• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Ақпан, 2021

Той сарайынан – ой сарайына

214 рет
көрсетілді

Бұрын «Той сарайы» атты мейрамхана-тұғын. Жанынан өткенде даңғаза музыка, масаң топтың дуылы, асабаның арзан әзілі сыртқа естіліп жататын. Одан кейін жылға жақын қаңырап тұрды. Кеше көрсем...

 

Кеше көрсем, үш қабатты үлкен ғимараттың қас бетіне «Ша­быт» балалар шығармашылық орталығы» деген жазу ілініп қа­лыпты. Қызыл-жасыл киінген, сөмке асынған ұл-қыздар емін-еркін кіріп шығып жүр.

– Бұл ғимарат мейрамхана ретінде 2017 жылы ашыл­ған еді. Былтыр наурыз айында пан­­демияға байланысты бір күнде жұмыс тоқтады. Бір­неше ай жұмыссыз отырдық. Қыз­меткерлеріміз қысқарды. Содан бір күні мемлекеттік порталдан Орал қалалық білім бөлімі балалар шығармашылық орталығы үшін ғимарат іздеп жатқаны туралы ақпаратты көрдім. Сөйтіп, білім бөліміне арнайы барып, байқау шарттарымен таныстым. Біздің ғимараттың техникалық сипаттамасы байқау шартына сәйкес келеді екен. Сөйтіп, ғимаратқа қайта жөндеу жүргізіп, балалар шығармашылығы орталығы үшін қайта жабдықтадық. Бар­лық керек-жарақты, фитнес құралдарын өз қаражатыма сатып алдым. Осылайша, байқауға қатысып, ұтып шықтық. Міне, енді «Шабыт» балалар шығар­машылығы орталығы ретінде қайта ашылып отырмыз. Орал қала­лық білім бөлімімен арада үш жылға келісімшарт жасап, ғимаратты жалға беріп отырмын, – дейді кәсіпкер Нұржан Әбдірах­манов.

Нұржанның тағы бір мейрамханасы бар екен. Ол да әзірге жұмыссыз бос тұр. «Осындай бай­қау тағы да болса, қатысар едім. Әрине, той бизнесіндей бол­маса да, табыссыз емес. Пан­де­миядан зардап шеккен кәсіп­керлерге барынша қолдау білдіріп жатқан жергілікті әкімдік басшыларына рахмет айтамыз», дейді кәсіпкер.

Жалпы аумағы 1723 шаршы метрлік ғимараттың ішінде қазірдің өзінде 20 шақты үйір­ме ашылып үлгеріпті. Олар – «Ша­быт медиа» студиясы, «Жас тілші», «Сөз зергері» үйір­ме­лері, «Волонтерлер акаде­мия­сы», «Көшбасшылар мек­тебі», «Күншуақ» бастауыш сынып оқу­шыларына арналған тіл, би үйірмелері, сонымен қа­тар ин­тел­лектуалдық, спорт бағы­тын­дағы түрлі секциялар. Тіпті асық ату, тоғызқұмалақ, қамшы өру, домбыра сынды ұлттық бояуы аңқыған топтар да кішкентай достарын маңына жинап алған.

– Біз осы үйірмелер арқылы балалардың санасына ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді сіңіріп, сонымен бірге өмірге қажетті дағ­дыларды алуына атсалысамыз. Түрлі акциялар, диалогті кездесулер арқылы ізгі үлгілерді жас ұрпаққа өнеге етуді көздеп отырмыз, – дейді Орал қалалық білім беру бөлімі Мектептен тыс жұмыс орталығы мекемесінің директоры Шаттық Өтебәлиева.

Жаңа орталық Орал қала­сының ең үлкен құрамдас бөлігі – За­чаган кентінде ашылып отыр. Бұл кентте 60 мыңға жуық халық тұрса, оның 13 мыңнан астамы мектеп оқушылары екен.

– Зачаган тұрғындары ба­лалардың мектептен тыс уа­қы­тын тиімді пайдаланып, үлгілі істерге үйрететін осындай орталықты ашуды көптен сұрап жүрген еді. Мұндай ғи­маратты жаңадан салса, көп қаржы және уақыт кетер еді. Өңір кәсіпкерлерінің әлеуметтік жауапкершілігі де көрініп, пандемия қиындығына қарамастан, балаларымызға осындай тамаша тарту жасап отырмыз. Міне, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық тойын балаларды қуантудан бастағанымыз өте жақсы болды. Бұл Мемлекет бас­шысының тікелей тапсырмасымен, облыс әкімінің қолдауымен жасалып отырған жұмыс, – дейді Орал қаласының әкімі Абат Шы­ныбеков.

