• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
24 Желтоқсан, 2013

Жеті жыл бұрынғы жұмбақ жағдайдың жаңғырығы

604 рет
көрсетілді

Жеті жыл бұрынғы жұмбақ өлім жайлы жаңа мәліметтер жария болғалы бері қоғамда Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оққағары Бауыржан Байбосын және жүргізушісі Василий Журавлевтің өліміне қатысты түрлі әңгіме гулеп кетті. Ел ішінде үлкен қоғамдық жаңғырыққа ұласқан бұл «жаңалыққа» алыс-жақын шетел мемлекеттері де құлақ түріп, елең ете қалды.

Жеті жыл бұрынғы жұмбақ өлім жайлы жаңа мәліметтер жария болғалы бері қоғамда Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оққағары Бауыржан Байбосын және жүргізушісі Василий Журавлевтің өліміне қатысты түрлі әңгіме гулеп кетті. Ел ішінде үлкен қоғамдық жаңғырыққа ұласқан бұл «жаңалыққа» алыс-жақын шетел мемлекеттері де құлақ түріп, елең ете қалды.

Өмірінің соңғы жылдары Қазақстандағы оппозиция жетекші­лерінің бірі болған саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі шынымен де Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың қанды жоспары ма? Алтынбектің ажалы Әлиевке қандай пайда алып келді? «Тапсырыс беруші» ретінде 20 жылға бас бостандығынан айырылып, оның жеті жылын өтеген Ержан Өтембаевтың ендігі тағдыры не болмақ? Бұл қанқұйлы оқиғадағы басты кейіпкердің бірі – қылмысты тікелей ұйымдастырушы әрі орындаушы Рустам Ибрагимов ақиқаттың астарын неге жеті жылдан кейін ашып отыр? Себеп-сыры неде? Құпияның кілті кімде? «Ибрагимовтің ауызша және жазбаша берген мойындауы шындыққа сәйкес келеді», деп қорытынды шығарған АҚШ-тың Федералдық Тергеу бюросына қаншалықты сенуге болады? Көпті сеңдей соқтырған сұрақтар осы еді.

Естеріңізде болса, газеттің өткен санында («Алтынбек Сәрсен­байұлын атқызған – Рахат Әлиев», 21 желтоқсан, 2013. №279) осы іске қатысты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жасаған ресми хабарлама туралы мәлімдеген болатынбыз. АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Джон Ордвейдің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко биылғы жылдың 19 желтоқсанында Жоғарғы Сот бұл қылмыстық істі Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қайта қарауға жібергенін хабарлаған болатын. Демек, бұл сот тиісті шешім шығарғаннан кейін Әлиев пен Мұсаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалады деген сөз.

Енді көптің көкейін тескен жоғарыдағы сұрақтарға жауап іздеп көрелік. Ең бірінші БАҚ-тың барлығы басымдық берген АҚШ-тың Федералдық Тергеу бюросы жайлы айтып өтсек. ФТБ (ФБР) кез келген елдің құқық қорғау органдарына ғана емес, алыс ауылдағы еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін жақсы таныс. Іргетасы 1908 жылы қаланған тергеу бюросының кәсібилігіне ешкім күмән келтірмейді, біліктілігіне бек сенеді. Қазақстандық заңгерлер де Рустам Ибрагимовтің арызын сан сүзгіден өткізіп, жалғандық детекторынан өткізген америкалық тергеушілердің қорытындысына шек келтіріп отырған жоқ. Бұл жайында АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Джон Ордвейдің өзі брифинг барысында ойын ашық білдірген еді. Белгілі қоғам қайраткерінің өлімінің ақ-қарасын ажырату барысында АҚШ-тың Федералдық Тергеу бюросы бұл атышулы іске қатысты барлық құжаттарға еркін қол жеткізгенін тілге тиек еткен Дж.Ордвей: «ФТБ қылмыстық істі ешбір кедергісіз, тәуелсіз жүргізді. Барлық куәгерлердің, атап айтқанда, басты куәлар – қылмысты орындаушы Рустам Ибрагимовпен сол кезде тапсырыс беруші ретінде ұсталған Ержан Өтембаевты арнайы полиграфтарда тергеу-тексеру процесі қазақстандық құқық қорғау органдарының қатысуынсыз өткенін де айта кету керек. ФТБ жасаған тергеу іс-шараларының қорытындылары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы ұсынған тұжырым-шешімдермен де сәйкес келді», деді. Алтынбек Сәрсенбайұлының денесі Талғардағы тау етегінен табылғанда, қазақстандық құқық қорғаушылардың бұл іске нақ осы дүниежүзі бойынша іргелі тергеу органына иек артуы да осыдан болса керек. Себебі, ел-жұртты есеңгіретіп тастаған бұл қылмыстық оқиғаның көпке құпия болған қыр-сырын ашу үшін сол кезде-ақ олар АҚШ Федералдық Тергеу бюросының білікті мамандарын шақырған болатын. Ал бюро тергеушілері Рустам Ибрагимовтің сөздерін толық растап отыр.

