Соңғы кездері білім беру саласында ер мұғалімдердің жетіспеушілігі бала тәрбиесіне кері әсер етті деген мәселе қозғалып жүр. Сонау 1990 жылдардың бас кезіндегі орын алған нарықтық дағдарыс білім беру ордаларына үлкен соққы берді. Мектептерде жас ұрпаққа саналы білім, сапалы тәрбие берумен айналысып жүрген ер азаматтардың басым бөлігі өндіріс орындарына бет бұрды. Осы кезде бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілігі зор жұмысты мойнына алып қалған және бүгінге дейін талай шәкірттің үлкен өмірге араласуына үлес қосқан әйел мұғалімдердің еңбегі ерен.
Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылындағы майталман мұғалім, ұлағатты ұстаз Қаламқас Қалиқызы басқаратын мектеп лицейі білім беру саласында «Үздік ауыл мектебі» ретінде дараланады. 2014 жылы ашылып, бүгінде 1 507 оқушыға білім беріп отырған ауыл мектебінде барлығы 123 мұғалім қызмет етеді.
Сондай-ақ бұл мектеп кадрлық ерекшеліктерімен де назарға ілігуде. Сапалы кадрлары жағынан республикалық мектептерден едәуір айырмашылығы бар. Өйткені аталған ұжымда 30-ға жуық ер мұғалім қызмет етсе, олардың ішінде 2 шебер-педагог, 3 зерттеуші-педагог, 5 сарапшы-педагог, 7 модератор-педагог қызмет сапында. Дені жоғары білімді, бәсекеге қабілетті жастардан тұратын әртүрлі пәндерден сабақ беретін ер ұстаздары бар бұл мектеп қай бәйгеде де жеңіс тұғырынан түспеген.
– Қолынан ерекше іс келетін технология пәнінің ұстазынан бастап, Бакуде өткен халықаралық байрақты бәсекеде алтын тағып, шәкірттері жеңіс шыңынан түспейтін дене тәрбиесі пәні мұғалімі, есепке жүйрік регат-математик, үздік тарихшы ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінінен сабақ беретін ақын, актер, жүргізуші ұстаздар, әнші, жыршы, шахматшы, кәсіпкер, БӘД пәні ұстаздары сынды сегіз қырлы бір сырлы ер ұстаздарымызбен мақтанамыз! Олардың ерекше қарым-қабілеті мен жігерінің арқасында көптеген байқауда бәйгені бермейміз. Бұл осы жалынды жастардың жаңашылдыққа құмарлығының, білімділігінің нәтижесі, – дейді мектеп директоры.
Ақшұқыр мектеп-лицейі 7 жылдың ішінде елеулі жетістіктерге қол жеткізген. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының шешімімен екі дүркін «Үздік ауыл мектебі» аталымы, Маңғыстау облыстық білім басқармасының шешімімен «Үздік олимпиадалық мектеп», екі рет «Үздік ауыл мектебі», Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйғарымымен «Үздік мектеп-лицей», «Орта білім беретін үздік ұйым», «Табиғатпен үндес мектеп», Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған арнайы комиссияның шешімімен «Үздік олимпиадалық ауыл мектебі» аталымымен марапатталды.
– Жоғары білімді мамандар аудан, облыс деңгейінде емес, көбісі республикалық бәйгелерде ат оздырған жүйріктер. Ер азаматтардың ұрпақ тәрбиесіне араласу үшін мектепке оралуын қуанышпен қабылдаймыз, – дейді ауыл мектебінің кадрлары туралы Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Утесбаева.
Шәкіртінің «ағай!» деген үнінен қуат алып, тәуелсіз елдің ертеңгі тізгінұстарларын баулып жүрген ер ұстаздары көп мектеп – көпке де үлгі.
Маңғыстау облысы