1930-1937 жылдар аралығында Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы Үкіметінде Денсаулық сақтау халық комиссары, Әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары, Қазатком төрағасының орынбасары лауазымдарында болған Бейсенғали Әбдірахмановтың есімі бүгінде көп айтыла бермейді.
Белгілі зерттеуші Мақсат Тәжімұраттың «Батыс Алашорда» биобиблиографиялық сөздігінде мынадай деректер бар:
«Әбдірахманов Бейсенғали 1888 жылы бұрынғы Орал облысы Ілбішін уезі Жұбанышкөл болысында туып, 1960 жылы қайтыс болған. Алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Қазақстанда денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы. Кедей шаруа отбасында туып-өсті. Болыстық орыс-қазақ мектебін бітірген соң мұғалім И.К.Мальковтың көмегімен Орал қаласындағы қолөнер училищесіне түсіп, ат-әбзел цехы бөлімін «әбзелшінің қолғанаты» мамандығымен бітірді (1902-1907). Орынбор мұғалімдер мектебіне түсе алмаған соң Оралдағы әк зауытында жұмыс істеді, ауылға келіп мал бақты. 1909 жылы облыстық денсаулық сақтау бөлімінің стипендиясымен Воронеж ер балалар фельдшерлік мектебіне түсті. Фельдшерлік мектепті 1911 жылы бітіріп, 1914-1917 жылдары ІІ учаске аталған алты болыс Қаратөбе елінде фельдшер болып істеді. Ақпан революциясынан соң М.Жолдыбаев, Ж.Нияров, Ү.Жаманов, О.Исаев, Х.Сағындықовтармен бірге Алаш қозғалысына қатысты. Досмұхамедовтар мен Әлібековтер тобынан бейтарап ауыл интеллигенциясы құрамында болды...»
Батысқазақстандықтар мүлдем ұмытып кете жаздағанымен, Бейсенғали Әбдірахманов – өз заманында өте жауапты, лауазымды қызметтер атқарып, мансап баспалдағының шыңына шыққан тұлға. Ол 1930-1937 жылдар аралығында Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы Үкіметінде Денсаулық сақтау халық комиссары, Әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары, Қазатком төрағасының орынбасары міндеттерін атқарған.
Бейсенғали Әбдірахмановтың өмір жолында ақтаңдақ көп. Бір беймәлім жайт – 1933 жылдың қараша айынан 1937 жылдың мамырына дейін Қазақ АКСР-інің әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары болған қайраткер сол жылдың шілдесінде қызметін кенет өзгертіп, республикалық «Мал дайындау» кеңсесіне ауыстырылыпты. Одан кейінгі өмірбаянын «1937-1945 жылдары денсаулық сақтау жүйесінде қызмет атқарған. 1945 жылы денсаулық жағдайына байланысты зейнеткерлікке шыққан» деп екі ауыз сөзбен түйіндей салыпты.
«Алаш. Алашорда» энциклопедиясында Бейсенғали Әбдірахмановтың азамат соғысы кезінде Х.Сағындықовпен бірге елді текетіреске түскен күштерден қорғайтын Қорғаныс комитетін құрғаны, 70 адамнан тұратын халық жасағын ұйымдастыруға қатысқаны айтылады.
Алаш қозғалысында бейтарап ауыл интеллигенциясы құрамында бірге болды делінетін Молдағали Жолдыбаев, Жақу Нияров, Үмбет Жаманов, Ораз Исаев, Хален Сағындықовтар 1937-нің саяси қуғын-сүргінінде қудаланып, атылып, сотталып кеткенде, Бейсенғали Әбдірахмановтың қалай аман қалғаны белгісіз. Өмірбаянындағы ақтаңдақтарға қарағанда ол да қудалануы, істі болуы әбден мүмкін.
Біз жақында Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінен Бейсенғали Әбдірахмановтың 1923 жылдың басында өз қолымен толтырған өмірбаянын және фотосуретін тауып алдық. Бұл кезде ол Орал губерниясы Орал уездік-қалалық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі қызметінде болған екен.
Оқырман назарына бұрын баспа бетін көрмеген осы өмірбаян мен фотосуретті ұсынамыз:
«Мен Бейсенғали Әбдірахманов, 31 жастамын, Орал губерниясы Орал уезіндегі Жұбанышкөл болысының №2 ауылында тудым, ұлтым қазақ.
Менің әкем Әбдірахман Тастеміров (тағы бір аты – Әбен Қалмақов, қазақ дәстүрінде, әсіресе әйелдер күйеуінің жақын туыстарына түрлі ерекшелігіне байланысты ат қояды) 63 жаста, нағыз кедей қара шаруаның тұқымы, бүкіл өмірін Орал уезі Шаған болысына (бұрынғы Скворкин стансасына) қарасты Богатск кентіндегі казактарға жалданып, мал бағып өткерген. Оның әкесі, менің атам Тастемір де осы кәсіпте өле өлгенше жүрген екен. Мен 7 жасқа келгенде әкем жүзбе балықшы кәсібіне кетіп, біз анамызбен бірге казактарда бақташылықта қала бердік. Мен сол жерде жасым өскен сайын жұмысым да көбейіп, әуелі – лақ, кейін – бұзау, одан соң сиыр бақтым. Сол кездері қыста Өріктікөл-Жұбанышкөл бір сыныптық училищесінде оқыдым. Бірақ ол мектепті бітірмей, Орал қаласындағы төменгі қолөнер училищесіне түстім. Сөйтіп, 1907 жылы курсты бітіріп, ат әбзелдерін жасайтын шебердің көмекшісі мамандығын алып шықтым. Алайда бұл мамандығыма сай жұмысты қаладан да, даладан да таппадым. Сөйтіп, 1907 жылдың жазында бағымды сынап көрмек болып, әкеммен бірге Орынбор қаласына, мұғалімдер мектебіне келдік. Бірақ біз қабылдау емтиханынан әлдеқайда ерте келіппіз. Әкем күтуге шамасы келмей, маған бар-жоғы 3 сом қаражатын қалдырып, кейін кетті. Мен әрине, емтиханнан өте алмай, құлап қалдым. Өйткені ол мектепке түсу үшін ықпалды адамның кепілхаты, қолдауы керек еді. Сонымен, елге қайтатын қаражат жоқ, Орынбордағы кірпіш зауытына әк түсіруші болып жұмысқа кірдім. Еңбекақым күніне 1 сом болды. Кейін күніне 70 тиын еңбекақыға кірпіш қалаушы болып қара күзге дейін еңбек еттім. Сөйтіп, күзде Орал қаласына оралып, қалалық училищеге қатынап, оқушы болып қабылдандым. Алайда материалдық қиындықтарға байланысты ол жерде бір қыстан ары қарай оқи алмадым.
