Жаһандық кеселдің бетін қайтаруда фельдершерлердің еңбегі зор. Себебі адамзаттың өмірі қыл үстінде тұрған шақта алғашқы көмекті көрсететін осы мамандық иелері. Ендеше, дәрігерлерден білімі мен тәжірибесі асып түспесе, кем түспейтін фельдшерлердің бүгінгі ахуалы қалай? Мамандардың қызмет көрсету сапасы – жедел жәрдем көлігінің жылдамдығына байланысты болса, инфрақұрылымды неге дамытпасқа? Осы секілді сұрақтар бүгінге дейін шешімін таппай келеді.
Жедел жәрдемге де жәрдем керек
Дамыған және көршілес елдердің тәжірибесін негізге алсақ, оларда реанимобиль көліктерінің жеделдігі әрдайым алдыңғы қатарда тұрады. Осы орайда өңірдегі алғашқы медициналық көмектердің жай-жапсарын бақылап көрдік. Қостанай облыстық жедел жәрдем көрсету стансасының жоғары санатты фельдшері, кәсіподақ комитетінің төрайымы Ләззат Қыпшақбайқызы жұмыс барысында кездескен келеңсіз оқиғалардың бірсыпырасын айтып берді.
− Жедел жәрдем көлігі жол – көлік оқиғасына түсіп қалғанда дереу шешімін табуға тырысамыз. Біздің жүргізушілерге жол бермей, соғып кеткен жағдайлар да кездесті. Мәселен, ауыр халдегі науқасты ауруханаға жеткізерде, жеңіл көліктің жүргізушілері жол бергісі келмейді. Содан жол көлік оқиғасына тап болып, кейде жедел жәрдем қызыл белгіден өтіп кеткеніміз үшін айыппұл салады. Сиренаны қанша жақсақ та, оны бейнебақылау камерасы дұрыс тіркемейтін кездері болды, − дейді Ләззат Қыпшақбайқызы.
Көршілес Өзбекстанда соңғы 2 жылда шұғыл көмектің уақтылы келмеуінен 48 мыңнан астам адам қайтыс болған. Сондай-ақ 3 жыл ішінде арнайы автокөлік құралдарына жол бермеген жүргізушілерге қатысты 700-ден астам дерек тіркелген. Бұған дейін еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері жол бойында жедел жәрдем көліктерін жібермейді деген мәселені бірнеше рет көтерген-ді. Сондықтан фельдшерлер шақыртуларға кешігіп келеді дегенді алға тартады. Осыған орай ведомство жүргізушілерді жолда сақ болуға және жедел жәрдемге жол беруге шақырады. Озық елдерде жедел жәрдем сиренасын естігенде жүргізушілердің өзін қалай ұстау керектігі туралы арнайы қаулы бекітілген.
«Жедел жәрдем көлігі сиренамен келе жатса да, оны ешкім елеп жатқан жоқ. Мысалы, өзім балалар фельдшері болғандықтан, көбіне тәжірибе барысында денелері құрысып-тырысатын, талмасы ұстап қалатын балаларды жиі кездестіремін. Дәл сондай мезетте балалардың денесі құрысып қалуы бірнеше сағат бойы тоқтамайды. Тек ауруханаға апарып, жансақтау бөліміне жатқызғанда ғана денсаулығы қалыпқа келеді. Сол судоргымпен келе жатқанда бізге жол бермей, адамды әрі-сәрі қылатыны бар», дейді жоғары санатты фельдшер.
Еске сала кетейік, Самара-Шымкент тасжолының Хромтау ауданы мен Аққұдық кенті аумағында жеңіл және жедел жәрдем қызметінің көлігі соқтығысып, ақыр аяғында бір жолаушы ауруханада жан тәсілім етті. Белгілі болғандай, жеңіл көлік жүргізушісі рульге ие бола алмай қалған. Осындай жайттың бірі Павлодар қаласында қайталанды. Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен көлік жол апатына себепші болды. Зардап шеккен медицина мамандары мен науқас ауруханаға жатқызылды. Әрине, бұл жайттан кейін науқастардың дені жазылып шықты.
