Көкшетау қаласындағы орталықтандырылған газ тарату құрылғылары орнатылған 645 көп қабатты тұрғын үйде 37 мың тұтынушы тұрады. Тұрғын үйлердің 14,7 пайызы ғана орталықтандырылған көгілдір отынмен қамтылып отыр. Қаладағы көп қабатты үйлерде тұратын тұрғындардың 60,3 пайызы газ баллондарын пайдаланады. Бұл жайт үлкен қауіп тудыруда.
Орталықтағы көп қабатты үйлердің астыңғы қабатында қоғамдық тамақтандыру және әртүрлі қызмет көрсететін орындар өте көп. Олардың барлығы орталықтандырылған газ болмағандықтан, газ баллонын пайдаланады. Бұл да соңғы жиырма жылда созылмалы сырқаттай емі табылмай тұрған дауасыз дерт тәрізді болып тұр. Бірақ көкшетаулықтардың бұл көрініске еттері үйреніп кеткен. Өтпелі кезеңнің өкпек желі орталықтандырылған газ құбырларын ойсырата бүлдіріп кеткен кезде көп қабатты тұрғын үйде тұратындар амалсыздан газ баллондарын пайдалануға көшті. Алғашқы бетте газ баллондарын жоғары қабаттарға көтергенде көрсетпей қапқа салып, жамылғымен жауып таситын. Кейін оны да ұмытты. Құдды дәл осылай болуға тиіс тәрізді.
Қала әкімдігі көп қабатты үйлердің көгілдір отын тарататын құрылғыларын қалпына келтіруге біршама талпыныс жасағанымен, әзірге ниет білдіретін ұжымдардың жоқтығынан көпшіліктің қауіпсіздігі үшін аса қажетті іс нәтижесіз. Қала басшыларының мәлімдеуінше, ең басты себеп – орталықтандырылған газ құбырларын қайтадан қалпына келтіруге қажетті қаржының аздығы, екіншіден, қираған газ құрылғыларының бұрынғы нақты иелерін іздеп тауып, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік жеткіліксіз. Қала әкімінің орынбасары Ермек Төлеуовтің айтуына қарағанда, қазір әділет департаментінде газ тарату құрылғыларына қатысты құжаттар дайындалып, тіркетілуде.
Газ құрылғыларының қауіпсіздігіне жауап беретін құзырлы мекеме – энергетика басқармасындағылар газ баллондарын заңсыз пайдаланып отырған тұрғын үйлердің нақ санын тап басып айтып бере алмайды. Соған қарағанда, ұзақ уақыттан бері қордаланып қалған бұл мәселеге нақты назар аударып, есеп-қисабын жүргізіп отырған ешкім жоқ деп айтуға болады. Қазір облыс орталығындағы 240 газ тарату қондырғысының бақандай 99-ы жұмыс істемейді. Көп қабатты үйлердің ауласына барсаңыз, бір кезде халықтың игілігіне әбден жарап тұрған, кейін ту-талақай бұзылып, талан-таражға түскен газ тарату құбырларының үйіндіге айналған қалдығын көрер едіңіз. Ел ақылды қала, ақылды үй салып жатқанда, қарапайым газ тарату құбырына қол жетпеу, тіпті жаңадан салмай-ақ қойсын, бұрынғы барын қалпына келтіру қолға алынбай жатқанына шынымен таң қаласыз.
– «Центральный» шағын ауданындағы №59 үйдің тоғызыншы қабатында тұрамын, – дейді қала тұрғыны Қайрат Қожақов, – газ құрылғысы құрдымға кеткелі жиырма бес жылға таяп қалды. Біз осында көшіп келгенімізде тәп-тәуір істеп тұрған болатын. Облыс орталығы сусыз, газсыз қалған қиын уақытта құбыр арқылы көгілдір отын беру тоқтатылды. Содан бері бұл мәселеге назар аударған ешкім жоқ. Әркім өз күнін өзі көруде. Жасы келіп қалған адамға тоғызыншы қабатқа газ баллонын арқалап шығару да оңай емес. Оның үстіне өте қауіпті. Құдды бомбаның үстінде отырғандай қорқып-үркіп күн кешудеміз. Кім біледі, өзің мұқият болғанмен, көршің ыждағатты бола ма?!
Өткен жылдың желтоқсан айының соңында облыс орталығындағы Васильковка шағын ауданындағы бір пәтерде оқыс оқиға орын алды. Бірінші қабаттағы пәтерлердің бірінде 5 литрлік газ баллоны жарылды. Жарылыс салдарынан 8 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Екі қыз бала өмірден озды. Кейін анықталғандай, жарылыс газ баллонын дұрыс пайдаланбаудан болған. Мұндай қайғылы оқиғалар еліміздің бірнеше аймағында орын алды. Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, облыс орталығында көп қабатты тұрғын үйлердің 60 пайыздан астамы амалдың жоқтығынан ереже бұзып, газ баллондарын пайдаланып отырғандығын көре тұра, әрекет етпегендігімізді қалай түсінуге болады?!
– Негізінде қолға алса іске асыруға әбден болар еді, – дейді қала тұрғыны Бауыржан Молдағалиев, – кеңес заманында салынған көп қабатты тұрғын үйлердің бәрінде газ жүйесі тартылған. Рас, кейбіреулер ұзақ уақыт бойы ұмтылыс болмағаннан кейін пәтеріндегі желілерді кесіп тастауы мүмкін. Бірақ негізі бар. Сондықтан, орталықтандырылған жүйені қалыпқа келтірсе, пәтер иелерінің өзі-ақ жеке қаражатына қосып алар еді. Сонда жөндеуге қаражат та қажет емес. Есесіне, қауіп-қатерден құтыламыз.
Шынында да ереже бойынша екі қабаттан биік ғимаратта газ баллонын пайдалануға тыйым салынған. Алайда, қаншама тұрғынның қауіпсіздігіне жергілікті билік жеткілікті көңіл аударатын емес. Ермек Төлеуовтің айтуына қарағанда, газ тарату құрылғыларын қалпына келтіру жұмысына тендер жарияланған.
– Шамасы осы жұмыспен айналысатын ұжымдар газ тарату құрылғыларының бағасының арзандауын тосып отырған шығар, – дейді қала әкімінің орынбасары, – әзірге қиын түйіннің шешімін табудың жолдарын қарастырудамыз.
Бірақ өкінішке қарай, тендердің бірінші кезеңіне ешкім қатыспаған. Енді арзандату әдісі қолданылмақ. Бәлкім сол кезде барша қала тұрғындарының бас ауруына айналып отырған мәселе шешімін табуы мүмкін.
КӨКШЕТАУ