Күнделікті ортада өмір сүру мүмкіндігінен қол үзіп, арнайы орындарда жазасын өтеп жүргендердің өз қиялдарының жемісін көріп, туындыларын жұртшылық назарына ұсынуына жағдай жасау маңызды.
Ақтау қаласының тергеу изоляторында сотталғандарға өз өнерін шыңдап, ғылыми жұмыспен айналысып, өзіне де, қоғамға да пайдасы зор еңбекпен шұғылдану жолға қойылған. Жуырда сотталғандар арасында ұйымдастырылған қолөнер бұйымдарының көрмесі – осының дәлелі.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жазасын өтеушілердің бос уақыттарын тиімді пайдалану, шығармашылық шеберлігін шыңдап, өмір жайлы ой-толғамдарын, қоршаған ортаға деген көзқарастарын білдіретін шығармалармен бөлісу. Көрмеге қойылған қолөнер бұйымдарына мекеме қызметкерлерінен жасақталған қазылар алқасы баға берді.
Сотталғандар дайындаған туындыларда оқшаулау жағдайындағы өмір ғана емес, сондай-ақ қазіргі сәтте олардан алыс қалған табиғат сұлулығы, отбасылық өмірдің қызығы, жылылық пен арман-мүдделері көрініс тапқан.
Атап айтқанда, Қ.Ұзақұлы өз қолымен тоқыған жүн шұлығын көрмеге ұсынса, ал Н.Халиков қағаздан жасаған тауысты, Н.Садабаев ағаштан ойып жасаған қобдишасын, Б.Донбаев пластмасса шөлмегінен жасалған тәспі ұсынды. Қолөнер бұйымдарының көрмесіне жалпы саны 5 туынды ұсынылды.
Сайысқа қатысушылар қолөнер бұйымдарын қазылар алқасына кеңінен таныстырып, бұйымдардың мән-мағынасын ашып берді. Қазылар сотталғандардың әңгімелерін тыңдап, ерекше көзге түскен бұйымдардың иелерін жеңімпаз деп танып, оларды мекеме бастығының грамотасымен марапаттады. Қолөнер бұйымдары авторларының ұсынысы бойынша көрмеге ұсынылған бұйымдар Ақтаудағы балалар үйіне табыс етілді.
Осылайша, жазасын өтеуші жандар қамкөңіл балаларға қуаныш сыйлады.
Маңғыстау облысы