2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында тікелей салынған шетелдік инвестиция көлемі 2019 жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда 49 пайызға қысқарған. Шетелдік қаржының шорт кесілуіне коронавирус зардабы басты себеп болды.
Шектеу шаралары әлем бойынша инвестициялық жобалардың тұсалуына әсер етті. Соның әсерінен трансұлттық корпорациялар өз жобаларын қайта қарауға мәжбүр болды. Ranking.kz дерегі бойынша, дамыған елдерде тікелей шетелдік инвестиция ағыны 75 пайызға, дамушы елдерде 12 пайызға төмендеді. Әрине, бұл жағымсыз үдеріс Қазақстанды да айналып өткен жоқ.
«2020 жылдың тоғыз айында Қазақстанға келген шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 32,2 пайызға төмендеп, 12,6 млрд АҚШ долларын құрады. Мұндай құлдырау сыртқы инвестиция ағынының негізгі бөлігін құрайтын тау-кен секторына салынатын тікелей шетелдік инвестицияның азаюымен байланысты. Бұл салаға салынған инвестиция 42,1 пайызға немесе 4,5 млрд АҚШ долларына азайған. Дегенмен әлемдік дағдарысқа қарамастан Қазақстан сыртқы инвестиция үшін тартымды мемлекет және тікелей шетелдік инвестиция ағыны бойынша өңірдегі көшбасшы болып отыр. Тәуелсіздік алғалы Қазақстанға 350 млрд АҚШ долларына жуық инвестиция келген. Соңғы бес жылда жыл сайын 21,3 млрд АҚШ доллары көлеміндегі тікелей инвестиция түскен» делінген хабарламада.
Зерттеуде жазылғандай, Қазақстанның салық режімін жеңілдетуі, ұлттық заңнаманы ұдайы жетілдіруі, инвестициялық преференция пакеттерін кеңейтуі қолайлы инвестициялық климат қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
«Әлем бойынша карантин жарияланып, шекаралар жабылған мезетте Қазақстан үкіметі жобалардың тұралап қалмауын ойлап, жаңа инвесторлар тартты. 2020 жылы жалпы құны 1,3 млрд АҚШ доллары болатын 25 ірі инвестициялық нысан пайдалануға беріліп, сол арқылы 3800 жұмыс орны құрылған. Оның ішінде Алматыда Hyundai автомобиль құрастыру, Қарағанды облысындағы германиялық Linde Group компаниясының техникалық газ өндірісі, Алматы облысындағы БАӘ-нің Ancil Fund компаниясының аралас жем өндірісін жолға қоюын атап өтуге болады», деп жазады.
Инвестициялар ағынының тоқтамауына «Астана» халықаралық қаржы орталығының да әсері бар. Өйткені аталған орталық қатаң карантин кезінде де шетелдік инвесторлармен тығыз жұмыс істеді. Нәтижесінде қазір ХҚО-да жұмыс істейтін компания саны 420-дан 659-ға дейін көбейген. Ranking.kz дерегінше, орталық қатысушылары ел бюджетін 6 млрд теңгеге толтырған. Қазірге дейін Қазақстанға ең көп инвестиция құйып келген ел АҚШ екені белгілі. Құрама штаттар 40 млрд долларға жуық қаражат бөлген. 8 қаңтар күні «Астана» ХҚО мен АҚШ халықаралық даму қаржы корпорациясы инвестициялық ынтымақтастық келісіміне қол қойып, тағы 1 млрд доллар көлемінде инвестиция бөлуге уағдаласқан.
Былтыр жыл соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің жиынында Қазақстандағы экономикалық, инвестициялық белсенділікті қалпына келтіру, еліміздің мұнай-газ секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру және дамыту мәселелеріне тоқталған еді. Президенттің айтуынша, инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың ашықтығын қамтамасыз ететін өзгерістер мен реформалар аса қажет. Бірінші кезекте жаңа инвестициялық тетіктер енгізу керек. Инвесторлар елімізде еркін жұмыс істеу үшін бизнес ахуалды жақсарту, инвесторларды сыбайлас жемқорлықтан қорғау жұмыстары күшеюі керектігін де атап өтті.
