• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Ақпан, 2021

Базардағы бәтуасыз шаруа

374 рет
көрсетілді

Соңғы тәуліктерде Көкшетау қаласындағы базарларда ахуа­л шиеленісіп барады. Жолың түсіп соға қалсаң, қыстың көзі қырауда қияндағы ауылдан жеткізген еттерін өткізе алмай қапылып тұрған адамдарды көрер едіңіз. Мәселенің мәнісін біз де зерделеп көрдік.

Әкелген етті өткізе алмай тұр­­ған отыздан астам шаруаның айтар уәжі бір арнада тоғысады. Түйіндеп айтқанда, тасымалдауға қатысты талаптардың ақылға қо­нымсыздығы. Негізінде тасы­малдау ережесіне сәйкес ет өнім­дері бақылауға жататын жүк болып есептеледі. Әбден дұрыс. Халықтың дастарқанына баратын өнімнің адал әрі таза болғанына не жетсін. Сондықтан барлық ветеринарлық-санитарлық нормалар сақталуға тиісті. Тек тасымалдау туралы талап қана ауыл адамдарының көңілінен шықпай тұр. Нақтырақ айтсақ, ендігі арада ет таситын көлігіңіз термобудка, яки мұздатқыш орнатылған көлік болуы шарт. Ауылдағы бірер қарамен күн көріп отырған шаруа адамында құны әлденеше миллион тұратын мұндай көліктің болуы мүмкін бе? Бұл тұп-тура алыпсатарлардың жағдайы үшін жасалып отырған талап тәрізді болып көрінеді.

Облыс орталығына жалғыз жақын аудандар ғана емес, іргедегі Солтүстік Қазақстан облысының фер­мерлері де ақадал малдарын әкеліп, бұлдап өткізгілері ке­леді. Енді жол жабылды, тіпті мал­сақ қауымның еңбегінің үс­тінен күн көрді дейтін, ауыл мен қаланың арасын жалғастырып жатқан алыпсатарлар да мына талаптан кейін абдырап қалды. Оларда да жоғарыда айтылғандай қымбат көлік жоқ. Сауданың тоқтауы базарда тұрып ет сататын сатушылардың да жігерін құм қылуда. Екі ортада қиындықты қақаған қыста қызылсыраған қала тұрғындары көруде.

– Міне, ел адамдары ет әке­ліп жатыр, – дейді Қоныс Кө­шімбаев, – әкелген еттің сауда сө­релеріне шығарылмауы, жет­кізген техниканың талапқа сай емес­тігінен болып отыр. Олай болса, ертерек хабарламай ма, ел құ­лақтанбаған соң жүздеген ша­қырым жол жүріп, жеткізген бірер қарасын өткізе алмай әлек. Міне, түс болды, әлі өткізген жоқпыз. Енді мұздатқышы бар көлік сатып алған адам табысқа кенелетін болды. Ешбір ауылда мұндай көлік жоқ. Екі-үш сиыр бағып отырмын, ертең торпағының етін сатамын деп еш адам мұндай техниканы сатып алмайды ғой. Ал осындай талап болса онда базарға жолай алмайсың. Бұрын да осы базарға кіріп ет сату қиын еді, енді жол мүлде кесілді. Талап ақылға қонымсыз болған соң мал бағып, күн көремін деген ұмтылыс азаятын шығар.

Бұл талапқа базардағы кәсіп­кер­лердің өкпесі қара қазандай. Талапқа сай жеткізілген ет тым аз болғандықтан, базар сөрелеріндегі ет жеткіліксіз. Ал аз еттің бағасы көтеріліп кетуі оп-оңай. Есесіне осы бір түйінді сәтті тиімді пайдаланып, барлық етті көтерме бағамен арзанға сатып алып, өзге қалаларға тасып жатқандар да бар.

– Біз шынын айтқанда, бағаны аздап болса да көтеруге мүдделіміз, – дейді кәсіпкер Сәуле Сағитова, – өйткені тұрған орнымыздың ақысын төлеуіміз керек. Ет және ет өнімдерінің құны әлден-ақ көтеріліп келеді. Біз ауылға барып мал сатып алып жатқан жоқпыз. Ауыл адамдарының өздері әкеліп береді. Екі жаққа да тиімді болып келді. Олар тәулік бойы сарылып тоспай, бірден келісім бойынша қаражатын алып, игілігін көреді. Ал біз олардың етін өт­кізіп, өз табысымызды табамыз. Құ­жаттардың бәрі ресімделген, етке арнайы мөр басылған, соның өзін­де жаңа талап қойып, жанал­қымнан алып жатыр.

Кешке дейін табанынан тау­сыл­ған ауыл адамдары ақыры бол­маған соң әкелген еттерін өзге сауда орындарына төмен бағамен өткізіп кетіп жатты. Бұл орайда ветеринарлық инспекцияның өз уәжі бар екен.

– «Орталық базар», «Жі­бек жолы» және «Қамқор» ком­му­налдық базарлары сияқты сауда орындарында монито­ринг жүр­гізіліп жатыр. Біз ауыл ша­руа­шылығы өнімдерін та­сы­мал­дау­дың бірінші кезекте құжатта­ры­ның дұрыстығына ерекше мән бе­ріп отырмыз. Тәртіп бойынша жүк салғышқа тиеп әкелген ет қа­былданбайды.

Бұл арада бір сауал туындай­ды. Бүгінге дейін барлық ет өткізушілер мал өнімдерін өз көліктерімен тасып келді. Осы тәртіп сол кезде неге белгісіз болған. Егер жаңадан қолға алынса, ауыл тұрғындарын әбігерге салмай, неге күні бұрын құлақтандырмаған?.. Ақыр со­ңында қаншама адам әбігерге түсіп, шығынға батты. Жергілікті өнім­ді көрші облыстар сатып алып кетіп жатқанда көкшетаулық тұ­ты­нушылар неге жапа шегуге тиісті?!

Бұл мәселенің шешімі әлі күнге дейін табылмай тұр. Қалайда бір ұтымды жолы белгіленуге тиісті. Қалай болған күнде де ауылдағы малмен күнелтіп отырған малсақ қауымның мүддесі ескерілуі керек. Мал баққан жұрттың алдында талай қиындық бар еді, тұтқиылдан тағы біреуі шығып өзі де екі ойлы болып жүрген елді малынан айырып тастамаса екен.

 

КӨКШЕТАУ