Қас-қағым сәтте…
Ләззат Қыпшақбайқызы фельдшер мамандығын 1994 жылы тәмамдаған. Еңбек жолын Шымкенттегі қалалық жедел жәрдем стансасында бастап, 7 жылын сарп еткен, одан әрі 13 жылын оқу-ағарту саласындағы мейіргерлік қызметке арнаған. Ал Қостанай облыстық жедел жәрдем стансасында 4 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жоғары санатты фельдшер облыстық жедел жәрдем стансасында жүріп, бірнеше тосын да қызық оқиғаларды бастан кешірген. Солардың бірі 10 айлық баланың үлкен таблетканы жұтып қойған. Фельдшерлер жедел әрекет етіп баланы ауруханаға жеткізген. Қауіпті затты эндоскопиямен алып, содан соң сәбидің беті бері қараған. Аталған оқиға әлеуметтік желілерде тарап, медицина қызметкерлері көпшіліктің құрметіне бөленді.
«2020 жылдың күзінде қауіпті жайт орын алды. Оқиға орнына шұғыл хабармен жеттік. Сөйтіп баланың тыныс алуы тарылып, ентігіп тұрғанын байқадым. Бұл уақытта карантиндік шектеулер де, саябырласа да, жұртта қорқыныш қалып қойған еді. Баланың жүзі сұп-сұр болып, қимыл-қозғалысы одан бетер нашарлап бара жатты. «Мені ішке кіргізіңіз, балаға көмектесейін» десем, әкесі «сен балаға коронавирусқа қарсы екпе салғалы жатырсың. Мен оған жол бермеймін» деп қарсы алдымда қасқайып тұрып алды. Ал жедел жәрдем қызметін егде тартқан анасы шақырған екен. Бір кезде маған дөрекі сөйлеп, қол көтеруге дейін барды. Жүргізушімізді шақырттым. Ол мені дереу сыртқа алып шықты. Өкініштісі, мен әлі де көмек көрсете алмадым. Амалымыз таусылғандықтан, полицияға хабарластық. Полиция өкілдері келісімен, баланың ентігін дәрі егіп қана тоқтаттық. Әрі қарайғы денсаулығын бақылау мақсатында баланы ауруханаға алып келдік. Осы тұста полицейлер шағымданушы ретінде арыз толтыртқызды. Алайда ауруханаға қайта келсем, баланың әкесі ауруханада мас күйінде жүр. Ешқандай шара қолданбағандарына тосырқап қалдым. Тіпті менен кешірім сұраған жоқ. Оған қоса ол облысқа қарасты Наурызым ауданындағы мектепте сабақ береді екен. Соны біле тұра, оның мектеп қабырғасында сабақ беріп жүргеніне қорқынышпен қараймын. Бұл жерде біріншіден баланың, екіншіден менің өміріме айтарлықтай қауіп төнді», дейді фельдшер.
Бұдан бөлек, Ләззат Қыпшақбайқызы жүкті әйелдерді жедел жәрдем көлігінде, жол бойында, сондай-ақ темір жол вокзалында қабылдаған кездері болған. Айта кетерлігі, ол пойыздардың қарама-қарсы бағытта қозғалғанына қарамастан, перрон ортасында егіз баланың дүниеге келуіне септігін тигізген екен.
Фельдшерлер неге тапшы?
Бейдауа кеселді жеңіп шығу үшін әлі де тиісті шаралар қолданылып келеді. Дегенмен, індеттің бірінші толқынында медицина мамандары жетіспейді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жас мамандар тартылды. Бүгінгі таңда Қостанай өңірлік ауруханасы медициналық колледжді бітіріп келген жас мамандармен, оның ішінде фельдшерлермен толықтырылып жатыр. Мысалы, жергілікті ауруханада тәулігіне 2 дәрігерлік, 8 желілік және балалардың 4 желілік бригадасы жұмыс істейді.
Ләззат Қыпшақбайқызының айтуынша, бастапқыда медициналық колледжді бітіріп келген жас мамандарды жалғыз жібермейді. Себебі адамның өмірі бәрінен маңызды болғандықтан, жауапкершіліктің арта түсетіні анық. Осыған байланысты желілік бригадаға екі фельдшер шығады, соған қосалқы фельдшер ретінде жас маманды тәжірибе жинауға жібереді.
Сонымен қатар ол қаулыға сәйкес екі фельдшер болып жүру міндетті екенін тілге тиек етті. Алайда мамандар жетіспегендіктен, бір фельдшерден шығуға тура келетінін айтады.
