• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Ақпан, 2021

Биыл Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталады

395 рет
көрсетілді

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Күршім ауданының әкімі Дулат Қажановтың 2020 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы халық алдындағы есебін тыңдады. Жиынға қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ауданның тұрғындары онлайн форматта қатысты.

Күршім ауданында 2020 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы», «Ауыл - ел бесігі», «Нұрлы жер», «Таза ауыз су» мемлекеттік бағдарламалары аясында ауыз толтырып айтарлық жұмыстар атқарылған. Басты назар шекаралық аймақтағы шалғай ауылды мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталды. Нәтижесінде аудан бойынша өткен жылы жоспарланған 130 жобаға 7,2 млрд теңге бөлініп, соның ішінде Марқакөл аймағы бойынша 2,7 млрд теңгеге 65 жоба жүзеге асты.

- 2020 жылы аудан экономикасына 6,8 млрд. теңге инвестиция тартылды, өсім 56,2% - ды құрады. "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында алты кәсіпкер жылқы шаруашылығын дамыту, сүт өнімдерін өндіру цехын ашу үшін 29,0 млн.теңге сомасына мемлекеттік гранттар алды. Қалжыр және Боран ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысы аяқталды. Алты ауылда су тазарту үшін блокты-модульді станциялар орнатылды, Марқакөл ауылында су құбыры желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізілді. 39 шақырым ауыларалық автомобиль жолдары жөнделді. 7219 адам ұялы байланыспен қамтамасыз етілді, – деді Күршім ауданының әкімі Дулат Қажанов.

Кездесу барысында аудан тұрғындары көкейкесті сауалдарын аудан әкіміне ғана емес, тікелей аймақ басшысына қойды.

-        Көп жылдар бойы Балықшы ауылдық округіне көңіл бөлінбей келген еді. Енді ауылымыз көркейіп келеді. Балықшыларға да жағдай жасалынған. Олар рұқсаттама қағазды уақытылы алады. Десе де, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлынан сұрайтынымыз, ауылымызға жаңа мектеп салынса. Себебі, мектеп ғимараты ескі, сонау 1969 жылы салынған, - деді Жолнұсқау ауылының тұрғыны Чайсолтан Сарсеков.

Сонымен қатар, тұрғындар ұялы байланыс пен интернет сапасы, Қалжыр ауылына газ құбырын тарту, Марқакөл ауруханасын жабдықтау сияқты өзекті тақырыптарды тілге тиек етті. Күршімдіктер көпір мәселесін де назардан тыс қалдырмады.

- Күршім ауданы облыстың әлеуметтік маңызы бар аудандарының бірі. Өткен жылы аудан көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылды. ШҚО-ның шалғайда жатқан аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысына облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Мердігер компания өткен жылы белгілі болған. Биыл көпір құрылысын бастаймыз. Сонымен қатар, ауданданның шалғай ауылдық мекендерінде мектеп тапшылығы байқалады. Сол себепті мектеп құрылысы қолға алынды. Мәселен, Ұрынқай ауылының мектебінің жобалық-сметалық құжаттамасы осы айда талдаудан шығады, құрылысын жуық арада бастаймыз. Ал, Балықшыдағы мектеп жағдайын жақын арада қарастырамыз, - деді Даниал Ахметов.

Өткен жылы Күршім және Қалжыр ауылдарында екі пәтерлі 15 тұрғын үй бой көтерді. Мәдени ошақтар мен ауруханалар күрделі жөндеуден өтті. Күршім ауылындағы орталық алаң абаттандырылып, Абай ескерткіші, ән шырқайтын субұрқақ, төрт балалар ойын алаңы орнатылды. Марқакөл ауылында субұрқақ пен Абай ескерткіші, шағын футбол алаңы, сондай-ақ ойын және спорт алаңы бой көтерді. Күршім ауылындағы жабық бассейннің құрылысы аяқталып, Қалжыр ауылындағы спорт модулінде құрылыс жұмыстары басталды.

Айта кету керек, Күршім ауданы бойынша коронавирус індетімен күрес бағытында айтарлықтай жұмыс атқарылуда. Ауданға оттегі станциясы және 50 оттегі нүктесі бар магистраль орнатылды. 23 бірлік оттегі концентраторы мен 4 ӨЖЖ аппараты сатып алынды. Биыл Күршім аудандық ауруханасын II, ал Марқакөл ауылдық ауруханасын I-деңгейге көтеру жоспарланып отыр. Ол үшін қажетті құрал-жабдықтар алуға 250 млн теңге жоспарланған.