1908 жылы Орал төменгі ауыл шаруашылық училищесіне интернатта жатып оқушы атандым. Осы училищенің қабырғасында фельдшерлік мамандыққа даярландым. Сөйтіп 1909 жылдың күзінде Воронеж фельдшерлік-медициналық мектебінің сынақ емтиханынан өттім. Бұл курсты стипендия алып оқып, 1914 жылы маусым айында бітіріп шықтым. Оқып жүріп, каникул кезінде отбасыма көмектесу үшін түрлі жалдамалы жұмыстар атқардым.
Фельдмектеп курсын тәмамдаған соң сол 1914 жылы мені Жымпиты уезінің Қаратөбе ауылына фельдшер қызметіне жіберді. Мен Камен (қазіргі Тасқала – Қ.Қ.) болысы Чернояров хуторында жалшылықта жүрген отбасымды өзіммен бірге Қаратөбеге көшіріп алдым. Осы Қаратөбе кентінде учаскелік фельдшер болып, 1919 жылдың соңына дейін үздіксіз қызмет еттім. Осы ауданның 4 болысына дәрігерлік көмек көрсетіп, Жымпиты уезінде болған барлық оба және тырысқақ індетін жоюға атсалыстым.
«Алашорда үкіметі» Қызылқоғаға кеткен соң мен бір жолдасыммен – қазіргі РКП(б) мүшесі Сағындықовпен бірге Қаратөбе кентінде кеңес ұйымдастырдық, оған көптеген милиция қызметкерін жинадық, сөйтіп, ақтар армиясынан бөлініп қалған казак бөлімдерін, шағын топтарды тұтқындап, қарусыздандырып, Қызыл Армияға тапсырып отырдық.
Қаратөбеге әскери комиссар Кулинич бастаған 5 бригаданың 26 кавалериялық полкі мен 211 Курск полкі келген кезде мені жергілікті төңкеріс комитетінің (ревком) мүшесі әрі хатшысы етіп бекітті. Осы жерде 1920 жылдың 26 қаңтарына дейін қызмет етіп, уездің ревкомының шақыруымен Жымпиты уездік денсаулық сақтау комитетінің алқа мүшесі болып бекітілдім. Әрі бөртпе сүзек барагында фельдшер қызметін қоса атқардым. Одан кейін уездік денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, 1921 жылдың маусым айына дейін жұмыс істедім. Сол жылы қыркүйек айында Қаратөбе дәрігерлік бөлімінің меңгерушісі болдым.
1920 жылы 18 мамырда Ресей Коммунистік Партиясы (большевик) қатарына өттім. 1921 жылы қайта сайлау өткенге дейін уездік атқару комитеті президиум мүшесі, уездік РКП (б) президиум мүшесі, РКСМ (комсомол) Ұйымдастыру бюросының мүшесі, уездік кәсіподақ бюросы мүшесі болдым. 1921 жылдың қыркүйегінен 1922 жылдың мамырына дейін №2 Қаратөбе комсомол ұясының хатшысы болдым. 1922 жылдың мамыр-қыркүйек аралығында уездік РКП(б) комитетінің шақыруымен қайта сайлауды өткізу үшін уездік партия комитеті ұйымдастыру бюросының меңгерушісі болып тағайындалып, соңынан Орал қаласына ауыстырылдым. Қазіргі уақытта 6-уездік съезд сайлауы бойынша Орал уездік басқарма бөлімінің меңгерушісімін. Өзге партияда болған емеспін, Қызыл Армия қатарында қызмет еткен жоқпын. Осы күні Уезатком президиумының мүшесі, РКП (б) уездік комитетінің мүшесі, губатком мүшесімін.
Осы орайда айта кетейін, мен өзімді медицина қызметінде, яғни өз мамандығым бойынша жұмыс істегенде пайдалырақ болар едім деп санаймын, өйткені ауылдық жерде жасаған 9 жылдық тәжірибем бар ғой. Орал уездік басқарма бөлімінің меңгерушісі Б.Әбдірахманов».
Алматы қаласында тұратын белгілі тарихшы Алмас Жүнісбай Бейсенғали Әбдірахмановтың Қазақстандағы тұңғыш медициналық институтты ұйымдастырушылардың бірі болғандығын жазады. Қалай болғанда да қаратабан кедей шаруа арасынан шығып, білімі мен еңбегі арқасында үлкен тұлғаға айналған, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген жерлесіміздің өмір жолын бүгінгі ұрпақ біліп жүруге, ұмытпауға тиіс.
Батыс Қазақстан облысы