Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті. Кезекті отырыста көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық пен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары туралы мәселелер қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин Сырдария өзенінің бүгінгі жағдайын баяндады.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі күні Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне түсіп жатқан су көлемі секундына 550 текше метрді құраса, оның 250 текше метрін Көксарай су реттегіші алуда. Облыс аумағына секундына 280 текше метр су келіп тұр. Өзен арнасында соңғы 7 жылда болмаған жағдай орын алып, мұз Жаңақорған ауданы аумағына дейін ұстасты. Мұздың қалыңдығы солтүстік аудандарда 35-62 см, оңтүстік аудандарда 18-35 см құрап отыр. Соңғы мониторинг жұмыстарды жүргізу барысында жалпы ұзындығы 3 шақырымды құрайтын шұғыл қалпына келтіруді қажет ететін 3 нысан анықталған.
Аймақ басшысы Сырдария өзені жағалауындағы қауіпті нысандарды қалпына келтіру бағытында тиісті сала басшылары мен қала, аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.
«Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері қауіпті учаскелерге бекітілген жауапты мекемелердегі арнайы техникалардың дайындық жағдайында болуын қамтамасыз етіп, Сырдария өзенінің бойындағы әрбір қауіпті учаскелерге бекітілген арнайы техникалары бар жауапты мекемелердің дария бойы кезекшілігін ұйымдастырсын. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті облыс көлемінде су тасқынының алдын алу мақсатында авариялық-құтқару қызметтері мен күш-құралдарының дайындығын үнемі әзірлікте ұстауы қажет. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, жұмылдыру дайындығы басқармасымен бірлесіп, қалпына келтіру жұмыстарын қажет ететін өзен бойы қорғаныс бөгеттерінің жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу үшін бюджеттік комиссия отырысына ұсыныс келтірсін. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына аталған қорғаныс бөгеттеріне шұғыл түрде жөндеу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырамын. Өзен арнасындағы сең кептелісі кезінде қажет болған жағдайда қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, мұз жару жұмыстарын жүргізгені жөн», деді облыс әкімі.
Сондай-ақ «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалына көлдер жүйесіне су алу мақсатында облыс көлеміндегі барлық су таратушы каналдарды әзірлікке келтіруге, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясына Шардара су қоймасынан қыс-көктем айларында Сырдария өзенінің төменгі ағысына түсірілетін су көлемінің бекітілген кестеге сәйкес орындалуын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.
Облыстық комиссия отырысындағы екінші мәселе Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова баяндады.
«Жыл сайын облыс көлемінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 1 жағдайдан 7-8 жағдайға дейін спорадикалық аурушаңдық тіркеледі. Өткен жылы облыс бойынша 12 ықтимал жағдай тіркеліп, оның 9 жағдайы зертханалық жолмен нақтыланды. 2019 жылы 8 науқастың диагнозы зертханалық жолмен нақтыланған болатын. Облыс бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтарын анықтау мақсатында 2020 жылы 239 елді мекен аумағына зоопаразитологиялық зерттеулер жүргізілді, оның ішінде 117-і – қолайсыз елді мекендер», деді Динара Жаңабергенова.
Жиын соңында өңір басшысы қала және аудан әкімдеріне елді мекендердегі тазалық жұмыстарына тікелей жауапты екендерін ескертіп, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне елді мекендердегі механикалық тазалау жұмыстарын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысына кене шағумен түскен ауруларды емдеуге қажетті дәрі-дәрмектердің қоры жеткіліктілігін қамтамасыз етуді жүктеді.