Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова саладағы биылғы жаңалықтар мен өзгерістерді баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz
Біріншісі, әкімдіктердің білім беру саласындағы функциялары облыстық деңгейге беріледі. Бұрын жергілікті жердегі аудан әкімдері бөлім басшыларын тағайындап келсе, енді оны басқарма іске асырады. Екіншісі, қаңтар айынан бастап, саланы қаржыландыру облыстық деңгейге өтуде. Барлық білім беру ұйымдары басқарманың вертикалды басқару жүйесіне көшеді, яғни, аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру басқармаларына беріледі.
Өткен жылы білім басқармасының бюджеті 59 млрд теңге болса, вертикалды басқару жүйесі арқылы биылғы қаржы 173,3 млрд теңгені құрады.
Жиында осы жылдың алғашқы ҰБТ сынағы туралы да айтылды. Биылғы талапкерлердің басым бөлігі өткен айда тестілеуге қатысқан. Айта кету керек, қаңтар айындағы тест нәтижесі тек ақылы түрде білім алуға жарамды. Облыс бойынша бұл сынақты 7002 бітірушінің 5832-сі тапсырды. Осы жолы 100 балдан асырған бітірушілер саны – 409 болса, 815 бітіруші шекті балды жинай алмаған.
Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу электронды форматқа ауыстыру жоспарланып отыр. Түлектер мемлекеттік грант алу үшін наурыз-маусым аралығында ұлттық тест тапсырады.