Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Отар станциясында «Шу-Алматы» бағытындағы №2534 жүк пойызының 10 платформасы рельстен шығып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық Төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жамбыл облысы Қордай ауданында «Бел-Аңырақай» аралығының 3858-шақырымында «Шу-Алматы» қатынасындағы № 2534 жүк пойызының 10 бос платформасы (барлығы 54 бос платформа болған) рельстен шығып кетті, оның 7-еуі бүйіріне аударылды, 3-еуі рельстен тайды», - делінген ведомство хабарламасында.
Оқиға салдарынан Отар станциясында жолаушылар пойыздарының кідірісі орын алды.
Атап айтқанда:
- «Алматы-Нұр-Сұлтан» бағытындағы № 3 жолаушылар пойызы 4 сағат 45 минутқа (167 жолаушы, оның ішінде 3 бала, 18 вагон);
- «Алматы-Петропавл» бағытындағы № 15 жолаушылар пойызы 2 сағат 37 минутқа (445 жолаушы, оның ішінде 43 бала, 16 вагон);
- «Алматы-Атырау» бағытындағы № 41 жолаушылар пойызы 1 сағатқа (227 жолаушы, оның ішінде 1 бала, 17 вагон);
- «Алматы-Қостанай» бағытындағы № 43 жолаушылар пойызы 30 минутқа (200 жолаушы, оның ішінде 1 бала, 19 вагон) кешіктірілді.
«Төтенше жағдайдан қаза болғандар мен зардап шеккендер болған жоқ. Сағат 20.00-де ТЖД-ның жедел желі номері іске қосылды. Отар бекетінде Жедел медициналық көмек ауруханасы кезекшілік атқаруда. Сағат 21.30-да тақ жолдағы жолаушылар пойыздарының қозғалысы қалпына келтірілді. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары «ҚТЖ» ҰК» АҚ күшімен жүргізілуде. Оған 50 қызметкер, 6 бірлік техника және Шу мен Алматы станцияларындағы 2 қалпына келтіру пойызы жұмылдырылған», - дейді ТЖД баспасөз қызметі