықаралық мәртебе беретін уақыт жетті емес пе?
Бүгінгі «Балдәурен» небәрі 8,6 гектар аумақта қысылып тұр. Қазірше мұнда қосымша спорт алаңдары, мұз айдыны, ат манежі, аквапарк, лазерлік шоу, кәсіби дыбыс жазу студиясы, кеңейтілген мұражай сияқты қажеттіліктер қамтамасыз етілмеуде. Ал, жоғарыда аталған «Зубренок» 76 гектарды, «Артек» 286 гектарды, «Орленок» 162 гектарды еркін жайлап отыр. Біздегі жалғыз орталық жылына әрі барғанда 3 мыңға жетер-жетпес баланы қабылдайды, яғни еліміздегі 672 оқушының біреуі ғана «Балдәуренге» бару мүмкіндігін алады. Оны кеңейту Бурабайда мүмкін болмағанның өзінде республикамыздың басқа аймақтарында осы үлгідегі бөлімшелер ашу туралы ұсыныс қолдауға лайықты деп санаймыз. Сонда республикамыздағы балалар мен жасөспірімдер демалысын ұйымдастырудың тиімді құрылымы – орталық альянсты құруға мүмкіндік туар еді.
Бұған қосымша, республикалық деректер бойынша, жазғы маусымда шамамен 785 балаларды сауықтыру орталықтары ұйымдастырылады. Оның жұмысына жүз мыңның маңайында педагогтер, студенттер, волонтерлер тартылады. Жыл санап кәсіби мамандарға деген сұраныс арта түсетіні белгілі. Сондықтан, ҚР Білім және ғылым министрлігіне жолданған «Балдәуреннің» жанынан ЖОО немесе колледж ашу жөніндегі ұсыныс оң шешімін тапса, нұр үстіне нұр болмақ.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.