Көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнес Сарай қайтыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz
Сарай Әнес Төлендіұлы 1937 жылы Ресейде, Астрахан облысы, Володарский ауданы, Кірмалай ауылында туған. ҚазҰУ-ды бітірген. «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасында редактор, Қазақстан жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарған. Ол Батыс Алашорда тарихын қамтитын «Еділ-Жайық» романының және Алаш козғалысына қатысты деректі материалдардың авторы.
«Мұнаралар шақырады» (1969), «Бозқырау» (1973), «Қараша өткен соң» (1974) атты әңгіме-повестерінде, «Тосқауыл» (1976), «Алтын арал» (1984), «Еділ—Жайық» (1994) романдарында Астрахан—Атырау өңірі еңбеккерлерінің өмірін, тыныс-тіршілігін арқау еткен. «Мұхаммед пайғамбардың өмірі», «Исатай мен Махамбет», «Қу тазша», «Тойтиып қалды», «Ару Алматы», «Мұңым менің», «Аңсау» пьесаларының авторы. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996).