• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Ақпан, 2021

Ақтөбе облысының елді мекендерін ауыз сумен жабдықтау және газ құбырын тарту жұмыстары жалғасады

710 рет
көрсетілді

Биыл  Ақтөбе облысының  10  елді мекеніне ауыз су құбыры, 8 елді мекеніне газ құбыры тартылады. Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалин тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде мәлімдеді деп хабарлайды Egemen.kz.

Өткен жылы орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету бойынша 12 жоба іске асырылса, биыл 5,8 мың тұрғыны бар 10 елді мекенге сапалы су жеткізіледі. Осылайша жыл соңына дейін 900 мың тұрғыны бар өңір халқын  сумен қамту жоспары 96,9%-ға дейін жеткізіледі.

Соңғы жылдары облыс орталығы төңірегінде орналасқан елді мекен тұрғындары жаз кезінде  су тапшылығын сезініп жүр. Бұл мәселеде  жұртшылықтың талап-тілектерін ескере отырып, қала іргесіндегі жерасты су көздері шоғырланған Елек  және Құндақтықыр тоғанын қайта қалпына келтіруді, сондай-ақ Сарыбұлақ пен Моисеев кен орындарындағы жерасты суларын іздеу-барлау жұмыстары жалғаспақшы. Жерасты су көздері бұрғыланып, құбыр тартылса, Ақтөбе қаласының тұрғындарын  алдағы 40 жылға дейін  ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деген болжам жасалынды.

Сондай-ақ өткен жылы 13 елді мекенге газ тартылса, биыл 8 ауыл тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарға енгізілді. Олардың қатарында  Жұрын, Қаракөл, Әлімбет, Құмқұдық, Құтикөл, Ащысай, Қаратаусай, Байтұрасай, Аманкөл, Жарма елді мекендері бар. Қазір ең бірінші кезекте 5 елді мекенге жүргізілетін құбыр жұмыстарына 10 миллиард теңге бөлініп, оның  техникалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Жұмыстар жоспарланған мерзімде іске асырылса, жыл соңына қарай Ақтөбе облысының 315 елді мекенінің 126-сы көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.  Айта кету керек, қазіргі кезде  Ақтөбе облысы аумағындағы  газ құбырларының жалпы ұзындығы 6​ мың 720 шақырымды құрайды.