• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елбасы 11 Ақпан, 2021

Елбасы кітапханасында «Кәміл Моллашевтің өнер әлемі» жеке көрмесі ашылды

340 рет
көрсетілді

11 ақпанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының жаңа музейінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі кескіндемеші Кәміл Моллашевтің шығармалар каталогының тұсаукесері және жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

«Бүгін еліміздің белгілі қылқалам шебері Кәмил Моллашевтің жеке көрмесіне келгендеріңізге алғысымды білдіремін. Қазақ бейнелеу өнерінде Кәміл ағамыздың орны бөлек. Оның шығармашылығын елімізде ғана емес, шетелде де жақсы таниды әрі бағалайды. Өйткені Кәміл Моллашев өзіндік қолтаңбасы бар ірі суретшілердің бірі. Оның өнері мен туындылары таңғажайып эстетикалық ғана емес, терең философиялық мазмұн тұрғысынан да ерекше», деп атап өтті көрмені ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын вице-министр Нұрқиса Дәуешов оқып берді:

«Құрметті Кәміл Уәлиханұлы! Сізді Нұр-Сұлтан қаласында  «Кәміл Моллашевтің өнер әлемі»  атты жеке көрмеңіздің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Сізге еліміздің мәдениетіне, соның ішінде көркемсурет өнеріне қалтқысыз қызмет еткеніңіз үшін шын жүректен алғысын білдіреді», деді ол.

Кеш барысында автограф-сессия да жасалды. К.У. Моллашевтің каталогы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен «Астана» халықаралық университетінің қолдауымен басылымға шыққан.

«Кәміл Уәлиханұлы, біздің университетте үш жылға жуық жұмыс істеп, оның профессоры ретінде біздің жұмысымызға шығармашылықтың ерекше лебін әкелгенін айтқым келеді. Оның жасампаздықты жалғастырып, біздің оқу орнында жас таланттарды оқытатыны біз үшін үлкен құрмет. Бұл көрме мен оның катологының жарыққа шығуы автордың шығармашылық кезеңдегі өзіндік есебіндей. Кәміл Уәлиханұлы, сіздің ең керемет картиналарыңыз және ең үздік оқушыларыңыз әлі алда екеніне сенімдімін, деді «Астана» Халықаралық университетінің президенті Серік Ирсалиев.

Іс-шараға Австрия, Беларусь, Нидерланд, Германия, Ресей, Жапония, Үндістан, Чехия, Қырғызстан, Кувейт, Солтүстік Македония, Татарстан елшілері мен басқа да дипломатиялық корпустың өкілдері, галереялар, музейлер мен мәдени орталықтардың басшылары, көрнекті суретшілер, өнертанушылар және өнер қайраткерлері қатысты.

«Кәміл Моллашев – ерекше көзқарасы бар адам, нағыз кескіндеме шебері. Ол өте нәзік салады, сонымен бірге анық әрі шынайы. Оның барлық шығармаларында оның жан-дүниесі сезіледі. Менің ойымша, бұл шебердің картиналарын көргендердің бәрі оның шығармашылығынан ләззат алып, талантына тәнті болады», деп атап өтті Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андре Карстенс.

Көрмеде суретшінің 1974-2017 жылдар аралығында жарық көрген 30-ға жуық жұмысы ұсынылды. Жанр, стиль тұрғысынан саналуан туындылар шебердің дарынын айшықтап, «Кәміл Моллашевтің өнер әлемін» ашты.

 

Көрме 2021 жылдың 27 ақпанына дейін жалғасады