Өтпелі кезеңнің өкпек желі талай шағын ауылдардың шаңырағын шайқап кетті. 2019 жылы ғана сегіз ауыл жабылыпты. Соңғы отыз жылда ондаған елді мекеннің жұрты ғана қалды. Осы ауылдардың бәрінде Ұлы Отан соғысында опат болған майдангерлерге қойылған обелискілер бар. Қазір сол обелискілер жел мен күнге тозып, сыры өшіп қалқайып тұр.
Бұрнағы жылы ел ағасы Болат Көшімбаевтың қолқалауымен ақсақалдың туған жері Зеренді ауданына қарасты Жаңатуған ауылына ат ізін салған едік. Көркі көз сүйсіндіретін Үлкен Түктінің етегіндегі ауылдың жайраған жұрты ғана жатыр. Бір кезде осы бір құнарлы топырақты мекендеген бір қауым елдің күн кешкенін айғақтайтын көне жұрт қана. Оң қапталың мен сол қапталыңда қабырғасы ырсиған, мұржасы сорайған, қираған үйлердің үйіндісі. Бұзылудан аман қалғаны ауыл ортасындағы Екінші дүниежүзілік соғыста опат болған жауынгерлердің есімдері жазылған ескерткіш қана екен. Көптен адам аяғы басып, қамқор қолы тимеген соң ескерткіштің маңайын қаулап өскен арамшөп қаптап кетіпті. Кісі бойындай алабота, түйежапырақ, ошаған. Жолаушының қолында құрал-сайман қайдан болсын, жанталасып бәкімен кесіп, қолмен жұлып тазалаған болдық. Ескерткіштің қоршауына сүйеніп тұрған ақсақалдың жанары жасаураған.
– Заманында қырық үйлі Жаңатуған атанған шоқ жұлдыздай шағын ғана ауыл еді, – деген Болат Ахметжанұлы, – тігерге тұяқ қалмаған ақсүйек ашаршылықтан аман өткен, алапат соғыс кезінде еркек кіндіктінің бәрін көгендегендей тізіп қан майданға аттандырғанда, «орнында бар оңалар» демекші, уығы сөгілгенімен, шаңырағы шайқалмаған. Енді, міне, жұрты ғана жатыр. Ата жұртқа ел адамдары 9 мамыр мерекесінде, ораза айтта ат ізін салса салар, басқа уақытта боздақтардың есімдері жазылған қасиетті ескерткіш жетімсіреп тұрғандығы анық. Осы қырық үйден майданға 46 жауынгер аттанған. Оның 29-ы Отан үшін от кешкен ұрыс даласында опат болды, 17-сі аман-есен елге оралды, топырақ туған жерден бұйырды. Кейінгі ұрпақ жазықсыздан жазықсыз шейіт болған, ел қорғаған ерлерді ұмытпауы тиіс. Сондықтан көшкен елдің жұртында қалған, қайран да қайран аталарымыз бен ағаларымыздың ардақты есімдері жазылған ескерткіштерді жапан түзде жалғызсыратып, жетімсіретіп тастап кетуге болмас.
Жаңатуған жалғыз емес, табиғаты тамылжыған Зеренді ауданының Кіші Түктінің ит тұмсығы өтпейтін қалың орманының етегін баса ірге тепкен Крупская, Қызылқайнар, Қарабұлақ ауылдарында екі-үштен ғана отбасы түтін түтетіп отыр екен. Олар да сәтін салған күні ірге көтеруі әбден мүмкін. Сонда ол ауылдардың да қотанындағы ескерткіштер иесіз қалмақ. Облыста мұндай ондаған ауыл бар. Ендігі іс – көптен бері көп көңілінен қағыс қалған иманды шаруаны қолға алу. Мәселен, жұртта қалған ескерткіштердегі жауынмен өшіп кеткен тізімдерді қайта жаңғыртып, түгендеп, аудан немесе селолық округтердің орталықтарына көшірсе. Әйтпесе, бүгінгі күннің сұранысына толық жауап беретін жаңасын салсақ. Қазір небір сапалы құрылыс материалдары жеткілікті. Кешегі Кеңес заманында мұндай обелиск белгілер қаңылтырмен қапталды, жауынгерлердің тізімі көп жерде сырмен жазылды. Арада бірталай уақыт өткен соң қанша сапалы болса да, жазу өше бастады. Сырлы жазу көзден өшкенімен, Отан үшін от кешкен ерлердің есімдері көңілден өшпеуі керек. Бұл ең алдымен ет жүрегі елім деп соққан есіл ерлердің аруағына деген кісілік, кішілік, перзенттік парыз болса, екінші жағынан халық көретін, жас ұрпақ патриоттық тәлім-тәрбие алатын өміршең өнеге.
