Жиынға Атырау облысы әкімінің орынбасарлары Қайрат Бекенов пен Бақытгүл Хаменова және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz
«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің тапсырмасына сәйкес, апатты үй тұрғындарына 50 пәтер сатып алу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы қайта жарияланатын болды. Мәселемен әрі қарай Жылыой ауданы әкімдігі тікелей айналысады», деп атап өтті аймақ басшысының орынбасары Бақытгүл Хаменова.
Бүгін Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан бір топ азаматтары осы мәселені көтерген болатын. Олар Жылыой ауданы, Құлсары қаласының №27 апатты үйінің тұрғындары. 1988 жылы салынған бес қабатты №27 үй 2018 жылы апатты жағдайда деп танылған.
Ал тұрғындардың шағымдануына Жылыой аудандық әкімдігіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің хаты себепкер болған. Хатта Жылыой аудандық әкімдігі апатты үй тұрғындары үшін сатып алуды жоспарлап отырған үйлердің бағасы орта есеппен 500-600 мың теңгеге қымбат екендігі жазылған. Сол себепті, аудандық әкімдікке жоғары бағада үй сатып алу процедурасын тоқтату ұсынылған болатын.
Атырау облысы әкімдігі, Жылыой аудандық әкімдігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті және тұрғындармен арада өткен жиын нәтижесімен тұрғын үйлер сатып алу туралы конкурс нарықтағы бағаға сай қайта жарияланатын болды.