Індеттен құтылу үшін екпе алу қажет. Сондықтан жаппай вакциналау жүргізіле бастады. Денсаулық сақтау министрлігі екпені алмағандарға шектеу жасалмайтынын мәлімдеді. Бірақ алдағы уақытта вакцина алмаған адамдарды басқа елдерге кіргізбеуі мүмкін. Ал вакцинаны алғандардың есебін тіркейтін электронды құжат жасалса, екіншісін де қашан алатынын бақылай алады.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Ерғалы Асылбектің айтуынша, жергілікті дәрігерлер вакцина алуды бастап кетті. Ресейден жеткізілген 1 мың доза тек келісім берген дәрігерлерге ғана егілді. Екпе алғандардың мәліметі арнайы тіркеледі.
Бірақ тұрғындардың ойында үміт те, күдік те бар. Бұған әлеуметтік желідегі сансыз хабарламалар, індеттің таралуына орай айталатын әртүрлі алыпқашпа әңгімелер әсер етуде. Осындай негізсіз ақпараттың алдын алу, халықтың сенімін орнықтыру үшін екпені алдымен жергілікті басшылар, дәрігерлер алды. Яғни өңірде 170-тен астам медицина қызметкеріне індетке қарсы вакцина салынды. 122 дәрігер қалалық емханаларда, ал 49 дәрігер аудандық емханаларда екпе алды.
– Екпе алдында әр пациент міндетті медициналық тексеруден өтті. «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V) препаратының бірінші партиясы өңірге 1 200 доза көлемінде келіп түсті, – дейді бөлім басшысы.
Екпені егу барысы денсаулық сақтау басқармасының Instagram-дағы @depzdrav_pavlodar парақшасында көрсетілді. Мысалы, «Almaz Medical Group» ЖШС (бұрынғы №2 емхана) екпе кабинетінде алғашқылардың бірі болып облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова екпе алды.
– Вакцинаны салдыру алдында дәрігерлер барлық толық ақпаратты берді. Дәрігерлер дене қызуын, қан қысымымды, өкпемді тексеріп, індет жайлы қысқаша сауалдама алып, қарсы әсер болмаған соң егуге рұқсат берді. Вакцинаны өз еркіммен қабылдап жатырмын. Жазбаша келісімімді бердім, – дейді А.Құрманова.
Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық бөлімшесінің басшысы Нұрлан Қасымов, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова да 30 минут дәрігердің бақылауында болды. Олар енді 22 ақпан күні екінші кезеңдегі вакцинаны алады. Дәрігерлер екпе алушыларға денсаулығын бақылауға және шектеу шараларын сақтауға кеңес берді. Жалпы, министрліктің бастамасымен екпе алу жөнінде арнайы ақпараттық жүйе құрылған. Әр адамның электронды төлқұжаты бар. Оған екпе алғандардың жеке мәліметі енгізіледі. Осы арқылы тұрғындардың екпені алғаны мен алмағаны белгілі болады.
Облыстың бас санитар дәрігері Батырбек Әлиев өңір тұрғындарына тағы да үндеу жасап, эпидемиялық жағдайдың нашарлауына байланысты бірқатар шектеу шаралары қабылданғанын ескертіп, жұртты санитарлық талапты қатаң сақтауға шақырды, сондай-ақ өңірдің әлі де «Қызыл аймақта» екенін еске салды. Қазір өңірде 20 санитарлық бекет орнатылуда. Бекеттен азаматтар тек анықтама арқылы өтеді. Мысалы, Тереңкөл ауданында Песчан, Жаңабет ауылдарында шектеу шаралары енгізілді. Аудан тұрғындары мен қонақтары 1 ақпаннан бастап аталған ауылдарға анықтама арқылы бара алады. Железин ауданында да санитарлық бекет орнатылды. Аудан орталығы мен Башмачное ауылының тұрғындары санитарлық талапты қатаң ескеруі керек. Бұған дейін Ертіс ауданы мен Май ауданына қарасты Көктөбе және Кеңтүбек ауылдары жабылған-ды.
Павлодар облысы