– Шынында да бұл ескерілмеген шаруа екен. Қан майданда опат болған есіл ерлердің мәйіті майдан даласында қалды. Енді қасиетті есімдері көшкен елдің жұртында уақыт табынан тозған обелискілерде тұр, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, – егер барлығын жинап ел ішінде қайта орнатсақ, үлкен тәрбиелік мәні бар жұмыс болар еді. Меніңше, мұның ешқандай қиындығы жоқ. Сол ауылдардың азаматтары бар ғой. Қай қиырда жүрсе де елдің ерлеріне қатысты иманды шаруаға қолұшын береді деп ойлаймын.
Былтыр Жеңіс мерекесі қарсаңында Біржан сал ауданындағы Сәуле ауылында дәл осындай адамгершілік негіздерге бағытталған оңды оқиға орын алды. Іргесі берік, болашағы бар ауылға жанындағы көшіп кеткен Қойтас ауылындағы ескерткішті әкеліп орнатты. Қазір жаңаша кейіптелген, жанашырлықпен жаңғыртылған ескерткіш сәулеліктердің ғана емес, төңіректегі тәмам елге тәуір мысал болып, еңсесі биік қалпымен өткеннің өнегелі ісін еске салып тұр.
– Бұл арада елмен ақылдасып алған дұрыс болар еді, – дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, – бәлкім көшкен елдің жұртында қалған обелискілерді сол елдегі қорымның жанына орнатқанымыз жөн болар ма еді, әйтеуір, кеудесінде жаны бар мұсылман қауым ата-бабаларының басына Құран оқытуға келеді ғой. Әлде бәрін жинап, аудан орталығындағы көрнекті жерге тұтас бір аллея салуға болар ма екен? Қалай болған күнде де ескерусіз тастауға болмайды. Қазір қалталы азаматтар ел шаруасына белсене араласып жүр ғой. Мысалы, осы Зеренді ауданына қарасты біздің Баратай ауылында белгілі кәсіпкер Асқар Әлиев көп жерде кездесе бермейтін тамаша ескерткіш салып берді. Майдангерлердің бүгінгі ұрпақтары кәсіпкердің осы бір ісіне әбден разы. Ескерткішпен бірге ауылдағы қорымды да мал аяғы баспайтындай етіп тап-тұйнақтай етіп қоршады. Бұл қолынан іс келетін әр адамның азаматтық, адамгершілік парызы. Міне, осындай өнегелі істерді көрген, елге жаны ашитын, жақсылыққа ынтызар әрбір азамат туған жерінің топырағындағы жалпақ жұрт қасиетті санайтын іске қолғабысын тигізсе, дәл бүгінгідей барымызды шашып, жоғалтып жүрмес едік.
Ен далада иесіз қалған көне обелискілер самал жел соққан сайын күңіренетін тәрізді. Бәлкім, кейінгі ұрпақтың елеусіз тастағанына, ескермегеніне назалана ма екен?! Көктем келіп, жер аяғы кеңіген соң төрт көзіміз түгел ақылдасып, осы бір шетін шаруаның қиюын келтірсек. Сонда ел де еңселі, ел үшін жанын қиған ерлердің де аруағы разы.
Ақмола облысы