• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Ақпан, 2021

Бар үміт – вакцинада

126 рет
көрсетілді

Өңірде дендеп кірген індеттің беті қайта ма десек, қайта көбейіп барады. Соңғы мәлімет бойынша Шығыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясының 81 жағдайы тіркелген.

31 қаңтар күні «Спутник V» вак­цинасының біраз бөлігі Шығыс Қазақстан об­лы­сына да же­тіп, ақпанның алғашқы күні­нен-ақ егу басталып кетті. Екпе алдымен денсаулық сақтау сала­сының мамандарына салынды.

– Ең бірінші инфекциялық ауруханалардағы дәрігерлерге, медбикелерге, тазалықшы­лар­ға қойылады. Екінші кезекте жансақ­тау бөлімінде еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлері алады. Үшінші қабылдау бөлімдеріндегі ақ халаттылар егіледі. Онымен тоқтамайды. Вакцина ақпанның 15-нен кейін тағы келеді. Сәуірде 75 мың доза көлемінде отандық QazCoVac-P вакцинасы келеді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жайық Жұмаханов.

Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны Өскемен­де алғашқылардың бірі болып облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Қанат Тұрдиев және «Ана мен бала» орталығының бас дәрігері Ермек Омарбеков, Семейде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Думан Берікұлы, перинаталдық орталықтың бас дәрігері Арқат Дайырбеков алды.

Ерікті түрде екпе алған Думан Берікұлының айтуынша, ешқандай теріс әсері сезілмеген. Айта кетсек, он сегіз жасқа толмаған балаларға, жүкті әйелдерге, бала емізетін аналарға екпе жасалмайды. Сондай-ақ бұл екпеге аллергиялық реакция­сы бар азаматтар да егілмейді.

Шығыс Қазақстан облысына жеткізілген 1 300 дозаның 650-і Өскеменде қалса, 650-і Семей­ге жіберілді. Вакцина саны мұнымен шектелмей, ай сайын 500 мың дозаға көбейіп оты­рады. Еске сала кетсек, екпе алу тегін жүргізіледі. Алды­мен вакцина алуға келген әр аза­мат дәрігердің тексерісінен өтеді. Вакциналау екі кезеңге бө­лін­ген. Бірінші компонентті ен­гіз­геннен кейін араға 21 күн са­лып, екіншісі салынады. Айта кетерлігі, егу ерікті түрде жүргізіледі. Әркімнің ден­саулығы – өз қолында.

 

Шығыс Қазақстан облысы