«Өзім білетін Қостанай қаласындағы медициналық колледжден келетін мамандар теориялық жағынан өте жақсы даярланған. Сөйте тұра, практикалық тұстарын олар тәжірибе барысында толықтырады. Менің ойымша, штат санын көбірек ашып және студенттік топтарды толықтыру керек. Мысалы, фельдшерлік факультетте бір топта 25-30 ғана адам бітіріп шығады. Оның барлығы қалада тұрақтамағандықтан, облыстың әр аймағына жұмысқа орналасады. Осыдан маман тапшылығы болып жатыр», дейді Л.Қыпшақбайқызы.
Жалақы көңіл көншіте ме?
Қала аумағындағы фельдшерлердің айлық табысы біршама жақсы десек те болады. Ал шалғай елді мекендерде айлық тұрақсыз әрі өте аз. Осы тұста айлық табысы аз болғанымен, өз ісіне адал, білімді мамандарды кездестіру қиынның қиыны. Себебі ауылдағы фельдшерлердің арқалаған жүгі өте жауапты. Олар науқасты емханаға жеткізгенге дейін аурудың диагнозын дұрыс қоя білуі тиіс. Дұрыс қойылған диагноздың өзі өлім мен өмірдің ортасында жатқан қаншама тағдырды аман алып қалады. Сонымен қатар жазатайым оқиғалар кезінде дәрігерге дейінгі шұғыл көмекті алғашқылардың бірі болып осы ауылдық фельдшерлер көрсетеді.
Өткен жылы Парламент депутаттары Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында үш жыл ішінде ауылды фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету мәселелерін көтерген еді. Депутаттардың алаңдаушылығын әлі күнге дейін осындай медициналық пункттерге өңірлердің нақты қажеттіліктері туралы деректердің жоқтығы туындатып отыр. Десе де соңғы 3 жылдықта шалғай елді мекендерде барлығы 385 фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар бой көтерген.
Қас-қағым сәтте ауру адамның диагнозын дәлме-дәл қоя білетін, жұмысына адал, білікті фельдшер Ләззат Қыпшақбайқызының кішігірім назы бар екен. Өйткені ол оқу-ағарту саласында мейіргер болып істеген жылдары біраз жылғы біліктік санатымен 50 мың теңге алып келген.
Жұмыс тәжірибесінің жалақыға әсері әр кезеңде түрленіп тұрады. Статистикаға көз жүгіртсек, тәжірибелі мамандардың өзі – 18%-ға, мансабының бірнеше жылында – 5%-ға көбірек алады. Ал жас мамандардың жалақысы 7%-ға кем беріледі.
Елімізде жедел жәрдем фельдшерлерінің басым көпшілігі 165 мың теңгеден алса, кей өңірлерде 115 648 теңгеден, фельдшер-медбикелер – 100 мың теңгеден алса, ал рейс алдындағы тексеру фельдшері 44 515 теңгені місе тұтады.
Сонымен қатар фельдшер мамандығы бойынша Алматы қаласында орташа жалақы деңгейі 175 051 теңгені құрайды. Одан кейінгі орынға Солтүстік Қазақстан мен Атырау облыстары жайғасты. Ал ең көп бос жұмыс орындары − Шығыс Қазақстан (19,2%), екінші орында – Павлодар (17,3%), үшінші орында Атырау облыстары (15,4%) тұрақтады. Әрі қарай Ақтөбе (11,5%), Батыс Қазақстан (9,6%), Солтүстік Қазақстан (7,7%), Қызылорда облыстарын (5,8%), сондай-ақ Алматы (5,8%) мен Нұр-Сұлтан қаласын (3,8%) және Маңғыстау облысын (3,8%) атап өтуге болады. АҚШ-тың Business Insider еңбек статистикасы бюросының мәліметтеріне сәйкес, 2029 жылға қарай медбикелердің жылдық жалақысы 221 900 долларды (қазір жылына 73 300 доллар) құрайды деп болжам жасалған.
Аманат
Қайнаған тіршіліктің ортасында жүріп, орта буынды медицина қызметкерлерінің еңбегі бағаланбай жатады. Қазақстанда 103 нөміріне бір тәулікте мыңдаған қоңырау түседі. Бір күннің өзінде қаншама шақырту алынады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде.
Жақынымыз аяқ астынан ауырғанда ғана жанымыз шырқырап, әр секунд, минутты санап, жедел жәрдемді күтумен тағаты таусылмаған адам кемде-кем шығар. Екі оттың ортасында жүріп, науқастың өмірін фельдшерлерге аманаттаймыз. Осы уақытта диагнозды дұрыс қоя білетін, аман-есен үйіне оралатын адамның тағдыры – фельдшердің жауапкершілігі мен біліміне тәуелді.