Қызылорда қаласында коронавирус инфекциясына қарсы егу жұмыстары 1 ақпанда басталып, он күн ішінде 640 адам екпе салдырды. Олардың 617-і медициналық қызметкер, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Облыс бойынша медицина ұйымдарында 154 екпе кабинеті бар. Соның ішінде коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналауға 32 екпе кабинеті мен 12 жылжымалы егу бригадасы дайындалды. Осы кезге дейін вакцина салдырғандар арасында шағым болған жоқ. Денсаулықтары тұрақты бақылауда», деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов.
Облыс бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова «COVID-19» инфекциясына қарсы екпе жұмыстары қаладағы №1, №3, №6 емханалар базасында жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Өңірде бүгінгі күнге дейін коронавирус инфекциясымен 3666 науқас тіркелсе, соңғы тәулікте 9 жағдай анықталып отыр. Олардың 96,5 пайызы емделіп шыққан. Қазір инфекциялық стационарда 30 науқас ем алуда. Оның 3-уі жансақтау бөлімінде жатыр.