• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
19 Желтоқсан, 2013

Тәрбие мен оқытудың үйлесімі

460 рет
көрсетілді

Елордадағы дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатында «Сапалы білімнің негізі – тәрбие мен оқытудың тұтастығы» деген тақырыпта ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

 

Елордадағы дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатында «Сапалы білімнің негізі – тәрбие мен оқытудың тұтастығы» деген тақырыпта ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Астана қалалық білім басқармасы мен қазақ-түрік лицей-интернаты бірігіп ұйымдастырған шараға елорда мектептері директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Семинардың ашылуы барысында «Оқушыларды шығармашылыққа тәрбиелеудегі ұлттық құндылықтардың маңызы» деген тақырыпта Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ практикалық қазақ тіл білімі кафедрасының доценті Айнұр Найманбай, «Оқушылардың функционалды сауаттылығын дамытудың нәтижелілігі» деген тақырыпта қазақ-түрік лицей-интернат директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Гүлназ Мұсабекова және «Ақпараттарды көпдеңгейлі қорғаумен қамтамасыз ету» деген тақырыпта «KATEV» ХҚҚ әдіскері, информатика пәнінің мұғалімі Исмаил Гесен баяндама жасады.

Былтыр орта білім беру жүйесін түбегейлі өзгерту мақсатында Елбасының тапсырмасымен 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық жос­пар жасалғаны белгілі. Онда оқушылардың білімін шынайы өмірмен ұштастыру көзделген. Олардың функционалдық сауаттылығын дамыту мен оқу үдерісінің мазмұндық, оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық мәселелеріне басымдық берілген еді. Соған байланысты оқудың мазмұнын жаңартуды, методикасын өзгертуді қолға алған білім ордаларының бірі – Дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты. «Біз қазір дамудың екінші сатысындамыз. Интерактивті оқыту бойынша үш түрлі бағдарламамыз бар. Оның бірі – мұғалім мен оқушының арасындағы қашықтықты жоятын, яғни, оқушы қай жерде тұрса да мұғалімінен сабақ ала алатын бағдарлама болса, екінші бағдарлама шағын жобалау деп аталады. Мұнда оқушы алған білімін өмірдегі оқиғалармен сәйкестендіріп өздері жобалап отырады. Мысалы, оқушы күнделікті сабақ барысында мұғалімнің айтқанының 10-15 пайызын ғана есте сақтайды. Егер соны шағын жобалау арқылы оқитын болса 80-90 пайызға дейін білім игереді. Үшінші бағдарлама жеке тұлғаны бағдарлау деп аталады. Бұл, әсіресе, химия, физика пәндерінде көбірек қолданылады. Сонымен бірге, сыни тұрғыдан ойлану, қосымша білім беруді дамыту бойынша да жұмыстар жүргізіп жатырмыз», – деді лицей-интернат директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Гүлназ Мұсабекова өз баяндамасында.

Семинардың ресми ашылуы аяқталған соң ұстаздар қазақ-түрік лицей-интернатының пән мұғалімдері өткізген практикалық, семинар сабақтары мен түрлі тренингтерге қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының құрылғанына биыл жиырма жыл. Лицей-интернатқа балалар жетінші сыныптан бастап білім ордасының талабына сай тестілеуден кейін қабылданады.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар