Шымкент қаласында Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан жалпы 18,1 шақырым 7 учаскеден тұрады. Жалпы құны – 36 млрд.теңге.
Шымкент қаласында Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан жалпы 18,1 шақырым 7 учаскеден тұрады. Жалпы құны – 36 млрд.теңге. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс нысанының II III V кезеңдері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс барысын пысықтады.
Құрылыстың 2 - кезеңі бойынша 2021 жылға 5,3 млрд теңге қаралып, бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Нысанның жалпы құны – 5,4 млрд теңге, ұзындығы – 1,7 шақырым.
Құрылыс кезеңдерін бастан-аяқ жаяу жүріп, аралаған шаһар басшысы жауапты азаматтарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
– Бұл – өте маңызды жоба. Жұмыс та ауқымды. Енді жер телімдерін тезірек мемлекет мұқтаждығына қайтарып, ірі техникалардың жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау керек. Құрылыстың қарқынды жүруі үшін әр екі аптада бір рет жұмыс барысын осылай пысықтап отырамын. Стратегиялық маңызды нысанда жұмыс қарқынын күшейтіп, бір күн де жоғалтпауымыз керек, - деді қала әкімі.
Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына жұмысты жеделдету амалдарын ойластырып, бұл бағытта барлық қолайлы жағдай жасауды міндеттеді.
Екінші кезеңде мемлекеттік мұқтаждыққа 89 учаскені алу қажет. Оның ішінде, бүгінде 16-ы қайтарылды. 41 нысан бойынша меншік иелеріне өтемақы ұсынылуда, 32 нысан бағалануда (шамамен 1,7 млрд.теңге).
Айта кетсек, Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы бойынша 2021 жылға 10,3 млрд теңге қарастырылған. Аталған кезеңдерде 360 учаскені мемлекеттік мұқтаждыққа алу қажеттілігі туындауда.