Павлодарлық полицейлер 13 жылдан бері баласына алимент төлеуден жалтарған қала тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алимент төлеу бойынша міндеттемелерді орындамау мәселесі біздің елімізде тек отбасылық мәселе емес, сондай-ақ мемлекеттік проблемаға айналған. Сот шешіміне қарамастан, алимент төлеуден жалтарған жауапсыз азаматтардың алимент бойынша қарыздары жыл сайын артып келеді, ал кейбіреулерінікі айтарлықтай сомаға жеткен.
Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров 2021 жылдың басынан бері өңір аумағында осындай бес факт тіркелгенін айтты.
– Мысалы, кәмелетке толмаған баласын асырауға қаражат төлеу түріндегі сот шешімін 13 жыл бойы орындамаған Павлодар қаласының тұрғыны анықталды. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы (Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деп хабарлады Жасқайрат Қайыров.