Ел аумағындағы кейбір өңірлерде ауа райының жайсыздығына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алып, шұғыл шешім қабылдау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында арнайы республикалық штаб құрылды, деп хабарлайды Egemen.kz
«Кеше 7 ақпан күні ауа райының күрт өзгеруіне байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің кризистік орталығында республикалық штаб құрылды. Мұнда ТЖМ мамандары, одан бөлек ҚазАвтоЖол, Қазгидромет және Қазақавтодор ұйымының қызметкерлері жұмыс істеуде. Республикалық штабқа әр сағат сайын барлық өңірден ауа райы мен жол қозғалысына қатысты тың ақпарат келіп түседі, ал осы жердегі мамандар сол ақпаратқа сүйене отырып, еліміздің қай аймағындағы жолды ашу немесе жабу керек деген шешім қабылдайды. Штаб тәулігіне 24 сағат кезекшілік режиммен жұмыс істеп жатыр», деді Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли елордада өткен баспасөз мәслихатында.