Мұғалжар ауданының Ембі қаласында жөндеу жұмыстары жүргізілген көп қабаттағы үйдегі пәтерлер кезекте тұрған әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға беріледі деп хабарлайды Egemen.kz
Ақтөбе облысындағы тоғыз жолдың торабында орналасқан шағын қалалардың бірі –Ембіде көп қабатты үйлерді қайта жөндеу, жол салу, көшелерді абаттандыру жұмыстарының жүйелі жүргізілуінің арқасында шағын қаланың келбеті біртіндеп өзгеріп келеді.
Бұрын қалаға кіреберістегі Бауыржан Момышұлы атындағы көше бойындағы иесіз қалған қос бес қабатты тұрғын үйдің сыртқы келбеті адам шошырлықтай болатын. Ембіліктер әкімнің есеп беру жиындарында жыл сайын оны мәселе етіп көтеріп жүрсе де, көптен қолға алынбай жүрген іс еді. Иесіз үйлердің тарихы 1994 жылдан бастау алады. Сол жылдары қос үйдің пәтер иелері бірінен соң бірі алыс шетелдерге көше бастағанда, үйлердің есік-терезелері түгелдей тоналып, ең соңында бетон қабырғалар ғана үңірейіп қалды. Бірер жыл бұрын №11-ші үйдегі 45 пәтер мен №15-ші үйдегі 90 пәтерге толық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шатырлары жаңаланып, есік-терзелері қайта қондырылып, подъездері жөнделіп, коммуналдық желілерге қосылған соң қаланың келбетіне көрік қосатын жақсы ғимаратқа айналды. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, әрлеу жұмыстары ғана қалды. Енді жақын аралықта осы үйдегі 135 пәтер Ембі қаласында тұрғын үй кезегіне тұрған әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар –мүгедектер, ата-анасыз қалған балалар мен көп балалы отбасыларға беріледі деп хабарлайды Мұғалжар аудандық тұрғын үй қатынастары бөлімі.