Қала басшысы жергілікті кәсіпкерлерді осындай мемлекет­тік бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырды. Тек қана білім емес, спорт, медицина, мә­дени демалыс саласында болсын, қызмет көрсетуге жеке кә­­сіпкерлер келсе, мемлекет олар­­ға барынша көмектеседі. «Біз олардың кейбіріне жан басына шаққанда қаржыландыру есе­бінен, кейбіріне мемлекеттік тапсырыс есебінен тиісті қолдау көрсетеміз», деді қала әкімі.

«Шабыт» орталығында қазір­дің өзінде 500-дей бала тіркеліп, түрлі үйірмеге қатыса бас­та­ған. Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханованың айтуынша, үйір­ме саны әлі де көбейеді. Сөй­тіп, бұл жерге келетін ұл-қыз­дар­дың санын 1 мыңға дейін жет­кізу көзделген. Сондай-ақ ата-аналардың сұранысына сәйкес мұнда ақылы үйірмелер де ашылады.

Жоғарыда айтқанымыздай, Зачаган кентінде оқушыларға арналған мұндай орталықтарға сұраныс жоғары. Жаңадан ашыл­ған осы «Шабыт» орталығының айналасында ғана №10, 30, 47, 50 мектептер, №38 мектеп-лицей орналасқан. Сондықтан бұл халық сұранысын толық қанағаттандыра алмайтыны анық. Біз қалалық білім бөлімі басшысынан осындай орталықтарды тағы да ашу жоспары туралы сұрадық.

– Қазіргі кезде қосымша білім беруді жан басына қаржыландыру мәселесі сөз болып, қолданысқа енгізілгелі жатыр. Ондай жағ­дайда осындай ғимарат иелері мем­лекеттік тапсырыс алу үшін байқауларға қатыса алады, – дейді Ақжарқын Мүтиғоллақызы.

Біз жаңа орталықтың жұмысы туралы білім саласының белгілі маманы, педагогика ғылым­дары­ның докторы, Жаһанша Досмұ­хамедұлы атындағы Орал пе­дагогикалық колледжінің ди­рек­­торы, Орал қалалық мәсли­ха­тының депутаты Светлана Бақы­шеваның пікірін сұраған едік.

– Жаңадан ашылған «Шабыт» сарайының орны да, жолы да бөлек. Кезінде той сарайы болып ашылған ғимарат заман ауа­нына қарай ой сарайына айналды. Бұл – кәсіпкер шешімі мен шаһар қажеттілігіне сай қала басшылығының мүддесі тоғысқан жағдайдың көрінісі. Бірақ бұл мәселенің тағы бір жағын айтқым келеді. Қазіргі таңда балалар сарайының ішкі мазмұнына көңіл бөліп, заманауи трендтермен толықтыру керек. Шын мәнінде, балалардың қызығушылығына арналса ғана жасөспірімдердің қуса кетпейтін орталығына айналады. Бұған білім саласының қаржысы ғана емес, демеушілер, кәсіпкерлер қолдауы керек. ХХІ ғасырдың сұранысы, балаларға заманауи дағдылар: арт-дизайн, бағдарламалау, графикалық дизайн, роботтехника, 3D моделдеу, музыкалы кино мен анимация жасау, цифрлы дағдылар, фото, бейнестудиялар, заманауи сән өнері, ұлттық өнерді жа­ңа форматта игеру секілді үйір­ме­лерді көргім келеді, – дей­ді тәжі­рибелі педагог.

Светлана Меңдіғалиқызы Ар­ме­нияның әлемге танымал бола бастаған бренді – балалар мен жасөспірімдерге арналған TUMO креативті технология орталығы туралы айтып өтті. Бұл жоба армян ұлтының кәсіпкерлері бас қосып, оқушылардың дамуына демеуші болуынан басталған екен. Сондай-ақ Германиядағы мектепке дейінгі баладан бас­тап студенттерге дейін ақыл-ой, ізденіс-зерттеу әрекеттерін да­мы­татын өте қарапайым құ­рыл­­­ғылармен жабдықталған ExperiMinta орталығынан да көп нәрсе үйренуге болар еді.

Әрине, білікті маманның пікіріне тиісті орындар, орталық басшылығы көңіл аударар деген ойдамыз. Ең бастысы, қазірдің өзінде құндылықтар өзгеруде – той-томалаққа тыйым салынған пандемия кезінің өзінде де жас ұрпақ тәрбиесінен аянатын еш­теңе жоғы айқын көрініс тапты. Белгілі ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубаева айтқандай, той сарайының ой сарайына айналуы  жаңалықтың жаршысы, жаңа істің басшысы болғай!

 

Батыс Қазақстан облысы