«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы 2007 жылдан бастап Ұлттық академиялық кітапхана мен Кітапханалар қауымдастығының бастамасымен һәм Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіліп келеді. Айта кетейік, акция қазақ әдебиетін дамыту және үздік шығармаларды анықтау мақсатында ұйымдастырылады.
2021 жылдың Жыл кітаптарын таңдау бойынша «Бір ел – бір кітап» акциясы комиссиясының кезекті отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, жалпыхалықтық оқуға «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы ұсынылды. «Аударма» номинациясында «Фолиант» баспасынан жарық көрген Халед Хоссейнидің «Жарқыраған мың күн» романы бар. Аударған – халықаралық, республикалық жыр додаларының жүлдегері, ақын Төлеген Меллат.
Роман соңғы жарты ғасырда әлем назарын өзіне жиі аударған Ауғанстанның ашық та тұңғиық өмір шындығын, тыныс-тіршілігін боямасыз бейнелейді. Соғыс өрті толастамаған, қараңғылық пен надандық үстемдік құрған қоғамдағы адам тағдыры мен әйелдер өмірін, махаббаттың мұң-наласын айшықты тілмен анық жеткізеді.
Оқиға Ауғанстандағы ХХ ғасырдың екінші жартысындағы азаматтық соғыс төңірегінде өрбиді. Автор соғысты бізге әйелдер және аналар көзімен көрсетеді. Шығыс елінің тұрмыс-тіршілігімен, тұрғындарының тағдырымен таныстырады. Адамдарының армандары мен қорқыныштарын, үміттері мен қасіретін баяндайды. Әсіресе шығармадағы мінездері мен әлеуметтік жағдайлары әртүрлі қасіреті мен мұңы бір екі әйелдің тағдыры ешкімді бейжай қалдырмайды.
Мәриям – бай кәсіпкердің 15 жасында күштеп тұрмысқа шығарған некесіз қызы. Ал Лейлә – зиялы отбасында дүниеге келіп, жоғары білім алуды армандаған бақытты қыз. Соғыс атты зұлым күш екі тағдырды бір арнаға тоғыстырады. Ортақ қасірет негізінде құрылған достық та бар туындыда. Соғыс азаптарымен бірге, отбасындағы зорлық-зомбылық, мұсылман әйелдерінің құқықтары мен бостандықтары тақырыбы да қозғалады.