Жоғарыда елімізге келетін инвестицияның басым бөлігі тау-кен секторының еншісіне бұйырады дегенді айттық. Мемлекет басшысы былтыр 18 қарашадағы жиында алдағы бес жылда IT саланы қарыштатып дамыту үшін 500 млрд теңге тарту жоспарланғанын мәлімдеді. Әлбетте, Президенттің бұл сөзі аталған салада тер төгіп жүрген азаматтардың жұмысқа белсене кірісіп, тың жобалар ұсынуына түрткі болар деген сенім бар.
Соңғы мәлімет бойынша, 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Қазақстанға инвестиция әкелген елдердің көшін Нидерланды бастайды. Корольдік 3 961,5 млн АҚШ долларын салса, екінші орындағы АҚШ 1 581,5 млн доллар жұмсаған. Үшінші орында 1 358,7 млн доллар тікелей инвестиция жіберген Швейцария тұр. Одан кейінгі орындарда Ресей, Ұлыбритания, Бельгия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Кипр елдері орналасқан.
Алпауыттарды ырыққа көндіріп, ақшасын алу да оңай емес. «Kazakh Invest» ҰК» инвестициялар тарту блогының басқарушы директоры Жандос Темірғали шетелдік инвесторларды тарту бойынша Қазақстанның біраз елмен бәсекеге түсетінін айтады. Мәселен, тау-кен өндірісі үшін Аустралия, Канадамен бәсекеге түссек, Орталық Азияда Өзбекстан басты бәсекелесімізге айналып келеді.
– Геостратегиялық орналасуы, транзиттік және логистикалық әлеуеті, бай ресурс базасы, халықаралық сауда және инвестициялық келісімдері, әлемдік нарыққа шыға алуы инвестиция тартуда Қазақстанға мол мүмкіндік береді, – дейді ол.
«Kazakh Invest» өкілі әлеуметтік желідегі парақшасында шетелдік инвестиция қарапайым азаматтар үшін пайдалы болу керек деген ой айтады.
«Қазақстанның бай экономикалық әлеуетін пайдасын қарапайым азаматтар көрсе екен деймін. Қазақстандық кәсіпкерлер ұзақ мерзімді және табысты бизнес қалыптастыруы керек. Қажет болса шетелдік серіктестерді тартып экономиканы дамытуы керек. Біздің азаматтар өз елін жақсы біледі, елдің өсіп-өркендеуі үшін жанашырлық танытады, технологиялар енгізіп, жұмыс орнын ашады. Алайда бұл үшін кәсіпкер заң әділдігіне және өз капиталының қауіпсіздігіне сенуі қажет. Дәл осы күрделі мәселе халықаралық ракурста инвестициялық климатты жақсартудан да маңызды», дейді Ж.Темірғали.
Ұлттық компания өкілінің пікірінен көп нәрсені аңдауға да болады.
Мемлекет басшысы макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылық болмай, экономика мен халықтың әл-ауқаты артпай елдің инвестициялық тартымдылығын тиісті деңгейде ұстап тұру мүмкін емес дегенді айтты. Инвестициялық тартымдылық – әдемі сөз немесе жалған цифрлар емес. Бұл – елдің нақты жағдайының көрінісі. Мемлекет халық пен бизнеске жағдай жасай алса, елдің маңызды мәселелердегі талап-тілегін ескерсе, әлбетте тұрақтылық болады. Бұл азаматтардың еркін бизнес жасауына, төлем қабілетінің өсуіне әсер етеді. Мұндай елге инвесторлар да үйір. UNCTAD (БҰҰ Сауда және даму конференциясы) дерегі бойынша, 2021 жылы әлемдік тікелей шетелдік инвестиция көлемі 10 пайызға қысқармақ.