Келесі көңілді күпті еткен жайт Ержан Өтембаевқа қатысты. «Егер ол Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге нұсқау бермесе, жазасы қаншалықты жеңілдейді?» деген сұрақ ресми хабар таратылысымен-ақ қалың жұртта қылаң берген еді. Алайда, бұл сұраққа да брифинг барысында жанама жауап берілген болатын. Ресми әрі заңды тілде болғандықтан, дүйім жұрттың дені бұған мән бере қоймаған секілді. Себебі, сөз басында-ақ Андрей Кравченко Бас прокуратура, ҰҚК мен ІІМ-нің білікті қызметкерлерінен құрылған арнайы жедел-тергеу тобы бұл істі қайта тексеріп жатқанын мәлімдеп, Ержан Өтембаевқа қатысты бұдан бұрын қаулы етілген үкім ішінара бұзылатындығын да хабарлаған еді. Яғни, 20 жылға кесілген сот үкімі толықтай бұзылмайды. Себебі, алдын ала тергеу барысында Рустам Ибрагимов Ержан Өтембаевтан расымен де Алтынбек Сәрсенбайұлын соққыға жығу туралы тапсырма алғанын бірден мойындаған. Алайда, тапсырма тек жұдырық жұмсап, сабақ берумен ғана шектелген, өлтіру туралы сөз болмаған. «Тәубеге келтірудің» осы тәсілін таңдап алған Өтембаев ұрып-соғу арқылы Алтынбек Сәрсенбайұлында кеткен кегін қайтарып алмақ болған. Өз сөзімен айтсақ, Сәрсенбайұлы оның «жеке басының намысына тиіп кеткен». Сондай-ақ, Өтембаев Сәрсенбайұлына қастандық жасалатыны туралы біле тұра, бұл маңызды ақпаратты құзырлы органдардан жасырып қалғаны үшін де жазадан аттап кете алмайды. Себебі, Рустам Ибрагимов оған бұл «тапсырма» туралы Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың естіп, Өтембаевтың «жұдырық жұмсау туралы өтінішін» «өлтіру керек» деген үкіммен ауыс­тыру туралы ұсыныс тастағанын жасырмай айтып берген. Кейіннен қанды жоспар толығымен орындалып, ол туралы өзіне «есеп берген» кезде де Өтембаев үнсіз қалған. Жаңадан ашылған жайттарға байланысты Ержан Өтембаевқа қатысты кей баптардың өзгертіліп, сәйкесінше, жазасы да ішінара өзгертілетіні анық.

Ал, жеті жыл өткеннен кейін ғана Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына арыз жолдап, болған оқиғаны бүге-шігесіне дейін баяндап, ақиқат-шындығын жайып салған Рустам Ибрагимовтің қылығына келер болсақ, бұл жерде жаңалық ашудың қажеті шамалы сияқты. Себебі, кісі қанын жүктеген қаскөйдің өзі Әлиев пен оның басты сыбайласы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Мұсаевтың қатыгездігін өзгеден жақсы білген. Жалдамалы жендет бұл екеуінің қандай қаныпезерлікке баратынын, барғанын, бара алатынын да әу бастан түсінген. Қазақстандық банкирлер Жолдас Теміралиев пен Айбар Хасеновті, сондай-ақ, «НТК» арнасының тележүргізушісі Анастасия Новикованы асқан жауыздықпен өлтірген адамның ештеңеден тайынбайтынын түйсінген ол ең басты қорғаныш – ақиқатты жасырып қалу деп түйген. Ибрагимов өзі үшін емес, отбасының амандығы үшін жұмбақ өлімді жабулы күйінде қалдырмақ болған.

Бүгінде Әлиевтің Алтынбек Сәрсенбайұлын атқызудағы бас­ты себебі анық болып отыр. Ол – бұл өлімнің астарына саяси мән бергізіп, биліктің халық, ел, дүниежүзі алдындағы абыройын төгу еді. Алтынбектің ажалы Әлиев армандаған мемлекеттік төңкеріс жасау жоспарының бір бөлігі ғана болатын. ФТБ қызметкерлері қазіргі таңда түбегейлі бір тоқтамға келіп отыр: ол – Алтынбекті атқызған Әлиев деген шешім.

Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ,

журналист.

Соңғы жаңалықтар