Қазақстан соңғы үш жыл ішінде ұн экспортын екі есе азайтып отыр. Ал сыртқы саудаға жөнелтілген бидай тауарының көлемі керісінше екі есе ұлғайды. Ұн экспортының кемуі осыдан 10-15 жыл бұрын өркендеп дами бастаған астық өңдеу кәсіпорындарының көбін тығырыққа тіреп, банкротқа ұшыратқан болатын, деп хабарлайды Egemen.kz
Өзбек транзиті
Мәселен, кезінде ел көлемінде табысты жұмыс істеп тұрған 1300 диірменнен бүгінде 270 диірмен ғана қалыпты. Бұлардың да дені шаруасы шатқаяқтап жабылып қалуға шақ тұр. Қазақстанның сыртқы саудаға шығаратын ұны ішкі нарықта қалатын ұн көлемінен әлдеқайда көп. Яғни отандық ұн өндірушілер өнімнің басым бөлігін шетелге жіберіп отыр. Демек, ұн экспортына өріс тарылған сайын, отандық диірмендердің де жағдайы қиындай түседі. Алайда сарапшылардың сөзіне сенсек, Қазақстан соңғы 18 жыл бойы бидай ұнын экспорттау бойынша көш бастап келе жатқан алдыңғы үштіктің қатарында тұр. Олай болса, отандық ұн өндірушілер «сыртқы сауда бәсекесінде қауқар таныта алмай отырмыз» деп неге байбалам салып отыр?» деген заңды сауал туады.
Бұл мәселе таяуда ғана Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасында өткен кеңес отырысында талқыланды. Жиынға диірменшілер, Сауда және интеграция министрлігі мен өңдеу өнеркәсібі одағының өкілдері қатысты.
Отандық диірмендердің тығырыққа тірелуінің бірінші себебі, бұрын қазақ ұнын алтындай қалап алатын Тәжікстан мен Өзбекстан кейінгі жылдары Қазақстаннан дайын ұн сатып алуды күрт тежеп, өз диірмендерін дамытуға күш сала бастады. Енді оларға керегі ұн емес, бидай болып отыр. Нәтижесінде біздің диірменшілер аталған екі мемлекетте тұратын жалпы саны 40 миллионнан астам тұтынушысынан айырылып, ұнның басым бөлігін сатып алып жатқан Ауғанстанды қанағат тұтып қалды. Алайда Ауғанстанмен екі арада отырған ала шапанды ағайын өз жері арқылы өтетін қазақ ұнына алым салығын кесе-көлденең қойып, жолды қиындатып жіберді.
Бірақ бидай экспортына жол ашық. Мәселен, 2020 жылы 11 ай ішінде экспортқа кеткен бидайдың 54 пайызы Өзбекстанға жөнелтілген. Қазақтың қызыл бидайын тәжіктер де тамсанып алады. Ұн экспортының 65 пайызы басты тұтынушы – Ауғанстанға жөнелтіліп жатыр. Одан кейінгі орында Өзбекстан тұр. Қалғандарының үлесі 10 пайызға да жетпейді.
Алайда астық өңдеу саласын дамытып алған Өзбекстан мен Тәжікстан өз өнімдерін сыртқа да саудалап, Қазақстанның Ауғанстан нарығындағы басты бәсекелесіне айнала бастады. Диірмен кешенінің директоры Анзор Акбиевтің сөзінше, қазір Өзбекстанда 100-ден астам жоғары қуатты диірмен кешені бар.
– Бәрі 2000 жылдардың екінші жартысында, біз Тәжікстан нарығынан айырылып қалған тұста басталды. Тәжікстан сырттан келетін ұнның қосымша құн салығын 18%-ға көтеріп, өзінің ішкі нарығына қазақ ұнының кіруін тежеді. Кейін олар біздің сапасы жоғары бидайымызды сатып ала бастады да, өздерінің астық өңдеу өндірісін дамытуға ден қойды. Біз 2008 жылы Тәжікстанға шамамен 450-500 мың тонна ұн, 200 мың тоннадай бидай жөнелтетінбіз. Ал 2012 жылы 50 мың тонна ұн, 1 млн тоннадай сапалы бидай жеткіздік. Осылайша, Тәжікстан бізді, яғни Қазақстанды қосымша шикізат көзіне айналдырып алды. Содан амалсыз Өзбекстанға ауыстық. Кейін Өзбекстан да қазақ ұнына акцизі мен салығын, ҚҚС-ын енгізіп, ішкі нарығынан бізді ысырып тастап, өз диірмендерін дамытуға көшті, – деді «Бест-Қостанай» серіктестігінің коммерциялық директоры Олег Куртвапов.
