Киік мүйізін сатып, заңсыз пайда табуды көздегендер айылын әлі жияр емес. Тепсе темір үзетін 23 жастағы екі жігіт 364 дана киік мүйізімен ұсталды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, криминалдық полиция басқармасы мен балық қорына қылмыстық қол сұғушылықпен күрес бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізген екен.
«Іс-шара кезінде Атырау қаласына таяу орналасқан «Геолог» ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында тұрғын екі көліктің ішінен 364 дана киік мүйізі тәркіленді. «ВАЗ-21014» автокөліктің бірінен 200 дана киік мүйізі мен құқық қорғау органында тіркелмеген қос ұңғылы «ТОЗ-16» маркалы аңшылық мылтығы табылды. Ал, екінші көлікте 164 дана киік мүйізі мен рұқсат құжаттары жоқ 4,5 калибрлі «Байкал МР-512» маркалы қару бары анықталды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Қазір күдік ретінде ұсталған Исатай ауданы мен Атырау қаласының 23 жастағы екі тұрғынына қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 339-бабы, 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды.