• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2010

ЫНТЫМАҚСЫЗ ЫРЫС БОЛМАЙДЫ, ЫРЫССЫЗ ЕЛ ОҢБАЙДЫ

599 рет
көрсетілді

Кеше ЕҚЫҰ-ның Іс басын­да­ғы төрағасы, Қазақстан Респуб­ли­касы­ның Мемлекеттік хатшы­сы – Сырт­қы істер министрі Қа­нат Саудабаев Қырғыз Республи­ка­сына барып қайтты. Бұған дейін Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы ретінде өз әлеуетін Қырғызстанның бейбіт дамуына бағыттауға ұмтылатынын айтқан болатын. Қырғызстан астанасы – Біш­кектің “Манас” әуежайына келіп қонған ресми делегация өкілдерінің кортежі атбасын ЕҚЫҰ-ның осындағы офисіне қарай бұрды. Мұнда Іс басындағы төраға ЕҚЫҰ-ның офисі жұ­мысымен танысып, олардың әр түрлі бағдарламаларға қатысты есептерін тыңдады. Осы уақыт аралығындағы бос уақы­ты­мызды пайдаланып, біздер – бұқа­ралық ақпарат құралдары өкілдері Қырғызстанның бұрынғы билігі отырған ғимараттың алдында орын алған қайғылы оқиға салдарымен жақын танысуға мүмкіндік алдық. Мұнда, яғни алаңның әр бұры­шын­дағы қан төгілген жерлерге гүл шоқтары тасталыпты. Ал қоршау­дың оң жақ бұрышына шейіт болғандардың суреттері ілін­ген. Суреттерге қарап отырып, мер­гендердің оғынан құрбан болған­дар­дың дені жастар екеніне көз жет­кізесің. Қала тұрғындары мен сырттан келгендер құрбан болған­дардың рухына тағзым етіп, құран бағыштап жатыр. Гүл шоқтарын қою­шылардың қатары да айтар­лықтай. Мәрмәр тастан жасалған ескерткіш тақтаға “Қырғыз елінің еркіндігі мен жаңа тағдыры үшін құрбан болған азаматтарға мәңгі естелік. 7.04.2010 ж.” деп жазылып­ты. Көшенің қарсы бетіндегі ғимарат тіреулеріне бұрынғы президент Қ.Бакиевтің атына қара бояумен жазылған сөздердің өші­ріліп жатқанының куәсі болдық. Айтпақшы, сапардан қайтар тұста еліміз сыртқы саясат ведом­ствосы баспасөз қызметінің бас­шы­сы Ілияс Омаров Бішкекке жақын маңдағы Маевка елді мекенінде тағы бір қазақстандықтың қаза тапқанын хабарлады. Қаза бол­ған бес адамның санатындағы әлгі азамат 1970 жылы туған Қартан Карибов көрінеді. Ол ми сауы­ты­ның жарақатынан көз жұмыпты. Жалпы, тарап жатқан ақпараттарға жү­гінсек, қаланың әр шетінде ми­тинг өткізушілер уақытша үкіметке жер телімдерін беру туралы талап қойып келеді екен. Өйткені, хал­қы­ның 70 пайызы ауылдық жерлерде тұратын қырғызстандықтар үшін қаржы тапшылығы олардың қалып­ты өмір сүруіне мүмкіндік бер­меу­де. Қалаға ағылған олар нәпақасын айыру үшін қазіргі билікке әр түрлі талаптар қоя бастаған. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қыр­ғыз Республикасы уақытша үкіметінің басшысы Роза Отын­баева­мен осы елдің Сыртқы істер министрлігі қабырғасында кездесті. Бетпе-бет әңгіме барысында Қыр­ғызстандағы орын алған оқиға­лар­дың барысы және одан шығудың жолдары талқыланды. Р.Отынбаева Қырғызстанның бұрынғы прези­ден­ті Қ.Бакиевтің елден кетіп, жағ­дайдың қалыпқа түсуіне қолұшын берген Қазақстан Президенті Н.На­зарбаев­тың атына ризашылығын білдіре келіп, жағдайдың әлі де тұ­рақты емес екендігімен бөлісті. Әсі­ресе оның ушығуына тақтан тай­ды­рылған Бакиевтің жақтастары мен туыстары себепкер болып отыр, деді ол. Бұдан кейінгі кездесу кеңей­тілген құрамда өтіп, оған уақытша үкімет мүшелері мен делегация өкіл­дері де қатысты. Отырыс ба­рысында Қырғызстандағы ішкі жағдай жан-жақты әңгіме өзегіне айналды. Келген мәртебелі деле­га­цияға өңірлердегі орын алған жағ­дай туралы осы елдің ұлттық қауіп­сіздігі мемлекеттік қызметінің бас­шысы міндетін атқарушы Кенеш Душебаев жан-жақты мәлім етті. Қаржы министрінің міндетін атқарушы Темір Сариев болса, ха­лықаралық қаржы институт­тары­мен қарым-қатынастар қалай жү­зеге асып жатқандығына тоқталды. Ал уақытша үкімет басшысының орынбасары Өмірбек Текебаев алдағы өткізілуі жоспарланып отырған референдумға дайындық барысы туралы айтып берді. Осы ретте Қанат Бекмырзаұлы ЕҚЫҰ өзінде бар барлық мүмкін­діктер мен тәжірибелерді қолдана отырып, орын алған оқиғадан кейінгі жағдайды тұрақтандыруға күш салатынын атап көрсетті. Әсі­ресе, көршілес жатқан Қазақстан гуманитарлық көмек қолын созуға дайын. Қазіргі таңда еліміз ай­тылған көмектің мөлшерін анық­тап, өз мүмкіндіктерін саралауда. Мұндай мақсаттағы сапармен Қа­зақстанға Қырғыз Республикасы уақытша үкіметі премьерінің бірінші орынбасары Алмазбек Атам­баевтың арнайы келгені бел­гілі. Әңгіме кезінде ол көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті жанар-жағармай жеткізу, ше­караны бұрынғы қалпына келтіру және мигранттардың еркін қозға­луы туралы мәселелерді көтерген болатын. Бұл мәселелердің оң шешімін табуына қырғыз тарабы ерекше мүдделілік танытып отыр. Өйткені, кездесулер кезінде осы мәселелер жиі көтерілді. