Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ең алдымен мемлекеттік аппарат реформаланатын болады. Мен мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесі туралы Заңға қол қойдым. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуді, мемлекеттік қызметшілерді іріктеуде ашықтықты арттыруды, меритократия қағидаларын енгізуді, яғни жақсы кадрларды ілгерілетуді қамтамасыз етеді», деген болатын.
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ең алдымен мемлекеттік аппарат реформаланатын болады. Мен мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесі туралы Заңға қол қойдым. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуді, мемлекеттік қызметшілерді іріктеуде ашықтықты арттыруды, меритократия қағидаларын енгізуді, яғни жақсы кадрларды ілгерілетуді қамтамасыз етеді», деген болатын.
Мемлекеттік қызметке қойылған осындай талаптармен мемлекеттік қызметке кадр іріктеудің ашықтығы қағидаттарын және кадрлардың кәсібилігі мен меритократияны қорғауға негізделген «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына үстіміздегі жылдың 26 наурызынан бастап өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Заңда ашықтық, объективтілікті қамтамасыз ету шаралары қарастырылған. Біріншіден, тестілеу конкурстан ажыратылған. Азаматтар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне келіп, тестіні тапсыруға өтінімдерін қалдыра алады. Департамент өтінімдердің белгілі бір көлемі жиналуына қарай кесте құрастырып, азамат тестілеуді тапсырып, бір жыл мерзіміне жарамды сертификат алады. Мемлекеттік органдар конкурс жариялаған уақытта оларға тестіні қайта тапсырудың қажеті болмайды, олар бұл сертификатпен конкурсқа қатысып, тек әңгімелесуден ғана өтеді.
Осылайша, конкурсты өткізу уақыты үш есеге – 45 күннен 15 – 20 күнге дейін қысқарды.
Сондай-ақ, Заңда заңсыз кадрлық шешімі үшін конкурстық комиссия мүшелерінің және мемлекеттік орган басшысының жауапкершілігі қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері төрағасының бұйрығымен бекітілген Бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға қонкурс өткізу және конкурс комиссиясын қалыптастыру қағидасында «Бақылаушы» түсінігі енгізілді. Яғни, конкурс комиссиясы жұмысының ашықтылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін оның отырысына мемлекеттік орган басшысының келісімімен байқаушыларды қатыстыруға жол беріледі.
Конкурс комиссиясының отырысына байқаушылар ретінде Қазақстан Республикасы Парламентінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының, Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіпте аккредиттелген бұқаралық ақпарат құралдарының, басқа мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің (үкіметтік емес ұйымдардың), коммерциялық ұйымдардың және саяси партиялардың өкілдері, уәкілетті органның қызметкерлері қатыса алады. Байқаушылар әңгімелесу өткізу процесінде кандидаттарға сұрақтар қоймайды. Байқаушыларға конкурс комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасауға, кандидаттардың жеке басы деректеріне қатысты мәліметтерді жариялауға, кандидаттар қатысатын конкурс рәсімдерінде олардың техникалық жазба құралдарын қолдануға жол берілмейді.
Байқаушы ретінде конкурс комиссиясының отырысына қатысу үшін тұлғалар әңгімелесу басталуына 1 жұмыс күні қалғанға дейін кешіктірмей персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) тіркеледі. Тіркелу үшін тұлғалар персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, қандай ұйымдарға, немесе партияға тиесілілігін растайтын құжаттардың түпнұсқасын немесе көшірмелерін ұсынады. Конкурс комиссиясының хатшысы байқаушыларды әңгімелесу басталардан бұрын тиісті жадынамамен таныстырады.
Байқаушылар конкурс комиссиясы отырыстарының хаттамаларымен танысуға және тиісті мемлекеттік органның басшылығына және уәкілетті органға конкурс комиссиясының жұмысы туралы өздерінің пікірлерін жазбаша түрде бере алады.
Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарының немесе қоғам өкілдері конкурстық комиссияның жұмысын және одан кейін әңгімелесудің өткізілу барысын бақылай алады. Сондай-ақ, конкурстық комиссияның жұмысына баға бере алады. Бұл – конкурстық комиссияның жұмысын тәртіпке келтіретін болады және бұл әділетті конкурстық іріктеудің ашықтығын қамтамасыз етуде қосымша қадам болып табылады. Конкурстағы жалғыз ғана шектеу – бақылаушыларға үміткерлер туралы мәліметтердің берілмейтіндігі. Себебі, бұл – дербес ақпарат. Байқаушылар конкурстық комиссияның жұмысына ғана баға бере алады.
Сонымен қатар, мемлекеттік орган басшысының келісімі бойынша конкурс комиссиясының отырысына сарапшылардың қатыстырылуына жол беріледі. Сарапшы ретінде конкурс жариялаған мемлекеттік органның қызметкері болып табылмайтын, бос лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес облыстарда жұмыс тәжірибесі бар тұлғалар, сондай-ақ, персоналды іріктеу және жоғарылату бойынша мамандар, басқа мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері, Қазақстан Республикасының Парламент және мәслихат депутаттары қатыса алады. Сарапшылар әңгімелесуге қатысады, кандидаттарға сұрақ қояды, конкурс комиссиясының мүшелеріне кандидаттар туралы өз пікірлерін білдіреді. Конкурс комиссиясының қорытынды отырысына бұл тұлғалар қатыспайды.
Бүгінгі күнде облысымызда 1000-нан астам бос лауазым орындары бар. Ал, қазіргі жағдайда, өткізілген конкурстарға бақылаушылар, сарапшылардың қатыспауы, сондай-ақ, бір бос лауазымға бір немесе екі ғана үміткердің қатысуы конкурстың ашық та жария өткеніне күмән туғызуымен қатар, тұрғындардың мемлекеттік органның конкурс өткізуіне сенімсіздігін арттырады.
Сондықтан, бұқаралық ақпарат құралдарының, басқа мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің (үкіметтік емес ұйымдардың) және саяси партиялардың өкілдері мемлекеттік органдарда өткізілетін конкурстарға қатысып, белсенділік танытуы қажет болса, мемлекеттік орган басшылары осы бос лауазымдарға конкурстар өткізу барысында Заң мен оған тәуелді құқықтық актілердің талаптарын қатаң басшылыққа алуы тиіс.
Қуандық ҚҰЛАЖАНОВ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Оңтүстік Қазақстан
облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.