• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қаңтар, 2021

Кеншілер астанасында вакциналау орталығы ашылды  

127 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасында ашылған вакциналау орталығы келесі аптадан бастап жұмысқа кірісетін болды. Бұған қысқа мерзім ішінде отбасылық денсаулық орталығын қайта бейімдеу арқылы қол жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz. облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қалалық АМСК орталығы» ЖШС директоры Татьяна Баширова бүгінгі күнде жауапты науқанға дайындықтың қызу жүріп жатқанын айтады.

– Вакциналау орталығы біздің филиалымыз. Мұнда жалпы тәжірибе дәрігерлері қабылдаған отбасылық денсаулық орталығы және күндізгі стационар филиалы орналасқан. Біз өз базамызда вакциналау жүргізуге қажетті нәрсенің барлығын тез арада дайындай алдық. Кабинеттерді көшіру, жабдықтарды орналастыру қажет болды. Медициналық мұздатқыш камералар, термоконтейнерлер алынды. Мамандарымыз, атап айтқанда, дәрігерлер медициналық университет базасында, медбикелер колледжде арнайы оқудан өтті, – дейді ол.

Вакциналау орталығында терапевт-дәрігердің кабинеті, егу бөлмелері, екпеден кейінгі бақылау аймағы бар. Шұғыл және штаттан тыс жағдайлар үшін жедел медициналық көмек аймағы жабдықталған. Сонымен қатар кабинеттерде вакцинациялаудың барлық үдерісін тіркейтін бейнебақылау камералары орнатылған және ол бейнедеректер жыл соңына дейін сақталатын болады.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы Бибігүл Төлегенова дәл осындай вакциналау орталықтары өңірдің басқа да қалаларында жұмыс істейтінін хабардар етті.

– Біз вакциналауға дайындықты желтоқсан айында бастадық. Қажетті медициналық мұздатқыштар мен термоконтейнерлерге тапсырыс бердік. Жабдықтың бір бөлігі жеткізілді, қалғаны жолда. Облыс бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында 115 екпе кабинеті ашылады. Біз толық қызмет көрсететін жеке орталықтар ұйымдастыруды ұйғардық. Біріншісі Қарағандыда АМСК ҚО базасында құрылды. Одан әрі Теміртау, Жезқазған және Балқаш қалаларында ашамыз. Қазір вакцинаның жетуін күтіп отырмыз және бұл маңызды іс-шараны 1 ақпанда бастамақпыз, – деп мәлімдеді Б.Төлегенова.

Жалпы маманның айтуы бойынша, вакциналау алдында пациентті  міндетті түрде дәрігер тексеріп, ыстығын өлшеп, қажетті ақпаратты жинайды. Егу пациент вакцинацияға жазбаша келісімін бергеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Ал жоспар бойынша бір егу кабинетінің өткізу қабілеті орташа есеппен алғанда күніне 60 адамды құрауы тиіс деген болжам бар.

«Спутник V»  вакцинасын жеткізу логистикасымен бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» айналысады. Ал екпе препаратының өзі технологиялар трансферті бойынша Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндіріледі. Аталған вакцина  «СК-Фармация» қоймаларына келіп түскеннен кейін облыстық екпе қоймасына жеткізіледі де, аймақтарға таратылады.

Негізінде «Спутник V» вакцинасының логистикадағы өзіндік ерекшеліктері бар екенін айта кету керек. Мәселен оны тасымалдау кезінде -20° C температуралық режімді сақтау қажет. Сондықтан тасымалдау белгіленген температураны 48 сағат бойы ұстап тұратын сыйымдылығы 80 литр болатын арнайы термоконтейнерлерде жүзеге асырылады. Температуралық режімді жазуды логгерлер жүргізеді. Кейіннен электронды деректер тіркеушісін компьютерге қосып, температураның ауытқуын бақылауға болады. Ал бүгінгі күнде облыстық денсаулық сақтау басқармасы вакцинаны сақтауға арналған арнайы медициналық мұздатқыштарды сатып алған екен.

Қарағанды облысында вакциналау мынадай жоспар бойынша іске асады: бірінші кезеңде өңірдің инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық көмектің, реанимация бөлімшелерінің, АМСК ұйымдарының, қабылдау бөлмелерінің және санэпидқызметтің тоғыз мыңға жуық медқызметкері егіледі. Одан кейін педагогтар, күштік құрылымдар  қызметкерлерін және созылмалы аурулармен диспансерлік есепте тұрған адамдар вакциналаудан өтеді.

Жауапты мамандар ресейлік «Спутник V» вакцинасы қауіпсіз дегенді айтады. Бұл өзі екі құрамдас бөліктен тұратын препарат екен. Бірінші және екінші егілудің арасындағы мерзім 21 күн болуы тиіс. Бір ескерте кететін жайт, вакциналауға 18 бен 60 жас аралығындағы ересектер ғана жатады. Ал басқа жас санаттары үшін сынақтар әлі жүргізілмеген. Егер де дертінің жіті кезеңінде болмаса, созылмалы аурулары бар адамдарды да егуге болады екен. Тағы бір айта кететін нәрсе, егер адам алты ай бұрын КВИ-мен ауырып тұрған болса, бұл жағдай вакциналаудың қажеті жоқ деген сөз емес. Себебі адам иммунитетінің қандай мерзімге қалыптасатыны әлі белгісіз болып отыр.

Маман-дәрігерлер вакциналаудан бір тәулік бұрын және одан кейін де бір күн бойы спорттың ауыр түрлерімен шұғылдануға, саунаға баруға және спирттік ішімдіктер ішуге болмайтынын ескертеді.