Кәсіпкерлердің пікірінше, ұн экспорты бәсекесіндегі басымдықты жоғалтып алмау үшін, отандық тауардың Өзбекстан нарығына шығуына қолайлы жағдай туғызатын тиімді шаралар қабылдануы керек. Атап айтқанда, ұн транзитінің жоғары тарифіне жауап ретінде Қазақстан арқылы өтетін өзбек тауарларына жоғары тариф белгіленіп, оңтүстік шекарадан шыққан тауардың бәріне кедендік алым салынуы қажет. Биржа саудасының тізіміне қосуға қарсыСауда және интеграция министрлігі биыл шілде айынан бастап 1-сұрыпты ұнды биржалық тауарлардың санатына енгізу туралы шешім қабылдап отыр. Ал диірменшілер, керісінше, ұнды ол тізімнен алып тастау керек деп дабыл қағуда. Онсыз да Ауғанстанға ұн апаратын сауда жолына қасақана кедергі келтіріп отырған өзбек ағайынға өкпелі кәсіпкерлер министрліктің бұл шешімі жығылғанға жұдырық болып тиіп, ұн экспортын мүлдем тұралатып тастауы мүмкін деп қауіптенеді. Өйткені қазақ ұнының басты импортері саналатын Ауғанстан тарапы биржа саудасына техникалық тұрғыдан дайын емес. Сондықтан ұн биржа арқылы саудалана бастаса, Ауғанстан көптен бері көршісінің қолайына жағып, қазақ бидайынан тартылған өз ұнын өткізуге ұмтылып отырған Тәжікстан мен Өзбекстанға бұрылып кетуі мүмкін.
– Олар шикізат түрінде біздің астықты сатып алады да, өздерінде ұн тартады. Орталық Азияның басқа елдері осы саланы қарқынды дамытып жатыр. Оларға көптеген салық, тасымал жеңілдіктері қарастырылған. Сондықтан бізге олармен бәсекеге түсу қиын. Ала шапанды ағайынның түпкі мақсаты – Қазақстанды тек шикізат көзіне айналдырып, Ауғанстан нарығын толық өзіне қаратып алу. Оған Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі де мүдделі болып отырған сыңайлы. Өйткені министрлік 1 шілдеден бастап ұнды биржа арқылы саудалау туралы шешім қабылдап қойған. Яғни отандық өндірушілер енді ұнды биржа арқылы сатуға міндетті. Ал электронды саудаға негізгі тұтынушымыз Ауғанстан дайын ба, жоқ па, оған ешкім бас қатырып жатқан жоқ, – деді А.Акбиев.
Диірменшілердің сөзінше, қазақ ұнының сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеті жоғары. Сондықтан оған қызығушылар да өте көп. Бірақ оларға тікелей шығатын жол жоқ. Ал ұн биржа арқылы сатыла бастаса, Ауғанстанға да жол жабылады. Өйткені Ауғанстанның жағдайы тұрақсыз, биржа саудасына дағдыланбаған және бұл елде интернет пен электр қуаты желілері де дамымаған.
10 жылдан бері Ауғанстанға ұн экспорттап келе жатқан «Казторгтранс» серіктестігінің басшысы егер ұн биржа арқылы саудалана бастаса, өз жұмысшыларының 30 пайызын қысқартуға мәжбүр екенін айтты. Серіктестік директоры Гран Ака Халилулланың пікірінше, министрлік ұнды биржалық тауарлар тізімінен алып тастауы керек. Оның негізгі үш себебі бар.
– Біріншіден, 1-сұрыпты ұн қазақстандық компаниялар үшін бренд болып саналады. Яғни сатып алушы жай ұнды емес, өзі сенетін тауар өндірушінің уақыт сынынан өткен жоғары сапалы өнімін сатып алады. Мұндай сенімге ие болу үшін біз жылдар бойы табанды еңбек етіп келеміз. Енді осы еңбегіміздің бәрі зая кетейін деп тұр. Екіншіден, ұнның сақтау мерзімі – 3 айдан 5 айға дейін ғана. Биржа арқылы саудаласақ, ұнды сақтау қиын болады. Үшіншіден, ауғандық сатып алушылар биржа саудасына дайын емес, олардың мұндай сауда түріне қатысуға техникалық мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан Ауғанстанның біздің ұннан бас тартып, біржола Өзбекстанға бет бұру қаупі төніп тұр. Қазақстанда 270-ке жуық астық өңдейтін кәсіпорын қалды. Бүгінде олардың бәрі алаңдап отыр. Жағдай бұлай жалғаса берсе, Өзбекстан өз бидайымызды тартып, ұн етіп, өзімізге сататын күнге жетуіміз әбден мүмкін. Сондықтан мемлекет жағдайымызды түсініп, бұл мәселені жан-жақты қарастырып, қолдау көрсетеді деген үміттеміз, – деді ұн эспорттаушы.
