Елбасы кітапханасының Есілдің оң жағалауындағы музейінде Нұр-Сұлтан қаласының Балалар көркемсурет мектебі (БКМ) – ЮНЕСКО клубы түлектерінің дипломдық жұмыстарының көрмесі ашылды. «Туған өлкем» көрмесі балалар шығармашылығы мен қосымша білім беру ұйымдарын қолдау жөніндегі республикалық бағдарлама аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараға суретшілер мен өнертанушылар, БКМ мен астанадағы өнер, музыка мектептерінің жетекшілігі, оқытушылары мен оқушылары, Білім беруді жаңғырту орталығы мен «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің өкілдері қатысты. Көрмеге әртүрлі техникада орындалған мектеп түлектерінің 50-ден астам жұмысы қойылды. «Туған өлкем» республикалық бағдарламасының аясында Елбасы кітапханасы мен Нұр-Сұлтан қаласының Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубының өткізетін көрмелері биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл ретте жобаның ашылу салтанаты Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Көрмеге қатысқан 15-16 жастағы суретшілер тәуелсіздік дәуірінде дүниеге келген. Олардың балалық шағы, өмірі мен шығармашылығы егемендігімізден сусындайтыны хақ. Бүгінде қалың жұрттың назарына ұсынулы тұрған жастардың жұмыстары – тәуелсіздіктің жемісі», деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.
Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында орындалған «Туған өлкем» республикалық бағдарламасы жас таланттарды анықтауға және республиканың қосымша білім беру ұйымдарының жұмысын насихаттауға бағытталған. Бағдарлама 2018 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде Елбасы кітапханасының алаңында Семей, Шымкент, Павлодар, Екібастұз, Қарағанды, Шахтинск және Көкшетау қалалары мектептері түлектерінің дипломдық жұмыстарының көрмелері ұсынылған еді.
– Біз, суретшілер қауымы үшін халық үмітін толық ақтай алатын дарынды, парасатты буынның бой көтеріп келе жатқанын көру – үлкен қуаныш. Көрменің ерекшелігі ұсынылған жұмыстардың қашықтан орындалғанына негізделеді. Бұл үрдістің оқытушыларға да, оқушыларға да оңайға соқпағаны анық. Дегенмен де туындылар деңгейінің биіктігін жоғалтпай, келушілердің көзайымына айналып отыр. Кескіндеме, графика, сәндік-қолданбалы өнер – бәрі де көздің жауын алады. Қиын-қыстау кезеңде бұл сұлулықты тамашалау мүмкіндігін берген ұйымдастырушыларға алғысымыз зор, – дейді Суретшілер одағы басқармасының мүшесі, суретші Динара Нөгер.
Айта кетейік, елордадағы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы 1983 жылы құрылған. Содан бергі жылдар аралығында мектеп өзіндік дәстүрлерді қалыптастырып, көркемдік білім беру саласында педагогикалық жұмыс тәжірибесін жинақтады. Ал аталған көрме 25 ақпанға дейін жалғасады.