Облыс жаман тұмаудың жаппай таралуы бойынша әлі де «қызыл» аймақтың шеңберінен шыға алмай тұр. Өңірдегі науқастар саны 11 497 адамға жетті.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусинаның мәлімдеуінше, барлық науқастардың 10 пайызын балалар құрайды. Ал ересектер арасында жаман тұмау негізінен 60 жастан асқан адамдар арасында.
– Үстіміздегі айда COVID-19-дың лабораториялық расталған 533 дерегі тіркелді. Оның 426-сы симптомды, 107-сі симптомсыз түрі. Соңғы аптада коронавирустың 1 342 дерегі анықталды, – деген бас санитарлық дәрігер коронавирус инфекциясының таралуына қатысты статистика күн сайын өзгеріп жатқанын, вирустың таралуы санитарлық-эпидемиялық талаптардың сақталуына байланысты екеніне тоқталды. Мәселен, соңғы тәулікте 168 адамда осы вирус анықталып, өсім 1,5 пайызды құраған.
Пандемия басталғалы облыста 548 оқушыға коронавирус диагнозы қойылған. Оның 205-і штаттық, 343-і қашықтан білім алып жатқан оқушылар. Оқу жылының үшінші тоқсаны басталғанда 296 оқушыда вирус анықталған. Індеттің оқушылар арасында да көптеп тіркелуіне байланысты бүгінгі таңда облыс бойынша 49 мектеп карантинге жабылды. Сонымен қатар мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленетін балалар арасында да індетке шалдыққандар бар. Жаман тұмаудың жаман хабары естілгелі 99 бүлдіршін ауырған. Бұл орайда да облыс орталығы вирустың таралуы бойынша көш бастап тұр. Облысқа «Спутник V» екпесінің 1 300 дозасы әкелінді. Ақпанның 1-інде екпе егу науқаны басталды. Бүгінде медициналық ұйымдардың базасында 24 екпе егу пункті жұмыс істейді.
Ақмола облысы