«Жолаушылар тасымалы» АҚ клиентке қажетті қозғалыстың бірнеше кезеңнен тұратын оңтайлы маршрутты таңдауға мүмкіндік беретін жаңа «өтпелі» темір жол билеттерін сату қызметінің іске қосылғаны туралы хабарлайды. Қазіргі уақытта құрама маршруттарды рәсімдеу ұлттық тасымалдаушының билет кассаларында ғана мүмкіншілігі бар, алайда алдағы уақытта қызмет онлайн режімінде қолжетімді болады.
– Көбіне жолаушылар билеттерді сатып алу кезінде тікелей бағыттағы маршрутты таңдайды («Нұр-Сұлтан – Алматы», «Ақтау – Алматы» және т.б.), ал қауырт тасымал кезінде межелі жерге дейін билеттерді сатып алу мүмкіндіктеріне ие болмай жатқан шақтары бар. Енді жаңа қызметті енгізу арқылы билет кассирі жолаушыға бір немесе бірнеше пойыз аясында қажетті маршрутты таңдауға көмектесе алады. Бұл ретте темір жол билеттерін рәсімдеу, ауысып отыру пункттерінде келісілген пойыздардың келуі мен жөнелтілуі арасындағы кемінде 1 (бір) сағат айырмасын ескере отырып жүзеге асырылады, – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директорының Маркетинг және сату жөніндегі орынбасары Виктор Бошманн.
– Қажетті орын болмаған жағдайда жолаушы өзінің жүріп-тұруы үшін қандай да бір маршрутты таңдауға құқылы. Мысалы, Нұр-Сұлтаннан Алматыға дейін ол бірінші билетті Қарағандыға дейін, ал екіншісін Қарағандыдан Алматыға дейін ала алады. Мысалы, Нұр-Сұлтаннан Шымкентке дейін ауысып отыру мүмкіндігі болған жағдайда, жолаушы Шу қаласына дейін билет сатып ала алады, ал Шу қаласынан басқа пойызбен Шымкентке бара алады, – деп нақтылады «Нұрлы жол» темір жол вокзалының билет кассасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Алмагүл Ысқақова.
Еске сала кетейік, темір жол билеттерін сату пойыздың жөнелтілуіне 45 тәулік қалғанда ашылып, пойыздың жөнелтілуіне 10 минут қалғанда жабылады. Сондай-ақ балама таңдау мүмкіндігі жоқ жолаушыларға бос орын болмаған жағдайда «Күту парағы» қызметі қолжетімді болады. Былтыр аталған қызметті 65 400 мыңнан астам жолаушы пайдаланған.
Жол жүру құжаттарын (билеттерді) қайтару билеттерді сатып алу тәсілі мен орнына (қолма-қол немесе қолма-қол ақшасыз есеп айырысу) байланысты жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін темір жол көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
Коронавирус пандемиясына байланысты жолаушылардан жол бойында өзімен бірге жеке қорғаныш құралдарын алып жүруді және санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтауды сұраймыз, дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.
«Егемен-ақпарат»