Ел азаматтары 23 қаңтардан бастап enpf-otbasy.kz сайты арқылы біржолғы зейнетақы төлемін алуға өтініш бере бастады. Зейнетақы жинағындағы қаржыны үй сатып алуға, жеке үй құрылысына, сондай-ақ ипотекалық қарыздарын өтеу мақсатында пайдалануға болады.
Жобаның уәкілетті операторы болып бекітілген «Отбасы банк» өкілі әлеуметтік желіде тікелей эфир өткізіп, көпшіліктің маңызды сауалдарына жауап берген еді. Осы орайда ең маңызды ақпараттарды топтап, оқырман назарына ұсынамыз.
БЖЗҚ-дан алған қаражатқа тек үй тұрғызып қана қоймай, бөлек жер телімін де сатып алуға болады. Екі операцияны бір келісімшарт арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Ол үшін ең үлкен құжаттар пакетін ұсыну шарт. Олар: архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы; мердігердің лицензиясы бар құрылыс компаниясымен жасаған келісімшарт; құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу шығындарының сметасы; эскиздік жоба; құрылыстың басталғаны туралы хабарлау; жер телімінің құжаты.
Осының бәрі түгел әрі дұрыс болған жағдайда қаржы аударылады. Қаржыны алған кезден бастап 24 ай ішінде клиент сайтқа кіріп, жеке кабинетінде үйді пайдалануға қабылдау туралы актіні жүктеуі керек. Аталған акт үйді сол клиенттің салғанын растайды. Жерді жеке мақсатта сатып алу ережесі қарастырылмаған. Жерді тек «үй құрылысын салу» үшін ғана сатып алуға болады.
Азамат қайталама нарықтағы үйлерді толық сатып алу арқылы алғысы келсе, онда порталға сатушымен немесе құрылыс жүргізушімен жасалған сатып алу-сату келісімшартын, осы келісімнің уәкілетті органда (ХҚКО) тіркелгенін растайтын тіркелген құқықтар мен ауыртпалықтар туралы куәлік және БЖЗҚ қаражатынан алғашқы төлемді рәсімдеу құжатын жүктеуі керек. Ал егер клиент «Отбасы банк» емес, екінші деңгейлі банктер арқылы ипотека рәсімдегісі келсе, онда банктің өтінішті растағаны туралы құжатты порталға жүктейді. Аталған құжат бір ай бұрын емес, енді ғана берілген болуы керек. Әзірге нақты мерзімі белгілі емес, дегенмен 10 күннен аспайтын мерзім бекітілуі мүмкін.
Сатып алу құқығымен жалға алу бойынша қарызды да осы мүмкіндік арқылы төлеуге болады. Ондай келісімшартты «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ және «Самұрық-Қазына Констракшн» АҚ жасайды. Клиент қарызды толық немесе ішінара төлей алады. Ол үшін жалға алу келісімшартының сканерленген нұсқасын және ұйымнан қанша қарыз қалғаны туралы хатты ұсынуы тиіс. Әрі қарай «Отбасы банк» қарызды өтеуді жүзеге асырады.
Азамат зейнетақы төлемін жақын туыстарына, жұбайына бере алады. Егер өзі зейнетақы қаржысын пайдаланғысы келмесе немесе оны ішінара ғана пайдаланар болса, онда қаржыны жақын туысқа беруге құқығы бар. Мәселен, әжесі өз зейнетақы қаражатын немересіне бере алады: бір бөлігін немесе толықтай. Ол немересіне 2 млн теңге береді делік. Немересінің жинақтағы қаражаты жеткілікті шекке жетпеген жағдайда әжесінің берген ақшасын қабылдап, екінші деңгейлі банктер ипотекасы үшін алғашқы төлем ретінде құйып, өз төлем қабілетін растай алады.
Егер ерлі-зайыптылардың екеуінің де жинақтағы қаражаты жеткілікті мөлшерге жетіп тұрса, онда олар қаржысын тізімдегі кез келген мақсатқа жұмсай алады. Ақшасын беретін тарап банктің сайтына кіріп, өз қаржысын береді. Ал қабылдаушы тарап негізгі мақсатты таңдап, операцияны өзі аяқтайды.
Азаматтар зейнетақы жинағының бір бөлігін ипотекалық қарызды жабуға да жұмсайды. «Отбасы банк» өкілінің айтуынша, ол қарыздың қашан алынғаны маңызды емес. Егер «Баспана Хит» бағдарламасымен 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін келісімшарт жасалған болса онда бұл ипотеканы жабатын мүмкіндік бар. БЖЗҚ қаржысымен тек ипотекалық мақсаттағы қарыздарды ғана өтеуге рұқсат берілген. Екінші деңгейлі банктерден алынған ақшалай несиені өтеуге болмайды. Егер басқа банктегі қарызын өтегісі келсе, онда банктік займ келісімшартын және қарыздың қанша қалғаны туралы анықтаманы ұсынуы керек.
«Біз банктермен ақпарат алмасу бойынша үлкен жұмыс істедік. Қазір бізде 12 банктің реквизиті бар. Оның ішінде ірі ипотекалық банктер де бар. Сізге реквизит толтырудың қажеті болмайды. Банк тізімінен қажеттісін таңдайсыз және сіздің өтінішіңіз автоматты түрде толтырылады. Аударымға өтінішке қол қоясыз және қаржы қажетті мақсатқа жіберіледі» дейді «Отбасы банкінің» өңірлік даму және сату департаментінің директоры Рахилия Балтабаева.
Банк өкілінің сөзінше, зейнетақы жинағындағы қаржыны алып, «Отбасы банкінен» депозит ашып, ақша жинауға болмайды. «Отбасы банкінің» шотына ақша түскеннен кейін клиент 45 күн ішінде пәтер сатып алуы тиіс.
Еске салайық, 23 қаңтардан бастап «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ уәкілетті оператор ретінде біржолғы зейнетақы төлемін алу бойынша арнайы платформаны іске қосты. Біржолғы төлемді азаматтар тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделуге төлеу үшін пайдалана алады. Ол үшін арнайы enpf-otbasy.kz сайты іске қосылды.