Өткен апта соңында әлеуметтік желілерде Қызылорда қаласында бір оқушының коронавирус індетінен қайтыс болғаны жайлы жазба жарияланған еді. Осыған байланысты дүйсенбі күні облыстық денсаулық сақтау, білім басқармалары басшылары брифинг өткізіп, оқиғаның жай-жапсарын айтып берді.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловтың айтуынша, 5 қаңтардан бастап мектеп оқушысының ыстығы көтеріліп, өзін жайсыз сезіне бастаған екен. 10 қаңтар күні №5 емханаға қаралып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылады. Осы емдеу мекемесінде алынған ПТР-тест теріс нәтиже берген соң, 19 қаңтар күні балалар ауруханасына ауыстырылыпты. Бұл жерде алынған сынама да бала бойында коронавирус инфекциясының жоқтығын көрсеткен. Республикадағы басқа да тәжірибелі мамандармен ақылдаса отырып, қойылған басқа диагноз да анықталмапты. Неше күнгі емнен кейін де оңалмаған 10 жастағы бала 24 қаңтар күні көз жұмды. Оған дәрігерлер «өкпе, жүрек жеткіліксіздігі» деген диагноз қойып отыр.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова қайтыс болған мектеп оқушысының Қызылорда қаласындағы №8 П.Осипенко атындағы мектептің 4-сыныбында оқығанын айтып өтті.
– Бала І тоқсаннан бастап онлайн форматта, қашықтан оқып келген. Оқу үлгеріміне қатысты проблема туындаған емес. Қашықтан оқытуға байланысты электронды техникамен қамтылған. Бала ауырғаннан бастап, сынып жетекшісі отбасымен үнемі хабарласып, жағдайын біліп отырған, – дейді басқарма басшысы.
Брифингте басқарма басшысы мектептердегі оқу процесін ұйымдастыру бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы негізінде жүргізілетінін жеткізді. Білім беру ұйымдарында санитарлық талаптар толық сақталған. Дәстүрлі түрде оқитын балалар 5 сатылық дезинфекциялық тексеруден өтеді. Мектепке ата-аналардың кіруіне тыйым салынған. Оқушылардың да шоғырланбауы ұдайы қадағаланып отырады. Облыс бойынша қазір 89 258 оқушы қашықтан, 80 636 шәкірт дәстүрлі форматта білім алуда.
Жалпы, оқу жылы басталғалы бері 22 оқушы ковидке шалдығыпты. Оның 6-уы дәстүрлі түрде кезекші сыныптарда білім алатындар қатарынан анықталса, 16-сы қашықтан оқитындар арасынан шығып отыр.
Журналистермен кездесуде облыстық денсулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов пен бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Әлия Әбдіқайымова өңірдегі эпидемиялық ахуал жайлы да баян етті. Осы күнге дейін облыста 3 544 науқас тіркелген, аптаның алғашқы күні тағы 9 жағдай анықталып отыр. Індетке шалдыққандардың 96,6 пайызы емделіп шығыпты. Қазір инфекциялық стационарда 38 науқас ем алуда, оның 4-уі жансақтау бөліміне жатқызылған.
Ақпан айында облыс тұрғындарын ерікті вакциналау басталады. Вакцинаны сақтаудың температуралық режімін ескеріп, бастапқы медициналық көмек көрсету медициналық ұйымдары мен №6 қалалық емхананың базасында орналасқан вакцина сақтау қоймасын қажетті мұздатқыштармен жабдықтау үшін жергілікті бюджет есебінен қосымша қаражат бөлінді. Екпе салудың бірінші кезеңінде облысқа 80 000 доза вакцина жеткізу жоспарланып отыр.
Қызылорда