Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жер қатынастарын цифрландыруды тапсырған болатын. Сондай-ақ Президент аумақтық және кеңістіктік дамыту тәсілдерін қайта құруға назар аударған-ды.
Ондағы мақсат – мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметінің ашықтығын әрі айқындығын қамтамасыз ету. Бұған қол жеткізуге мүмкіндік беретін тиімді жол – бизнес-процестер мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыру. Бұл ретте қала құрылысы кадастрының қызметін цифрландыру өте маңызды.
– Өйткені барлық жылжымайтын мүлік нысандары, жер үсті және жер асты коммуникациялары туралы ақпаратты жинаудың, өңдеудің, тіркеудің, сақтаудың және ұсынудың бірыңғай жүйесін қамтамасыз ету – қала құрылысы кадастрының міндеті. Оны цифрландыру нысандарды жобалау, салу, пайдалану және кәдеге жарату процесін мониторингілеуге, өңір аумағында құрылыс салуды ұтымды жоспарлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа нысандарды инженерлік желілерге қосуды жоспарлауды, қолданыстағы коммуникациялардың қуатын ұлғайтуды едәуір жеңілдетеді әрі құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде желілердің апаттық жағдайы төмендейді, – деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Белгілі болғандай, министрлік инфрақұрылымдық деректерді қалыптастыруды 2018 жылдан бастап бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйеде жүзеге асырып келеді. Елді мекендердің құрылыстары мен инженерлік коммуникацияларын түгендеу арқылы цифрландырады. Түгендеу жұмыстарының жүзеге асырылуына қарай қала кадастры жүйесі сумен жабдықтау, кәріз, су бұру, электрмен жабдықтау, байланыс, газбен жабдықтау, жылумен жабдықтау, көшені жарықтандыру, жол қозғалысын ұйымдастыру желілері және басқа да нысандар бойынша цифрлы деректермен толтырылады.
– Бүгінде цифрлы мәліметтердің шамамен 48 пайызы (244,5 мың гектар) қалалық кадастрдың деректер базасына енгізілді. Цифрландырылған аумақ деректерінің 10 пайызын (54 мың гектар) жақын арада жергілікті атқарушы органдар ұсынатын болады. Аумақтың қалған 42 пайызын (234 мың гектар немесе 172 елді мекен) 2025 жылға дейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында цифрландыру жоспарланған, – делінген министрліктің хабарламасында.
Инфрақұрылымдық деректердің барлығы мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ашық контурына – Бірыңғай геоақпараттық инфрақұрылымдық деректер платформасына енгізіледі. Аталған платформа 2020 жылы қанатқақты режімде іске қосылған болатын. Жоба оң нәтиже көрсеткен. Бірыңғай геоақпараттық инфрақұрылымдық деректер платформасы мемлекеттік органдардың салалық ақпараттық жүйелерімен, өңірлік геопорталдармен, салалық кадастрлық және басқа да инфрақұрылымдық қызметтер жүйесімен интеграцияланатын болады. Бүгінде 5 өңір (Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Алматы, Қарағанды және Түркістан облыстары) геоақпараттық жүйесімен тестілік интеграция жүргізілген.
– Платформада сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің барлық қолда бар, салынып жатқан, жобаланатын жерүсті және жерасты нысандары есепке алынып, елді мекен аумақтарының дамуына мониторинг жүргізілмек. Қолданыстағы инженерлік желілер жаңғыртылған, өзгерген не жаңадан салынатын аудандардың жобалық құжаттамасы жаңартылған жағдайда, ақпарат міндетті түрде Бірыңғай геоақпараттық инфрақұрылымдық деректер платформасына келіп түсетін болады. Осылайша, платформаның дерекқорына тиісті ақпаратты енгізбейінше бірде-бір өзгеріс мүмкін болмайды, – деп хабарлады министрлік.
Бірыңғай инфрақұрылымдық платформа жобалау және құрылыс процесінің ашықтығын, әлеуетті инвестициялық жобаларды іске асыруды, бюджет қаражатын игеруді бақылау мен тиімділігін қамтамасыз ету құралына айналмақ.