• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Ақпан, 2021

Алғаш рет елордадағы сауда орталығында бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

233 рет
көрсетілді

Жеке сектор кәсіпорындарында бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру бүгінде Кәсіподақтар федерациясының басым міндеттерінің бірі болып табылады. Себебі, жеке меншік кәсіпорындарда да жиі проблемалар туындайды, ал жұмыскерлер қолдау мен қорғауды қажет етеді.

Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы өкілдерінің алдын-ала келіссөздер жүргізуінің нәтижесінде бүгін елордадағы «Әсем» сауда орталығында кәсіподақ ұйымын құру бойынша жиналыс өтті.

«Экономиканың жеке секторында кәсіподақ ұйымдарын құрудың ерекше маңызы бар екені анық. Қиын экономикалық жағдайда мемлекеттік немесе жеке кәсіпорын болсын, бірде-бір қызметкерді өз проблемаларымен жалғыз қалдырмау маңызды»,-деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы төрағасының міндетін атқарушы Т.Күнәділов.

«Әсем» сауда орталығының бас директоры Нұрлан Нұрмағамбетовтың айтуынша, әлеуметтік бағдарланған кәсіпорында 30 қызметкер еңбек етеді. Олардың жалақылары уақытылы беріледі. Қазіргі уақытта сауда орындарын жалға алған 300-ге жуық кәсіпкер өз ісін дөңгелетіп отыр. Кәсіподақ қозғалысына қатысу қызметкерлерге қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктерді пайдалануға мүмкіндік береді дейді.

Жиналысқа қатысушылар бастауыш кәсіподақ ұйымын құруды бірауыздан қолдады. Оның төрайымы болып сауда орталығының әкімшісі Зарина Малсағова сайланды.

Алдағы уақытта жаңадан құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыскерлердің мүдделерін ескеретін ұжымдық келісім-шарт жобасын әзірлейтін болады. Өз тарапынан Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының өкілдері құқықтық көмек көрсету, еңбекті қорғау жағдайын бақылау бойынша жұмысты ұйымдастыруға көмектеседі.