Қызылорда облысында қаңтар айындағы ақылы ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталып, нәтижесі белгіленді, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақта биыл 7002 оқушы 11-сыныпты аяқтайды. Оның 5832-і, яғни оқушылардың 83 пайызы ақылы ұлттық бірыңғай тест тапсырды. Қорытынды бойынша 409 түлек 100 балдан жоғары ұпай жинады. Қазалы ауданының №226 мектеп оқушысы ең жоғарғы 133 балл иеленді.
Ақылы тест 10 күн ұйымдастырылып, 8 тестілеу пунктінде өтті. Оқушылар карантин талабына сәйкес 5 сатыдан тұратын дезинфекциялық тексерістен өткен. Тест барысында дене қызу көтерілген оқушылар анықталмады.
Айта кетейік, биыл ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу электронды форматқа ауысады. Яғни түлектер наурыз-маусым аралығында ұлттық тест тапсырып, мемлекеттік грант алуға мүмкіндік алады.
Түлектер 100 күн ішінде компьютерлік тестілеу орталығына барып, ұлттық тестке қатысу құқығына ие болады. Яғни оқушы ұлттық тестті тапсыратын күнді өзі таңдап, ұлттық тестілеу орталығына өтінішті өзі қалдырып, сынаққа кіре алады.