19 сәуірде Оренбург қаласында “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының шекаралас филиалдары мен “Единая Россия” Жалпыресейлік саяси партиясының Кеден одағы бойынша жұмыс мәселелеріне арналған екінші аймақаралық форумы өтті. Оның жұмысына “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, Оренбург облысының губернаторы Алексей Чернышев, “Единая Россия” партиясы төрағасының орынбасары, Мемлекеттік Дума депутаты Владимир Пехтин, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының депутаттары, “Нұр Отан” ХДП мен “Единая Россия” ЖСП аймақтық филиалдарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті, “Нұр Отан” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты Қазақстанның ТМД-дағы интеграциялық үдерістерге белсене араласуына бағытталған. “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауында Елбасы: “...2010 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген Беларусь және Ресеймен Кеден одағын құру – бұл қазақстандық барлық интеграциялық бастамалардың алды”, – деп атап өткен болатын.
Форум Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Кеден одағын нығайтуға арналған бірлескен жұмыстың қарқынды жалғасына айналды. Әсіресе, Қазақстан мен Ресейдің билеуші партияларының Кеден одағын дамытудағы рөліне баса назар аударылды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей азаматтарын Кеден одағының мақсаты мен міндеттері туралы толықтай ақпараттандыруға, жаңа құрылым жұмысын табысты жүзеге асыру үшін қажет заңдар мен басқа да нормативтік актілерді үйлестіру үшін партияның Парламенттегі фракцияларының жұмысын реттеуге, және де партиялар мен олардың шекаралас филиалдарының ынтымақтастығын арттыруға ерекше көңіл бөлінді.
Форумда Кеден одағына қатысушы елдердің интеграциялық болашағы мен негізгі бағыттары, екі партияның шекаралас аймақтарда Одақ жұмысын жүзеге асырудағы аймақтық құрылымдарының рөлі талқыға салынған бірқатар сессиялар жұмыс істеді.
Форум нәтижесінде тиісті қарар қабылданды. Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулиннің екі жетекші партияның бірлескен іс-шаралары бағдарламасы аясында Владимир Пехтинмен кездесуі өтті. Кездесуде өткен жылы Санкт-Петербургте қол қойылған Ынтымақтастық туралы хаттаманың орындалуы жайлы әңгіме өрбіп, тараптар оның барлық баптарының жүзеге асырылып жатқанын атап көрсетті.
“Егемен-ақпарат”.