• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Экономика 09 Ақпан, 2021

«Экспорттық акселерация» қарқын алды

405 рет
көрсетілді

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес биыл 10 сауда экономикалық миссия мен 2 халықаралық көрме (Шанхай (ҚХР), Expo Dubai (БАӘ) өтеді деп жоспарлануда. Оның қорытындысына сәйкес 100 млн АҚШ доллары көлемінде 80 экспорттық келісімшартқа қол қойылады.

Аталған ведомство хабарлағандай, «Экспорттық акселерация» бағдарламасы арқылы 130 жаңа экспорттаушы сыртқы нарыққа шығады. Сонымен қоса Alibaba халықаралық электронды платформасында 50 экспорттаушының өнімдері ұсынылады. Ал KazakhExport арқылы 24,1 млрд теңге сомасына сауда-экспорттық қаржыландыру және 5 млрд теңгеге экспорт алдындағы қаржыландыру ұсынылып, сол секілді экспорттаушыларды сақтандыру тетіктерімен қамту үшін 200 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсау қарастырылып отыр.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, отандық экспорттаушыларды қосылған құны жоғары тауарлар өндірісіне дағдыландыру мақсатында қосылған құны жоғары және жергілікті қамту үлесі бар тауарлардың шығындарын 80%-ға дейін өтеуді көздейтін түзетулер пакеті қабылданды. Шикізаттық емес өнімнің экспортын арттыруға байланысты салалық орган бизнес пен тиісті ведомстволарды жұмылдырып, сыртқы саудада әлеуетті тауарлар мен қызметтердің экспортын жеделдететін жобаны іске қосты. Жүргізілген талдау 2025 жылға қарай тауарлар мен қызметтердің қосымша 16 позициясы бойынша 17,3 млрд доллар кіріс табуға мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр.

Екіншіден, жауапты ведомствоның алдына қойылған міндеттердің бірі – жаңа «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңда қарастырылатын отандық өңделген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді тұтынатын шетелдік сатып алушыларды сауда қаржылық мөлшерлемесімен субсидиялау. Бұдан басқа министрліктің бастамасымен «Қазақстан Республикасының экспорттық-кредиттік агенттігі туралы» заң жобасы дайындалмақ. Бұл өз кезегінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауынан шығуға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау шараларын шоғырландыру есебінен экспорттық порталдың қызметін кеңейтіп, бірыңғай цифрлы терезе – Digital Export-ті құру жоспарлануда. Десе де www.export.gov.kz бірыңғай экспорттық портал базасында мемлекеттік қолдау тетіктерін цифрландыруды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір осы портал арқылы тауар өндірушілер «Экспорттық акселерация» бағдарламасына қатысуға, шығындардың бір бөлігін өтеуге, сондай-ақ өзекті экспорттық сараптама алуға өтінімдер бере алады.

Елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен бастап Сауда министрлігінің базасында экспорттаушыларды қолдау бағытында дағдарысқа қарсы орталық іске қосылып, онда сыртқы нарықтарға тауарларды шығаруға байланысты туындайтын проблемаларды жедел шешуге арналған телеграмм арнаның қызметі қолға алынды. Бүгінде шамамен экспорттаушылардың 700 сауал-өтініштері өңделді.