Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізіліп келе жатқан дәстүрлі брифингтің бұл жолғы қонағы Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов болды. Ол өз кезегінде еліміздегі қаржы нарығындағы жағдай жөнінде әңгімеледі.
– Республикамыздағы валюта нарығындағы жағдай тұрақты. Ұлттық валютаға әсер ететін ешқандай жайт орын алған жоқ. Еліміздегі баға тұрақтылығын қамтамасыз ету – Ұлттық банк үшін басты міндет.
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізіліп келе жатқан дәстүрлі брифингтің бұл жолғы қонағы Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов болды. Ол өз кезегінде еліміздегі қаржы нарығындағы жағдай жөнінде әңгімеледі.
– Республикамыздағы валюта нарығындағы жағдай тұрақты. Ұлттық валютаға әсер ететін ешқандай жайт орын алған жоқ. Еліміздегі баға тұрақтылығын қамтамасыз ету – Ұлттық банк үшін басты міндет. Өздеріңізге белгілі, ағымдағы жылдың аяғына дейін инфляцияның жалпы көрсеткіші 5 пайыздың маңайында, бұл өткен он жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш болғанын айтқым келеді, – деді Ұлттық банк төрағасы Қ.Келімбетов. Сондай-ақ, ол ұлттық валютамыздың тұрақтылығы Ұлттық банкке еліміздің алтын-валюта қорын одан әрі қарай арттыруға мүмкіндік бергенін және бүгінгі таңда оның көлемі 93,9 млрд. доллардан асып отырғанын жеткізді. «Біз Елбасының тапсырмасына сәйкес, ендігі жылы 100 млрд. доллардан астам бірлескен халықаралық резервке ие боламыз деп ойлаймын», – деді ол.
Үстіміздегі жылғы қарашада теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 1 доллар үшін 152,72–154,34 теңге аралығында өзгерген. Айдың соңында теңгенің биржалық бағамы бір айда 0,4 пайызға төмендеп, бір АҚШ доллары үшін 153,68 теңге болған. Сонымен бірге, осы қарашада қосымша сауда-саттықтардағы мәмілелерді қоса алғанда, Қазақстан қор биржасындағы биржалық операциялардың көлемі қазан айымен салыстырғанда 12,3 пайызға ұлғайған. Биржадан тыс валюта нарығында операциялардың көлемі 0,5 пайызға төмендеген. Жалпы алғанда, ішкі валюта нарығындағы операциялардың көлемі биылғы жылдың қазанымен салыстырғанда 8,5 пайызға көтерілген.
2013 жылғы қазан айында орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемі қыркүйек айымен салыстырғанда 3,1 пайызға өскен. Ал теңгемен орналастырылған аталған депозиттер 26,6 пайызға көтеріліп, 130,4 млрд. теңгені құраған. Доллармен орналастырылған депозиттер 15,8 пайызға артса, Ресей рублі және еуромен депозиттер 0,3, 0,2 пайыздарда болған.
Ұлттық банктің банктерден тартқан депозиттерінің көлемі қазан айында қыркүйекпен салыстырғанда өзгермеген. Яғни, 82,5 млрд. теңгені құрап отыр.
Банктердің экономиканы кредиттеуінің жалпы көлемі қазан айында 11040,4 млрд. теңгені құрап, 1,0 пайызға өскен. Ұлттық валютадағы кредиттер 7768,5 млрд. теңгеге дейін, ал шет ел валютасындағы кредиттер 3272,0 млрд. теңгеге дейін ұлғайған. Ұзақ мерзімді кредиттеу 8990,2 млрд. теңге, ал қысқа мерзімді кредиттеу 2050,3 теңгеге дейін болған. Ұзақ мерзімді кредиттеудің үлес салмағы бір айда 81,5-тен 81,4 пайызға төмендеген.
Басқосуда Ұлттық банк төрағасы 20 мың теңгелік валютаны айналымға шығару мәселесіне келгенде оның әлі ертерек екеніне тоқталды. «Бүгінде бізге 200, 500 және 1000 теңгелік купюралар жетіспейді. 5000 және 10000 теңгені айналымнан шығару жұмысын тоқтатпағанда, ол да тапшы болатын еді. Сондықтан қазір біз 200, 500 және 1000 теңгелік купюраларды қосымша шығару бойынша жұмыс жасап жатырмыз», деп атап өтті.
Жиында көптің көкейінде жүрген сауалдардың бірі несиеге пәтер алу жайы да сөз болмай қалмады. Бұл ретте бас банкир қазақстандықтардың тек 5-10 пайызы ғана несиеге пәтер алуға қауқарлы екенін айтты. «Қазіргі күнде елімізде пәтер алуға банктер беретін несиенің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары. Олай болуы да тиіс. Өйткені, бұл қаржы қызметінің халықтың төлем қабілеті жоғары тобына арналған сегмент», деді.
Брифингте Ұлттық банк төрағасы Қ.Келімбетов БАҚ өкілдерінің өзге де бірқатар сұрақтарына жауап берді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».