Қазақстанда неонатолог дәрігерлерге арналған тегін бейне-курстардың онлайн платформасы пайда болды. «AYALA онлайн-академиясы» – бұл неонатология, балалар реаниматологиясы, жаңа туған нәрестелер патологиясы және шала туған сәбилерді бағып-күтуге маманданған қазақстандық дәрігерлердің біліктілігін арттыруға көмектесетін тегін бейне-курстар платформасы. Жобаны AYALA қайырымдылық қоры «Шеврон» компаниясымен бірлесе отырып жүзеге асырады, деп хабарлайды Egemen.kz
Жобаның мақсаты – қазақстандық озық тәжірибені мен ыңғайлы онлайн-технологияларды қолдана отырып, ауыр жағдайда туған нәрестелерді емдеудің инновациялық әдістерін енгізу. Платформа жылына бірнеше мың медицина қызметкерінқосымша кәсіптік біліммен қамтуға мүмкіндік береді.
«Біздің қор 14 жыл бойы Қазақстандағы сәбилер мен балалар өлімін азайту үшңн жұмыс істеп келеді. Оның ішінде отандық дәрігерлердің біліктілігін арттыру да бар», деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.
«Шеврон» компаниясының өкілі Ләйлә Айтмұханова: «Жаһандық пандемия медицина қызметкерлері үшін білім мен өздігінен білім алудың маңыздылығын көрсетті, сондай-ақ бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесінде елеулі өзгерістерді талап етті. Біз Қазақстандағы әлеуметтік бағдарламаларымызды алғашқылардың бірі болып қайта құрылымдап, пандемия кезеңінде медицина кадрларын даярлау саласында көптеген бағдарламаларды жүзеге асырғанымызды мақтан тұтамыз», дейді.
Жыл сайын AYALA қорының тегін курстарынан Қазақстанның перинаталдық орталықтары мен перзентханаларының 150-ге жуық дәрігері өтеді. Жобаны жүзеге асыру барысында 500-ден астам медицина қызметкері оқытылды. Алайда, егер ҚР-да жұмыс істейтін педиатрлар мен неонатологтардың жалпы статистикасын алатын болсақ, бұл 8 пайыздан аспайды. Сондықтан онлайн-академия оқуға қатысатын медицина кадрларын қамтуды арттыру міндетін қойып отыр.
Жобаның тағы бір міндеті дәрігерлерді оқытуға барынша қолайлы жағдай туғызу. Өйткені олардың әрқайсысы білімін арттыру үшін жеке уақыт пен бағдарламаны таңдай алады.
Платформада «Өкпені жасанды желдету» және «Сурфактанттарды енгізу» атты 2 бейне курс орналастырылған. Оларды Қазақстан мен Ресейдің жоғары санатты практик-дәрігерлері – Талғат Жорабекұлы Толықбаев пен Андрей Петрович Аверин әзірледі.
Курстар блоктарға бөлінген, бұл материалды тез игеруге көмектеседі. Тіркеуден кейін дәріс 2 ай бойы ашық, қол жетімді болғандықтан, курстан тіпті жұмыс орнында өтуге болады, оны кішігірім үзінділермен тыңдап, қажет болған жағдайда жазбаға қайта оралады. Әр дәріске таныстыру материалдары ұсынылады. Аяқталғаннан кейін тыңдаушылар тікелей эфирде немесе чатта нақтылайтын сұрақ қоя отырып, дәріскерден кері байланыс алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ әрбір блоктан кейін және курстың соңында міндетті тест тапсырмасы түрінде меңгерілген материалды бақылау көзделген.
АЛМАТЫ