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы Қ.Саудабаевтың азаматтық қоғам мүшелерімен және таратыл­ған парламент өкілдерімен кезде­су­лерінде аталған мәселелер бірнеше дүркін айтылып қалып жатты. Мұндағы келтірілген мәліметтерге қарап, жағдайдың әлі де тұрақтана қоймағандығына көз жеткізесің. Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері уақытша үкіметтің жұмысын құқық­тық арнаға бұру қажеттігін айтса, бұрынғы парламентшілер өздерінің қазіргі үкіметтің жұмы­сын заңдастыруға бола ма деген ойларымен бөлісті. Этносаралық және өңіраралық шиеленістердің арта түсуі жағдайды түбірімен ушықтырып отыр. Осы­ған байланысты партия басшы­лары­ның пікірі де әр алуан. Мы­салы, “Ар-намыш” партиясының жетекшісі Феликс Кулов орын алып жатқан бассыздықтарды тоқ­тату үшін қару қолдану қажеттігін алға тартса, “Ақ шұңқар” партия­сының көшбасшысы, уақытша үкімет төрайымының орынбасары, қаржы министрі міндетін атқарушы Темір Сариев барынша шыдам­дылық таныту қажет, дейді. Оның сөзіне қарағанда, бұрынғы билік әдейі өзінің адамдары арқылы қарсылық акциясына шыққандарға қарулар үлестірген. Сондай-ақ бұ­рынғы Үкімет үйінің жертөлесінде көп мөлшерде әр түрлі қару-жарақ түрлері қалдырылған. Қазір бұл қарулардың барлығы қолда жүр. Олардың ертең атылмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан үшінші сектор мүшелері Косо­во­дағы сияқты халықаралық қоғам­дастық тарапынан арнайы сарап­тамалық шешімдердің болғаны жөн деп санайды. Өйткені, тұрғындарды қорғауы тиіс құқық қорғау орган­дары қызметкерлерінің өзі қазіргі кезде уақытша үкіметтен арнайы өкілеттік беруді немесе шабуыл­даушылардан қорғануды сұрап отыр. Өңірлердегі жағдай әлі де ушыққан күйінде қалуда. Бішкектің түбінен жер даулаған азаматтар кейбір арандатушылардың жетегіне еріп кететіні де айтылмай қалмады. Бұндай келеңсіздікті Бакиев жақ­тастары әдейі қолдан жасауда, деп санайды уақытша үкімет мүшелері. Осы ретте Ф.Кулов қазір уақытша үкіметтің жұмысын заңдастыру керектігін алға тартты және Қ.Ба­киевтің қолы қойылған арызына күмәнмен қарайтындардың көптеп табылып жатқанына қынжылыс білдірді. Ол өз кезегінде ЕҚЫҰ арқылы бұрынғы президенттің елден кешірім сұрап, өзінің арыз жазғандығын мәлімдеуі қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ Қанат Саудабаев өзінің әріптесі, уақытша үкіметтің сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Руслан Қазақ­баевпен кездесті. Екеуара әңгіме барысында екі ел арасындағы қа­рым-қаты­настар барысы сөз болды. Сонымен қатар, ұлттық қауіпсіздік мемле­кет­тік қызметінің басшысы міндетін атқарушы К.Душенбаев­пен де кездесу өтіп, онда елдегі қауіп­сіздік барысы әңгіме өзегіне айналды. Сапар соңында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев отандық, шетелдік және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспа­сөз мәслихатын өткізіп, Қырғыз­стандағы барлық саяси партия­лар­ды елдің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, өткір тұрған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге шақырды. Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың, АҚШ Президенті Барак Обаманың, Ресей Президенті Дмитрий Мед­ведевтің бірлескен күшінің, ЕҚЫҰ, БҰҰ және ЕО-ның араағайындық қызметінің арқасында Қ.Бакиевтың елден кеткені де ерекше аталды. Соның нәтижесінде болуы ықтимал азамат соғысына жол берілмеді. Қорыта келгенде, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қырғызстандағы саяси дағ­дарыстан шығуға, оның демокра­тиялық бағытпен дамуына ықпал жасамақ. Мұндай ықпал Қазақстан тарапынан да жасалатыны белгілі болып отыр. Ендігі мәселе – уақыт­ша билік жұмысын заңдық арнаға түсіріп, елдің әлеуметтік-экономика­лық мәселелерін шешу. Егер оған қырғыз ағайындардың өзі қолұшын бермесе, ынтымақ таныт­паса, онда мәселе де оң шешіл­мейтіні анық. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, – Бішкектен.