Қызылорда облысында қала, аудан әкімдері мен облыстық басқарма басшыларына декларация тапсырудағы жаңа өзгерістер түсіндірілді, деп хабарлайды Еgemen.kz
Облыс әкімдігінде өткен семинарда мемлекеттік қызметті өткеру және мемлекеттік қызметшілердің міндеттемелеріне қатысты бірқатар заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер талқыланды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Рафхат Бисеновтің төрағалығымен өткен семинарға облыстық басқарма басшылары және бейнебайланыс арқылы қала, аудан әкімдері қатысты.
Семинарда Р.Бисенов мемлекеттік қызметшілерді ротациялау және конкурссыз ауысу қағидаларына енгізілген өзгерістер туралы жан-жақты түсіндірді.
-«Ротация қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес ротациялануға жататын тұлғалар қатарына саяси қызметшілер мен «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері қосылды және лауазымда болу мерзімінің уақыты 8 жылмен шектелді. Сонымен қатар, лауазымға тағайындайтын екі тұлғаның келісімімен «өңір-өңір» принципімен ротациялау мүмкіндігі берілді», деді Р.Бисенов.
Бұдан бөлек, міндетті емес ротациялану қарастырылған. Яғни «Б» корпусының төменгі лауазымдары арасында үш жыл өтілі бар қызметшілерді өзара келісімі бойынша ротациялауға болады. Ротация тек әртүрлі әкімшілік-аумақтық бірліктер арасында жүргізіледі.
Жиын барысында, 2020 жылғы 19 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Ғалия Әлімқұлова түсіндірме берді.
Биылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген жалпыға бірдей декларациялаудың алғашқы кезеңі туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Бимырзаев хабарлама жасады.
Облыс бойынша бірінші кезекте жалпыға бірдей декларация тапсыратын 16847 адам бар. Айта кету керек, декларация 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 250.00-нысанда, тұрғылықты жері бойынша тапсырылады.
Декларацияны қағаз жеткізгіште ағымдағы жылғы 15 шілдеден кешіктірмей, электронды түрде 15 қыркүйектен кешіктірмей табыс ету керек.
Бұл бағыттағы түсіндірме жұмыстары облыстағы барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне жүргізілетін болады.