Сауда және интеграция министрлігі 1-сұрыпты ұнды биржалық тауарлар тізбесіне сыртқы саудаға кететін өнімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында енгізген көрінеді.
– Егер ұн тек осы мақсатта енгізілсе, онда фискальды органдардың қажеті қанша? Біз ашық сауда жағынан әлем елдерінің алдында тұрмыз: бізде электронды қойма, электронды шот-фактура, онлайн кассалар бар. Біз мейлінше ашықпыз, биржаның не қажеті бар екенін түсінбеймін, – деген «Қостанай ұн компаниясы» серіктестігінің директоры Анатолий Маклаков өз пікірін егер ұн биржа арқылы сатыла бастаса, диірменшілер бидайды сатып аларда бір, одан өндірілген ұнды сатар кезде екі төлем жасайды, бұл ұн бағасының қымбаттауына әкеп соғады деп түйді.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің пікірінше, ұнды биржа саудасы арқылы сату деген әлемдік тәжірибеде жоқ нәрсе. Таяуда бұл мәселені зерделеп, сараптама қорытындысын шығарған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы министрліктің шешімімен келіспейтінін жеткізді.
«Біз ұнның биржа саудасы арқылы сатылуына қарсымыз. Өйткені мұндай маңызды шешімді қабылдамас бұрын, оның бизнестің дамуына тигізетін ықпал-салдары жан-жақты саралануы тиіс. Алайда мұндай жұмыс жасалмаған», деді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.
Кәсіпкерлер палатасы Сауда және интеграция министрлігіне хат жіберіп, ұнды биржа саудасы тізбесінен алып тастауды сұраған.
– Жағдай ушығып барады. Біз бұл шешімнің дұрыс еместігін дәлелдеп, министрлікке үндеу жолдадық. Қазір Ұлттық палата экономикалық негіздеме дайындап жатыр. Қалайда бұл шешімнің күшін жоюға тырысамыз, – деді облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Геннадий Кукоба.
Таяуда ғана ұн өндірісі саласының экспорттық саясатын қолдау және отандық ұн өндірушілерді қорғау жөнінде бағдарлама әзірлеу қажет деген бастама көтерген «Ақ жол» фракциясынан сайланған Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов ұнды биржалық тауарлар тізімінен дереу алып тастау туралы ұсыныс айтты. Депутаттың айтуынша, биржа арқылы саудаға түсетін, мәселен, 500 тонна ұнның өзіндік құны шамамен 1 мың долларға қымбаттайды.
– Мұндай қосымша ауыртпалық ауған нарығындағы бәсекелестікті түбегейлі өзбек және тәжік экспортшыларының пайдасына шешіп беруі мүмкін. Біздің Сауда министрлігі нені көздеп отыр? Сала сарапшыларының пікірінше, 1-сұрыпты ұн – әрбір отандық компанияның бренді. Сыртқы саудадағы бас әріптесіміз Ауғанстанның дәл қазір биржалық саудаға қатыса алатын мүмкіндігі жоқ. Мұндай жағдайда олар үшін сауданы ұйымдастыру, тауарды жеткізу, сондай-ақ қаржылық операцияларды жүзеге асыру тұрғысынан бізден әлдеқайда қолайлы өзбек пен тәжіктің ұнын сатып алу тиімді. Сондықтан отандық ұн өндірушілерге қолдау көрсетпесек, бүгінде әлемдегі ең ірі ұн экспорттаушы болып саналатын Қазақстан ертең диірменін дамытып, ұқсатып ұн сатып отырған көрші елдерге шикізат жеткізуші болып қана қалуы ықтимал, – деді Мәжіліс депутаты.
Отандық ұн өндірушілердің бас ауруына айналған тағы бір түйткілді мәселе – экспортқа шығатын өнім тасымалының шектен тыс қымбаттығы. Таяуда «Қазақстан темір жолы» жүк тасымалын қымбаттатты. Енді диірменшілер әр вагон үшін шекараға дейін 28 мың теңге артық төлейді. Жол құны қымбаттаған соң, артынша вагон иелері де өз бағасын көтеріп жіберген. Содан кейін бір вагонның жалдау құны 67 мың теңгеге қымбаттады. Салдарынан ел ішіндегі тасымалдың өзі ғана 95 мың теңгеге өсіп отыр.
Ұн өндірушілердің айтуынша, Тобыл өңіріндегі диірмендердің дамуына 15 жылдан бері вагон тапшылығы мен жүк тасымалдау тіркемелерінің тарлығы да айтарлықтай кедергі болып тұр. Отандық ұн өндірушілер, сонымен қатар, жергілікті диірмендерге астық тапсыратын диқандарға демеуқаржы бөлу мәселесін қарастыруды сұрап отыр. Мұндағы мақсат – сапалы бидайды сыртқа сатпай, ішкі нарықта қалдыруға ынталандыру.